Вторник, 30.04.2024

Талайға тұтқа болған еді

Ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпаққа аманат ете отырып, «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қанатты сөз қалдырыпты. Аталы сөздің парқын пайымдаған кейінгі буын бұл жолда қара жаяу қалған емес. Туған елдің тұғырын тиянақтауға белсене атсалысып, табандылықты талап ететін еңбек жолында жарқылдаған азаматтардың қатарында Яхия Жақыпбекұлы да болған еді.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия Асатов қасиетті Ұлытаудың ұланы. Кішітау баурайындағы Сәдір ата мекенінде, қазіргі Аманкелді ауылында туып-өсті. Алпысыншы жылдары алғашқы еңбек жолын №51 шахтада қатардағы кенші болып бастап, Жезқазған тау-кен басқармасының жолдамасымен Алматыдағы Мемлекеттік Политехникалық институтында «Тау-кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру» мамандығы бойынша білім алды. Алпыс алтыншы жылдан сексенінші жылдардың ортасына дейін Оңтүстік Жезқазған кенішінде учаске бастығы, бас энергетик болып еңбек етті. Сол уақытта кәсіподақ ұйымына төрағалық етіп, талай адамға шарапаты тиді. Тоқсаныншы жылға дейін Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының бас энергетигінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Қазақстан Түстіметаллургия Министрлігінің «Казэнергоцветмет» басқармасының, Никольский құрылыс тресінің бастығы болған шағында жауапкершілік жүгін мойымай арқалап, талайға тұтқа бола білген азамат өмір мектебінде осылай қалыптасты. Екі мыңыншы жылдан бастап 2019 жылға дейін Электр жабдықтарына сервистік қызмет көрсету басқармасында өнімді еңбек етіп, жас мамандарды жүйелі түрде тәрбиелеп, энергетиктердің бір буынын қалыптастырды.
Көптеген медальдар мен төсбелгілердің, марапат қағаздарының, жүз елуден аса рационализаторлық ұсыныстардың, патенттердің иегері. Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау аймағындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Құрметті еңбек ардагері» болды.
Жан баласына жамандық ойламайтын, тек ізгілікке ынтығып тұратын қамқор әке, аяулы жар, ұлағатты ұстаз, адал дос жүрген ортасында сый мен құрметке ие еді. Бос уақытында өз әлемінің жауһар ойларын жинақтап, жадына жақұт болып құйылған асыл сөздерді қағаз бетіне түсіріп, өлеңмен сырласып, сексенге сергек жетіп, тоқсанға таяп қалған энергетика тарланымен қимай қоштасамыз.
Қош бол ағажан, жатқан жерің жайлы болсын!

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

В Сатпаеве религиозные объединения поддержали экологическую акцию

В рамках недели «Жасыл аймак» представители религиозных объединений города поддержали республиканскую экоакцию «Таза Қазақстан» и …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *