Четверг, 18.04.2024

Президент реформалары халық игілігі үшін

«Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ». 

Осылайша Қазақстан халқына үн қатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз»  деп қадап айтты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауынан кейін қалыптасқан жаңа депутаттық корпус арқасында елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси жаңғыру үдерісі белгілі бір межесіне жетіп, қоғам дамуының жаңа кезеңі басталатынына сенім артты.

Ия, Жаңа Қазақстанда депутаттарға Президент қана емес, тұтастай қазақ елі сенім артып отыр. Осындай ел сенімі деген үлкен жүк иығына түскен, сол саяси додада халықтың қалауымен депутат атанғандардың бірі – менмін. Қазіргі таңда ел сенімін  ақтау үшін, халықтың жанарына ұялмай, тік қарай алу үшін қолымнан келгенді жасауға тырысудамын.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс» болса, бұл талап ең алдымен жергілікті билікке қатысты мәселе. Себебі әр аймақтың, тұрғындардың ахуалына жауапты осы әкімдіктегі басшылар болып табылады. Алайда, олар ел басшысының айтқан талабынан әрдайым шыға бермейді. Содан жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді.  Осындай жағдайды болдырмау үшін халық қалаулылары билік пен жұртшылық арасындағы алтын көпір ретінде өз міндеттерін тиісті деңгейде орындауы керек деп түсінеміз.

Жалпы, Жәйремдегі бес депутат өздері сайланған округтеріндегі барлық әлеуметтік жағдайларын тікелей бақылаушы болып табылады. Биылғы жылға облыстық, қалалық бюджеттерден бөлінген қаржылармен қатар, «Казцинк» компаниясы мен облыстық, қалалық әкімдіктер арасында жасалған меморандум бойынша бөлінетін қаржылардың орын-орнымен және тиісті мақсатқа жұмсалуы да біздің жіті бақылауымызда.

Аллаға шүкір, қазіргі таңда Жәй­ремдегі көп жылдардан бе­рі қордаланған біраз мәселелер­дің сеңі қозғалып, Жәйрем инфра­құрылымы қарқынды дамуда. Мем­лекеттік тапсырыс бойынша кент ішіндегі аялдамалар жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, Сағырбаев көшесіндегі айналма жол абаттандырылып, көзге мен мұндалайтын әдемі домбыра кескіні қойылды. Басты көшелерге гүлдер қойылып, бірқатар орамдардың аулаларына бордюр төселіп, шарбақтар орнатылып, бейнебақылаулар мен бағдаршамдар тексеріліп, ақаулары барлары реттеліп, көше жарықтары түгенделіп,  автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сыртқа орнатылатын трансформаторлы шағын станция жиынтығын, қоқыс контейнерлерін сатып алып орнату жоспарлануда.

Ал «Казцинк» компаниясы мен Жәйрем кенті әкімдігінің арасындағы Меморандум бойынша биыл халықтың көптен сұрап жүрген үлкен проблемасы көп қабатты үйлерді шатырлау жұмысы бүгінгі күні Металлург көшесіндегі 15, 17 үйлерде жүргізілуде. Алдағы жоспарда Мұратбаев көшесіндегі 7 үй тұр. Сонымен қатар, 2 орамда қаңырап бос тұрған үйлердің бірінші қабаттары толықтай кірпішпен қаланып, жабылуда. Ондағы мақсат – кішкентай ойын балаларының қауіпсіздігі мен қоқыс орнының азайып, ішіндегі қалдық заттардың сыртқа шашылуының алдын алу.

Сонымен қатар, 2 орамдағы үйлердің жертөлелері  тазартылып, реттеліп, болашақта тұрғын үй иелерінің бірлестігін (ОСИ) құру жоспарымызда бар.

Жалпы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев реформасындағы басты бағыттардың бірі халықтың әлеуметтік жағдайын түзеу мақсатындағы Жәйрем кентіндегі атқарылып жатқан жұмыстар осындай көрініс береді.  Алда атқарылатын жұмыстар қыруар.

Халық үшін атқарылатын кез келген жұмысты жергілікті билік өкілдерімен және халықпен тығыз байланыста қадағалауымыз керек. Жасыратыны жоқ, тендермен ұтып алған жұмыстарына жүрдім-бардым қарап, қалталарына қаражат түскеннен соң, іздерін де көрсетпей кететін мердігерлер туралы еліміз бойынша дабыл қағуда. Аллаға шүкір, біздің Жәйрем кентінде еңбек ететін мердігерлердің олай халықты алдауларына жол берілмейді деп ойлаймын. Себебі, мердігер атқарған кез келген жұмысты қабылдап алып, берілетін қаражатқа қол қою құқығы берілген мына  біздер – депутаттар өзімізді қалап сайлаған халыққа қарсы әрекетке ешқашан бармайтынымызды білеміз. Сондай-ақ, тендердің көбісін жергілікті азаматтар ұтып алғаны да көңілімізге қуаныш ұялатады. Себебі, кез келген патриот азамат өзінің туған жеріне адал еңбек етеді деп сенеміз. Сол сенімімізді ол мердігер ақтаса деп  ойлаймыз.

Қазіргі таңда, кентімізде өзінің сапалы жұмысымен көзге көрініп жүрген жеке кәсіпкер Жандос Бейсембеков деген азаматты мен мақтанышпен айта аламын. Өзінің туған жеріне деген бар ыстық ықыласын әрбір сапалы қаққан шегесімен білдіріп жүр. Өзіне жүктелген жұмыстармен қатар, өзгенің де жұмысына білек сыбана кірісіп кететін мердігердің ісі көпке үлгі боларлықтай. Алдағы уақытта, аталған азамат жайлы бөлек әңгіме өрбітетін боламыз.

Маусым айында бас қаламызда болған мәслихат депутаттарының форумында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл, әсіресе, мәслихат депутаттарына қатысты. Сіздер – партияның жергілікті жердегі өкілісіздер.  Бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің  мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Не жағдай болса да «AMANAT» қайда?» дейді. Оны өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар. Біз осы сынаққа дайынбыз»  деген еді. Ия, қазіргі таңда халық арасында кез келген проблеманы бізге айтып, жауабын бізден күтетіні, сонымен қатар, «AMANAT» қайда деп, партиямызды іздеуі біздің халық арасында барлығымызды және де халықтың бізге сенім артып, қолдау күтетіндерін білдіреді.

Президентіміздің «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз» деген үндеуі де аяқсыз қалып отырған жоқ. Аталған санаттағы жандарға арнап жергілікті билік тарапынан жасалып жатқан жұмыстардан бөлек, Жәйрем кентінде өзім жетекшілік ететін «Өндірісші волонтерлар» тобы жыл бойы үздіксіз әлеуметтік қолдауға зәру отбасыларға, көп балалы жалғыз басты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты қарттарға көмек қолын созудан жалыққан емес. Биылғы жылы ата-аналарынан айырылған 5 баланың тұруға жарамсыз үйі қала әкімінің араласуымен басқа үйге алмастырылып берілді. 5 жетім балаға жазғы лагерьге жолдама сыйланды. Әрбір атаулы күндері аталған санаттағы жандар сыйлықтарын алып отырады.

Ел басшысының реформасында сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру туралы айтылып, зертханаларды жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау, медициналық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру, жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екендігі, облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс тәрізді бірқатар мәселелер қозғалды.

Біздің кентіміздегі жалғыз аурухана біртіндеп жақсы, білікті, бұрынғы тапшы дәрігерлермен толығуда.  Олардың көтерме жалақыларын мойнына алып, тегін баспанамен қамтамасыз еткен «Казцинк» компаниясы, медициналық құрал-жабдықтарды да сатып әперген.  Ал кент тұрғындарының арасындағы спортсүйер қауымға арналып ашылған Спорт Федерациясы өз жұмысын барынша атқарып отыр. Халыққа арнап тегін ашылған бірнеше спорттық жаттығу залдары бар. Алдағы жоспарда жәйремдіктерге арналып үлкен Денешынықтыру және сауықтыру кешенін салу жоспарда бар.

Реформаның тағы бір бағыты сапалы білім беру болса, бұл бағытта да елімізде атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай.  Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатынын айтқан Елбасы, дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін және оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілетінін және бір реттік ақшалай сыйақы да төленетінін айтты. Сонымен қатар, мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керектігін, себебі, олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиістігін және бұл ретте, ұстаздардың курстан өтуі үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін баса айтты.

Қысқасын айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоспарлаған реформасы барынша жүзеге асырылуда.  Біз де депутаттар корпусы өз үлесімізді барынша қосуға міндеттіміз.

Баршамыз Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды табанды іске асыруға жауаптымыз. Біз халқымыздың сенімін ақтауға тиіспіз және қолайлы жағдайда өмір сүруге сұраған барлық талаптардың орындалуына өз мүмкіндігімізше әрекет етуге міндеттіміз.

Халық ешқашан орындалмайтын нәрсені сұрамайды.

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА, Қаражал  қалалық

 мәслихаттың  депутаты.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Жолдау – ел ертеңінің бастауы

Əр жыл сайын ҚР Президенті Жолдауында өз жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен еліміздің өркендеуіне, жаңғыруына негіз болатын …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *