Вторник, 30.04.2024

Дидарғайып

Ол әрдайым жүрісі ширақ, сөзінен жаңылмаған, сергек қалыптатұғын. Үнемі көлік тізгінінде өзі отыратын. Мерекелік жиындарда көлігімен баратын жерімізге жетіп алатынбыз. Жиын-тойда биден ортаны бермейтін. Қызыға да сүйсіне қараушы едік. «Шарайна» газетінің тұрақты оқырманы болды. Келген сайын қолынан базарлығы түспейтін. Әзілдесіп, жарқ-жұрқ етіп, еңсесі тіп-тік қалпында бізге де шуақ сыйлап кететін. Яхия аға сексенге толғанда маған сырын ақтарып, сұхбат берген еді. Сол сыр-сұхбатты арада біраз жыл өткенде оқырман назарына қайта ұсынуды жөн деп таптық. Осы арқылы дарабоздың биік тұлғасы тағы бір көз алдымызға келері анық. Яхия аға, сіз біздің жүрегіміздесіз!
«Білекпен емес, жүрекпен қызмет еттім»
Ақиқаттың жолы қиын, ал, өтіріктің жолы жеңіл. Айналасына, өзіне адал болуды өмірлік ұстанымына айналдырған абзал адамдар қатарында Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия ЖАҚЫПБЕКҰЛЫ бар. Қолынан келгенінше жақсылық жасауға тырысып, атқарған еңбегінің көлеміне қарай өзін жаспын деп есептейтін, осы күнгі бар қуанышын сол жақсылықтардың шарапаты деп біліп, сексенге сергек жеткен мерейтой иесін әңгімеге тартқан едік.
– Денсаулығыңыз қалай?
– Осы жағы жасқа байланысты ғой. Бойға қуат сыймаған баяғы жалынды жастық шақ артта қалды. Ғұмырымның қызықты да елеулі сәттері өтіп кетті. Оның үстіне уақыт та зымырай береді екен. Жетпей жатады.
– Билікте де, қарапайым жұрттың да ортасында жүрдіңіз. Ханмен де, қарамен де араластыңыз. Басшы адамға бірінші ұжым алдындағы ары мен намысы қымбат болса керек. Сіздің жұрт алдындағы арыңыз таза, жүзіңіз жарқын болар…
– Білекпен емес, жүрекпен қызмет еттім. «Арым таза» деп қасқайып тұрып айта аламын. Қызмет бабында сөзден де, істен де жаңылыс кеткен тұстар болуы мүмкін. Адамдың адамдығын, парасат-пайымын, білімін, өмірдегі орнын, ісінен, қарым-қатынасынан аңғаруға болады. Дұрыс сөйлесу, тыңдай білудің өзі керемет жетістікке апарады. Жаратушымыз бақ пен ырысты еңбегіңе қарай беретін сияқты. Ар-намыс бәрінде бар. Бірақ, оның елдік сипаты екінің бірінен табыла бермейді. Тәжірибе көрген-түйгенің арқылы қалыптасады ғой. Мен қазір бұрынғы Яхия емеспін. Өмірімді кері айналдырып, жастығым қайта оралса, бұрынғыдан екі есе артық қызмет жасаған болар едім.
– Пара алған кезіңіз болды ма?
– Қазіргі заманның зобалаңы осы боп тұр. Садық ағам «Адамды ақша, арақ, әйел құртады» деуші еді. 1984 жылы кәсіподақ басшысы етіп сайлаған тұста басымнан өткен бір жәйт есіме түсіп отыр. Жұмыс соңына қарай үш кісі жетіп келіп, қағазға қол қоюымды талап етіп, үстел үстіне бір бума ақшаны қоя салды. «Бери это и подписывай!» демесі бар ма. Алмайтынымды айтып едім, үшеуі үші жақтан жалын күдірейтіп шыға келді. Дереу көмекшім Литвинов пен хатшы қызды шақырып, жылдам кетулерін талап еттім. Кетпеген соң терезеден лақтырып жіберіп, «Ақша үшін фамилямды қаралай алмаймын, құрыңдар!» дедім. Пара алуды, жағдайымды жасауды бірінші орынға қойсам, осы күнгі атақ-абыройымның барлығы баянсыз болар еді. Бұл әдет жұмыс істеу тәсілімді, ұстанымымды, жоспарымды өзгертіп, алға қадам бастырмас еді. Бар білгенім жұмыс болды. Биліктегі адамды пара емес, елге жасаған жақсылығы асырайды. Міндетті түрде алғыспен қайтады.
– Ал, жағымпаздық жасап көрдіңіз бе?
– Жағымпаздықты жек көрем. Көзімше мақтай жөнелсе, бетім дуылдап, не айтарымды білмей қаламын. Өтірікшілермен тіпті жаным қас. Өйткені, өзім жалған сөйлей алмаймын. Елдің құрметін көріп, жаратқанға шүкіршілік етемін.
– Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда, еліміздің бүгінгі беталысы көңіліңізден шыға ма?
– Егемендік алған алғашқы жылдарға қарағанда қазір экономикада біршама өсу бары рас. Ең үлкен мәселе ¬— ауыл халқының жағдайы. Мемлекеттен бөлінген қаражат көп жағдайда ол жаққа жете бермейді. Біреудің қазы-қарта жеп, ұртынан майы ағып отырса, біреулер күнін көре алмай отыр. Адамдардың жоқшылықтан жүйкесі жұқарған. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін халыққа жағдай жасау керек. Бұл туралы айтар болсақ, алысқа кетіп қаламыз.
– Әңгімені өмірбаяндық бағытқа бұрсақ. Қасиетті Ұлытау топырағында туып-өсіпсіз…
– Ұлт ұясы Ұлытауда туғанымды мақтан етемін. Әкем Қасым ғұлама Қаныш Сәтбаевпен қатар жүрген адам. Шешем Айсары текті жердің қызы. Ғалым Өмірхан Байқоңыровтың апасы. Нағашы атамыз Бегел қажылыққа бес рет барған адам. Екеуі де ұзақ жасап, тоқсаннан асып, ұрпағының қызығын көріп барып дүниеден озды. Балалық шағым сарқыраған суға шомылумен, тау етегінде қозы-лақ бағумен өтті. Шағын ауыл болғанымен тұрғындары еңбекқор еді. Титтейімізден қара жұмысқа араластық. Қандай адам болып жетілуіңе себепкер орта болғанымен, бәрібір қан мен тек бірінші рөл ойнайтын көрінеді. Артық ас тапшы кезде бауырларыммен бір табақты айналып отырып тамақ іштік. Жылына бір жаңа киімге қолымыз жетсе, әспеттеп, ұқыптап, қадірін біліп кидік. Бауырмал, көпшіл болып өстік. Тіршілігіміз қоңырқай болғанымен, аш қалмадық.
– Ата-анаңыздың алдында перзенттік парызды өтей алдым деп ойлайсыз ба?
– Әлбетте. Мен кісі қолында өскен адаммын. Екі жасымнан бастап үлкен ағамыз Жақыпбектің жұбайы Ұмытшақ жеңгемнің тәрбиесін көрдім. Ол кісі мен дегенде ішкен асын жерге қоятын, жарықтық. Ауырғанымды, жабырқап жүргенімді сезе қоятын. Әулетке қадірлі адам болды. Даналығымен қоса, есте сақтау қабілеті керемет болатын. Мен он төртке толғанда Ұмытшақ шешем дүниеден озды. Шамамның келгенінше осы кісілердің атына кір жұқтырмай, түзу жолмен жүруге тырыстым. Сенімдерін ақтадым деп ойлаймын.
– Мүмкін энергетик емес, шығармашылық адамы болуыңыз керек пе еді. Бала күніңізде кім боламын деуші едіңіз?
– Шыны керек, аса арманшыл едім. Бар қызықты кітаптан таптым. Дұрыс айтасың, мен журналист болуым керек еді. Өмір бойы қағаз бен қаламға құмар болдым. Алматыдағы Мемлекеттік Политехникалық институтында оқып жүргенімде төр жыл бойы «За инженерные кадры» газетінің редакторы болдым. Ол кезде тиражы үш мыңнан асатын. Кейін «За медь», «Жезқазған жұмысшысы», «Лениншіл жас», «Социалистік Қарағанды» газетінде тілші, фотокорреспондент ретінде түрлі жанрда мақалалар жаздым. Осы күнге дейін ол махаббат өшкен жоқ. Шығармашылық кештерден, кездесулер мен дөңгелек үстелдерден, түрлі жиындардан қалмаймын. Өзімді осы тұрғыда қамшылап, дамытып келемін.
– Жүріп өткен жолыңызды елеп-екшеп, таразылайтындығыңызға күмән жоқ. Өмірге разысыз ба? Өкініш бар ма?
– «Өмірге риза емеспін» деудің өзі үлкен қателік. Бәрі Алланың ісі. Өкінішсіз өмір бола ма? Орны толмас өкінішім, қайғым – бауыр етім балам Индирадан айрылуым, Садық ағамыздың және оның жалғыз ұлының мезгілсіз өлімі. Бұл жара жазыла қоймасы анық. Қан жұтып, жанымды қоярға жер таппай аласұрдым. Құлынымның тірі жүруіне таршылық жасаған қатал тағдырға нала болдым. Біраз уақыт өз өзіме келе алмадым. Өйткені, өмірдегі мақсатымды осы жандармен байланыстырушы едім. Бірақ, сұм тағдырға қарсы тұра алмайсың.
– Бос уақытыңызды поэзияға арнаған адамсыз. Қазір қандай кітап оқып жатқандығыңыз қызықтырады…
– Қазір кітап оқуға уақыт аз. Көбінесе жазамын. Бала кезде май шаммен кітап оқи беруші едік. Үлкендер «көзіңнің майын тауысатын болдың» деп ұрсатын. Осы жасқа дейін оқыдық. Жеке пайым, түсінік қалыптасқан жасқа жеттік. Бірақ, үйреніп қалғанбыз. Арасында М.Шахановтың өлеңдеріне, Қ.Сәтбаевтың еңбектеріне көз жүгіртемін.
– Қазір қандай тақырыпты қаужаудасыз?
– Шежіре жазуды бастағанмын. Сонымен қатар жыр жинағын шығару ойда бар. Садық ағамның еңбектерін жинастырудамын. Біраз ізденуім керек. Бір жерінен қате жіберіп алсам, сонша еңбегім зая кетеді ғой. Жаңа дүниелер көп. Жуырда танысып қаларсыздар.
– Адалдық пен әділдікті ту еткен ерекше сезімнің адамы деп ақындарды айтатын болса керек. Кеш келетін ғашықтыққа сенесіз бе?
– Сенемін. Себебі сезімің сергек болмаса тәуір дүние тумайды. Нәзік жүрек – сезімтал, сезімтал жүрек – сұлулыққа құштар. Сұлулықты жақсы көрген адам ғашық болады.
– Күйбең тірлік қажытқан, дүниенің көлеңке тұстары басым болып кеткен кезде неден жұбаныш табасыз?
– Көп күйзелетін адаммын. Қара басымның қамын ойлағаннан емес. Қара базар мен үйдің арасынан шыға алмай жатқандығымыз, ой-өрісіміз тарылып, күйбең тірліктің жетегінде кеткендігіміз, кейбір азаматтардың ұсақ тірлігі, таяздығы ойлантады. Мұндай сәтте өлеңмен сырласамын. Ұлытаудың биігіне көтеріліп кетемін, болмаса немерелердің күлкісі мен бал қылығын тамашалаймын.
– Үлкен тілегіңіз қандай?
– Еліміздің тыныштығы, бала-шағаның амандығы. Бір данышпан: «Өмір бойы өзім бақытты болу үшін емес, бақытты адамдардың ортасында өмір сүру үшін күрестім», депті. Солай ойлаймын.
Әңгімеңізге көп рахмет. Әрдайым бақытты ортада ғұмыр кешуіңізге тілектеспіз!

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

В Сатпаеве религиозные объединения поддержали экологическую акцию

В рамках недели «Жасыл аймак» представители религиозных объединений города поддержали республиканскую экоакцию «Таза Қазақстан» и …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *