Воскресенье, 3.03.2024

Майра ЖАППАСБАЕВА, медицина және ақпарат салаларының ардагері: «ҚАЙ САЛАДА БОЛСЫН АДАЛ ЕҢБЕК ЕТТІМ»

Көпшілік Майра Жаппасбаеваны еңбек ардагері, қоғам белсендісі ретінде таниды. Бірақ, оның қарапайым болмысы мен қызығатын қырларын білетіндер аз. Сондықтан «Сыр сұхбаттың» бүгінгі алаңына Мәкеңді арнайы шақырып, орамды ойларын тыңдағанды жөн көрдік. Оның үстіне, Майра Сұмағұлқызы биыл 70 жасқа толып отыр.

– Жетпіс жасыңыз құтты болсын!

– Рахмет. Жетпіс деген бір биік шың. «Шыңға жорғалап жылан да шығады, қалықтап қыранда шығады» деген тәмсіл бар. Ең бастысы сол биікке қандай нәтижелермен шыққаныңда ғой…

– Дұрыс айтасыз. Ендеше сол артта қалған сағым жылдарды бір серпілтіп, жеткен жетістіктерді өзіңізбен бірге бір саралап көрейік. Оған қалай қарайсыз?

– Дегенің болсын.

– Ал, онда кеттік. «Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін, жетпіс жаста илеген терідеймін», – депті Шал ақын. Жетпіске келгенде өмірден не түйдіңіз, өнегеңіз қандай?

– Біздің буын екі түрлі қоғамды көрді. Жақсыны да, жаманды да бастан өткерді. Әр нәрсенің парқын түсінді. Менің де осы жетпіс жылда өмірден түйгенім жоқ емес. Бір байқағаным, өмірде не нәрсеге қажеттілік туса, адам соны игеруге барын салады. Мен «Шеңбер» деген шағын ауылда туып, өстім. Сол жерде мектеп бітіріп, қалаға оқуға келгенде орысша білмейтін едім. Ал сабақ тек орыс тілінде ғана жүрді. Қайтсем де орыс тілін үйренуім керек болды. Осыша үйрену үшін жатақхананың орыс қыздар орналасқан бөлмесінен орын алдым. Білмегенімді солардан ымдап сұрасам да үйрендім. Олар менен әбден ығыр болғанда «Ты надолела Жаппасбаева, иди купи нам сигареты» деп мені дүкенге жұмсайтын. Сірә, ауылдың қызы дүкеннен темекі сатып алуға ұялады да, бізден кетіп тынар деп ойлайтын болса керек. Иә, мен дүкеннен елдің көзінше темекі сатып алуға шынында да ұялатынмын. Жұрт аяғының басылуын күтіп тұрып, дүкенде адам жоқ сәтін пайдаланып сатып аламын. Осылайша мен орыс тілін «ақылы» негізде үйрендім десем болады.

Тағы бір көкейге түйгенім, ең алғаш еңбек жолың қандай ортада басталса, адам сол ортаға сай тәрбиеленіп шығады. Егер салиқалы, еңбекті бірінші кезекке қоятын, тәртіпке бағынатын орта болса, сен де соған бейімделесің. Ал, ұры-қары, жемқор, суайттардың ортасына түссең, сенің ендігі жолың сол «даңғылмен» кетеді.

Мен медициналық учелищені бітіргеннен кейін бір жыл шалғайдағы фермадағы фельдшерлік-акушерлік пунктте тәжірибеден өттім. Келер жылы Жезқазғанға, облыстық аурухананың хирургия бөліміне келдім. Үш қыз келдік. Ол кезде хирургия бөлімінің басшысы Еңбек Орынғалиев еді. Марқұм Тәртіпке өте қатал қарайтын кісі болатын. Бірақ әділ еді. «Дәрігер үшін қателесу қылмыс жасаумен тең. Өйткені, сенің қолыңда адам өмірі тұр» дейтін ол кісі. Бір жерден шалыс басып жатсақ жерден алып, жерге салатын. Біз жылаймыз. «Сендер мені көз жастарыңмен қорқытпаңдар» деп ұрсады. Кейде жыламай тұрсақ «Мен сендердің орындарыңда болсам жылар едім» деп тағы ұрсатын. Бірақ, бар білгенін үйретуден жалыққан емес. «Мен үнемі қастарыңда жүрмеймін, сондықтан айтқанымды қалт жібермей қағып алыңдар» деп отыратын. Еңбек ағаның адуынды мінезіне шыдамағандар кетіп қала береді екен. Біз, үш қыз табан аудармадық. Біздің қайсарлығымызға риза болды ма, бізге «Три богатыря» деп ат қойды.

Қысқасы, ең бастысы, еңбексіз құрылған өмір – мағынасыз екенін түсінген абзал. Себебі, адал еңбек ардың тазалығын көрсетеді. Ар тазалығы қоғамда беделіңді өсіреді. Осының парқын ұрпағымның бойына дарытуға тырыстым.

– Адамның көңілінде балалық шақ ұмытылмайды дейді. Соны еске түсірсек. Сіз қандай бала болдыңыз?

– Шынымды айтсам, бұзықтау болдым. Ерке болдым. Үйдің кенжесі болған соң шешем бетімнен қақпаса керек, ер бала сияқты өстім. Ер балалармен төбелесіп келетін кездерім де аз болаған жоқ.

Жалпы біз үш қызбыз. Ең үлкен апам мектеп бітіріп, қалаға оқуға кеткен екен. Сол жақта жоғары білім алып, кітапханашы болып, қалада отбасын құрды. Ол кісі ауылға келгенде «мынау сенің үлкен апаң» дегенге, «Біздің үйде ондай адам жоқ» деп сенбейтінмін. Балалық қой.

Екінші апам да мен алтыншы сынып бітірген жазда мектеп бітіріп, қалаға кетті. Көршілес Аманкелді ауылына тұрмысқа шықты. Сөйтіп үйде шешем екеуміз ғана қалдық. Қыста оқу, жаз шыға колхоздың жұмысына жегілдік. Бүгін ойлап отырсам, менің еңбек жолым он үш жасымда басталған екен. Шөп шабу, қозы қырымы, қой қырқымы сияқты бір-бірімен іркес-тіркес жүретін ауылдың тынымсыз еңбегіне ерте араластым. Содан да шығар ерте ширадым.

Мектепте оқып жүргенде де сыныптастарыма қатал болсам керек, әлі күнге дейін маған «мұңдарын» шағады. «Сенен қорыққанымыздан біз қыз болып жігітпен де қыдыра алмадық» деп отырады. Сөйте, мен ондайды біліп қойсам қыздарды жиналысқа салып, талқылайды екем. Сыныптың старостасы болған соң тәріпке қатал қараған түрім.

Ұлдар да «біз сенің екі, үш кітапты қабаттап ұстап, төбемізден ұратыныңды ұмытқан жоқпыз» деп күледі. Олай дейтіндері сабақтан үлгерімі төмен оқушыларды жақсы оқитындарға қосып қояды. Олардың үлгеріміне біз жауап береміз…

– Сізді елдің көбі ақпарат саласының ардагері деп қана біледі. Еңбек жолыңызды медицина саласынан бастағаныңызды білетіндер аз. Ақ желеңді жан ретінде Гиппократ антын адал орындай алдыңыз ба?

– Жалпы, мен жоғары оқу орнына құрбыларымнан кеш бардым. Шешем марқұм, «сен қалаға кетсең менің намазыма да келе алмайсың. Мен осылай жалғыз отырып өлем ғой» деп жылап, мені қасынан ұзатпады. Сол кездегі ауыл мектебінің директорыбіздің жақын ағамыз Шоқан Оспанбеков деген кісі болатын. Сол кісі шешеме келіп, «Сен өлетіндей болсаң жерлейтін біз бармыз мұнда. Мын баланың бағын байлама. Қалаға барып оқысын», деп жеңгесіне ұрсып, мені оқуға жіберді. Ол кезде Жезқазған қаласы біз үшін үлкен қала болатын. Осы жерде мен медициналық учелищеге «акушер» мамандығы бойынша оқуға түстім. Басында айтқанымдай, сол учелищеде жүріп орысша үйрендім. Сабақ айтып тұрып тілім жетпей қалғанда қазақша жалғастыра беретінмін. Сонда мұғалімдер, «шын оқығысы келетін, білгісі келетін адам осы Жаппасбаевадай болуы керек», деп үлгі етіп отыратын.

Оқуды бітірген соң Аманкелді ауылының «Боздақ» бөлімшесіне ФАП-қа келдім. Жақын жердегі малшыларды атпен араладым. Алыстағыларға трактормен, машинамен барып, уақытылы егіп-емдеу шараларын жасадым.

Бірде мынадай оқиға болды. Мезгіл көктем айы болатын. Шалғайдағы малшының әйелі босанғалы жатыр деген хабар келді. Бөлімшедегі жалғыз жыланбауыр тракторды міне сала малды ауылға тарттық. Біз келгенде келіншектің толғағы әбден пісіп тұр екен. Ойланып жатуға уақыт жоқ. Қолыма «Акушерство» деген кітапты алып, сонда айтылған талаптарға сай қолымды жуып, керек жарақтарымды әзірлеп, іске кірістім. Келіншектің үшінші баласы екен. Сондықтан да көп қиындық тудырмады. Әйтсе де менің ең алғашқы өз бетіммен бала тудыру сәтім болғандықтан қатты қорықтым. Бірақ, намысқа тырыстым.

Бір жыл осылай тәжірибеден өтіп, Жезқазған кентіндегі облыстық аурухананың табалдырығын нық аттадым. Одан кейінгі еңбек жолымды жоғарыда қысқаша болса да айтып өттім ғой. Жалпы, медицина саласындағы 13 жыл еңбегім абыройсыз болған жоқ. Білікті дәрігерлерден көп нәрсе үйрендім.

– Ақпарат айдынына келген журналист Майра қоғамға не берді? Айтарыңызды айтып, жазарыңызды жаза алдыңыз ба?

– Мен өзімді журналист болдым деп айта алмаймын. Бұл салада басшылық қызметте ғана жүрдім ғой. «Айтарыңызды айта алдыңыз ба?» дегенге келсем – айта алдым деп ойлаймын. Өз басым өтірікке, әділетсіздікке, жұмысына жүрдім-бардым қарайтын әдеттерге төзбеймін. Ондайды көрсем, ол мейлі үлкен лауазым иесі болса да айтып тастаймын. Мұнымды көп басшылар ұната қоймады. Бірақ, мен, көзім көріп тұрған нәрсені айналып кете алмаймын. Газетте жүрген кезімде аппараттық жиындарда сондайды айтып, шара қолдануды талап ететінмін. Кемшілікке кеңшілігім жоқ.

– Бойыңызда ақындықтың да ұшқыны бар. «Әу» дейтініңізді де білеміз. Бұл қайдан келген қасиеттер?

– Ақын қайда, мен қайда. Бірақ, қанмен дарыған қасиет бар екенін де жоққа шығармаймын. Ал бұл қасиет маған кіндік әкемнен дарыса керек.

Асылы, қазақ дана ханық. Және айтқандары қалт кетпейді. «Бала кіндігін кескен кісіге тартада» деп жатады сол қазақ. Менің кіндігімді Бақай деген әкеміз кесіпті. Ол кезде біздің үй мен Бақай әкеміздің үйі көрші отырса керек. Шешем толғатып, босанғанда бақай әкеміздің үйіндегі Бибәра шешемізге кіндігін кес десе «ойбай қорқамын» деп азарда безер болса керек. Амал жоқ, Бақай әкем кіндігімді бәкімен кесіпті. Ал, ол кісі жанынан өлең шығарады екен. Мен кейін, адамдардың бетіне қарап отырып өлең шығаратынымды көріп шешем «Бақай әкең де кісінің бетіне қарап отырып өлең шығара беруші еді, жұққан екен» деп отыратын.

Жөргекке орап, жерден көтеріп алған Бибәра шешемнің ине ұстап, іс тігу әдеді маған да дарыпты. Оны да шешем айтады. «О, Алла, ине ұстасыңның өзі Бибәраға қалай аумай тартқан», деп.

Ал енді, өлең айту, домдыра тарту бала жастан бойға сіңген қасиет. Ауылда бір шешеміз мені «Қара торғай» дейтін. Өйткені мен үнемі «Қараторғай» деген әнді айтатын болсам керек. Мектептен шығып үйге келе жатқанымызда ауылдың үлкендері «Әй, Майра, бір әу деп жіберші» десе мен тоқтай қалып әндете жөнелетінмін. Сөйтіп жүріп сырнай тартуды, домбырада ойнауды үйрендім. Ауылдағы домбырасы бар үйге барып, тыңқылдатып жүргенімді көріп шешем домбыра да сатып әпеді.

Бір күні үйге келсем, шешем «Мен саған керемет сыйлық алып қойдым» дейді. Апа ол не? Апа қайда? деп жүгіріп жүрмін. «Бар да жүктін үстіндегі жастықтардың артын қара» деді. Жетіп барып қарасам, артында домбыра жатыр. Мұндай қуанбаспын ба…

– Зейнеткерлікке шықса да бос отырмау керек деп көштен қалғысы келмейтіндер де бар. Бұл бағыттағы ойыңыз қандай? Өзіңіз қазір немен айналысып жүрсіз?

– Әрине, әлі де елге берері, кейінгілерге үйретері бар білікті маман болса, істеген дұрыс. Ал, босқа, қалғып-шұлғып жүрген жақсы емес. Одан да немере бағып, үйде отырғаны пайдалы.

Қазір қоғамдық негізде түрлі жұмыстарға араласып жүрмін. «Аналар кеңесінің» мүшесі ретінде кейінгі жастарға үлгі болатын іс-шараларға қатысамын. Шақырған жерге барып, ақыл кеңесімді айтамын.

– Әділдікті ұстанатын әлеміңізге қанықпыз. Бұл қасиет туа бітті бар ма, әлде жүре келе, өмір тәжірибесі үйретті ме?

– Мен үйдің кенжесі, еркесі болсам да шешем «біреудің ала жібін аттама, ешкімге қиянат жасама, кісінің ақысын жеме, өз ақыңды жіберме, әділ бол» деп үйететін. Ненің жақсы, ненің жаман екенін бала жастан санама құйып өсірді. Сондықтан да болар, жоғарыда айтып өткенімдей әділетсіздікке жаным қас. Өмірден бір тоқығаным, өзің адал болып, ақ жолмен жүрсең, қолың таза, арың ақ болса ештеңеден қаймықпайсың. Өйткені сенің алыңнан еш кедергі шықпайтынына сенімдісің. Жүзің жарқын болады.Ал, жалтақ, жағымпаз жандардың ары да, қолы да таза емес. Сондықтан біреудің кемшілігін тура айта алмайды. Өйткені ол сөзі айналып өзін табуы мүмкін.

– Алқалы жиындарда бой көрсетіп, өзіндік пікір-тілектеріңізді айтасыз. Көбінде көңіліңіз толмай сөз саптайсыз. Неге?

– Бұл үлкен сұрақ. Оған бір сөзбен жауап беру де қиын. Кей жағдайда айналаңда болып жатқан оралымсыздықтар мен оспадарлықтарды көргенде көңілің пәс түседі. Қарның ашады. Абай һакімше «баяғы жартас бір жартас қалпынан өзгермей ме батыр-ау», дейсің. Жаңаша бір серпілістерді көргенде қуанып қаламыз. Қалай дегенде де, жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құруға қам жасап жатырмыз. Бүгінгі толқын сол жолда шынайы жұмыс істер. Қой үстіне бозторғай жұмытқалар заман орнар деген үміт зор.

– Соңғы сауал. Өкінішіңіз бар ма?

– Ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң өкініш те болады. Өзің білесің осындан жиырма үш жыл бұрын ұлым әскерден табытпен оралды ғой. Ол мен әкімдіктің ішкі саясат бөлімін басқаратын кезім. Баламды әскерге жібермей алып қалуға пәрменім жүретін еді. Соны істемегеніме өкінем. Ұлым да жұлқынып тұрды. Әскерге бармай қалуды өзіне кемшілік көрді.

Бірақ, бәрі Алланың ісі ғой, өзі берді, өзі алды. Тек жиырма жыл ғана қызығын көруді жазған екен…

– Алла кейінгілерге ғұмыр берсін, Мәке. Ұзақ жасаңыз!

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

АЛҒЫС АЙТУ адамдықтың белгісі

1 наурыз – елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *