Воскресенье, 28.04.2024

Шетелдік көліктерді жеңілдікпен заңдастыру халықтың әлеуметтік ахуалына оң ықпал етті

Президент Жолдауы: жаңару бағытымен

Бүгінде елімізге шет ел асып келген көліктерді заңдастыру бастамасы нәтижелі жүзеге асуда.  Ел халқының көбі арзан өзге мемлекеттің автокөлігін алып, оны заңдастыруда біраз қиыншылақтарға тап болатын.  Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Қазақстан халқына Жолдауында шетелдік көліктерді заңдастырып, қазақстандықтардың бұл бағыттағы мәселелерін шешуге баса мән берген болатын. Нәтижесінде биылғы жылдың 23 қаңтары мен 1 шілде аралығында шет елден келген көліктерді заңдастырудың тетіктері ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетімен қаралып, қаулы бекітілді.

Қаулы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелмеген шетелдік автомобильдерді заңдастыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Қаулы негізінде 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды утиль алым төлеуден босатудың тәртібі, шарттары мен мерзімдері айқындалды.

Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген, іздеуде жоқ, басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған, кедендік тазартудан өткен болса, яғни осындай талаптарға сәйкес келсе азаматтар көліктерін рәсімдей алды. Қаулыға сай көлік құралдарына бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесі қолданылды.

Шетелдік М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санаттарындағы көлік құралдарына, оның ішінде бастапқы мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының азаматтарында жүзеге асырылатын басқару тетігі оң жақта орналасқан көлік құралдары рәсімделді.

Осы қаулыға сәйкес осы 6 ай ішінде Ұлытау облысында да қыруар шаралар атқарылды. Көліктерді заңдастыру шеңберінде өңірде 731 жүргізуші өз көлігіне мемлекеттік номер алды. 4 мамырда қаулыға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Оның негізінде  елімізге қосалқы бөлшек ретінде әкелінген  автокөліктерді де рәсімдеу жүргізілуде. Қазіргі таңда облысымызда мұндай көліктің саны – 345. Соның ішінде 207 бөлшек ретіндегі көлік заңдастырылды.

Өздеріңізге мәлім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы еліміздің шетелдің көлігін тізгіндеп жүрген көп азаматтың басындағы проблемасын шешуге мүмкіндік берді. Арзан бағада жеткізіп алған көлігін рәсімдеуде басын тауға да тасқа да соққан азаматтарымыздың жеңілдеуіне бір реттік акция көп көмек болды. Міне, науқанның да аяқталуына бір аптадай ғана уақыт қалды. Осы уақыт аралығында көлікті заңдастыруға ниетті азаматтар Жезқазған қаласы Б.Момышұлы көшесінің бойында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарын тапсыруға болады. Бір реттік акция аяқталғанға дейін тіркелген өтініштер толық қаралады. Ал, 1 шілдеден кейін құжаттар қабылданбайды.  Осы орайда айта кеткен жөн болар, заңдастыру барысында Ресей, Қырғызстан, Армения, Грузия сынды мемлекеттерден жеткізілген көліктерге мемлекеттік номер берілді.

Президенттің  пәрменімен жүзеге асырылған бұл науқанның шын мәнінде халықтың әлеуметтік ахуалына оң ықпалы болды. Қазақстанда екі, үш есе қымбат көлікті шет елден арзан бағада  алып, 200 мың теңгеге рәсімдеудің өзі осыған дәлел болмақ. Жаңа Қазақстан қалыптастыру жолындағы мұндай бастамалар өз ретімен жалғаса берсе, халықтың да әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Аманжол Каримов,

Ұлытау облысының полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Ұлытау облысында 18 миллион түп ағаш отырғызу жоспарлануда

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы Қараағаш орманшылығында 2025 жылға дейін 18 миллион түп ағаш отырғызу жоспарлануда. …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *