Понедельник, 3.10.2022

Білектілер мен жүректілер

Дана халқымызда ер жігітке үлкен жүк артылады. «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек» деген нақыл сөз осының дәлелі болса керек. Ал жігіттің сұлтаны мен сырттаны деген атаққа білекті де жүректі, өр тұлғалы, ер намысты, сөзі мірдің оғындай, батырлығы көз сүйсіндірер оғландарымыз ғана тең келеді. Бұл кешегі ел іргесін ат үстінде, найза ұшында жүріп қорғаған батыр бабаларымызға тән қасиет екендігі хақ. Ал, сол серілеріміздің бүгінгі сарқытындай болған қазіргі жігіттердің бойынан осындай асыл қасиеттер табыла ала ма? Бұл сұрақтың жауабын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolasnaq» Жастар одағы ұйымдастырған республикалық «Өндіріс сұлтаны — 2022» байқауынан іздеп көрдік.

Биылғы жылы бұл бәсі басым бәсекенің ауқымы аймақтық деңгеймен шектелмей, республикалық көлемде айшықтала түсті. Себебі, кеншілер мен байытушылардың төл мерекесі қарсаңында өткізілген байқау жастар саясатын насихаттап, өскелең буынды ұлтжандылыққа бағыттап, ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында бастау алған білектілер сайысына Қарағанды, Балқаш қалалары, Шығыс Қазақстан облысының  жүректі жігіттері бекзаттық үлгіде, ұлттық нақышта киініп сақадай сайланып келген екен. Серілердің бойынан бір мін таппадық. Десек те, сайыс барысында қарым-қабілет айқындалып жатты. Алдымен көпшілік алдында ашылу салтанаты орын алып, қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина ізгі лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайдың тасындай сап құраған серілер рет-ретімен таныстырылды. Еліміздің әр түкпірінде орын тепкен өндіріс орындарының намысын ту ғып ұстаған жігіттер «Еңбегімен ер сыйлы», «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Құралайды көзге атқан» кезеңдері бойынша сынға түсті.

– Қанша жерден жаһандану тілінде сайрасақ та  баба дәстүрінен бас тартып, ата салтымыздан ажырасақ ұлт болып оңбайтынымыз айдан анық.  Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылықтардың ізі ешқашан суымауы керек. Ол үшін жастарға арналған шаралардың дені ұлттық дүниеге телініп, салт-дәстүрмен сабақтасып жатса, сонда ғана сөзіміз бен ісіміз бір арнаға тоғысып, толысады, – дейді Жастар одағының төрайымы Луиза Мыңбаева.

Қалың көрермен қайталанбас әдемі әсер сыйлаған шарада қатысушылардың бойынан қазақтың жігітіне тән қайсарлықты да, сал-серілікті де аңғардық.  Жастардың қоғамдағы белсенді ұстанымын қалыптастыруға, өнер, білімдерін көрсету арқылы туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған сайысқа төрағалық еткен қазылар алқасы да көпті көрген жандардан құралды. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік техникасы бөлімі бастығының орынбасары Данияр Хамзин, қалалық мәслихат депутаты Шолпан Жанғаскинова, қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадинат Балтина, «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Еркебұлан Балмұқан, облыстық С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Кенжетай Әбілдаев өзіндік ойымен халқымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне құрмет көрсете білген өрелі жігіттерді анықтауға тырысты.

Өзін-өзі таныстырған үміткерлер, жеті аталарын өлеңмен әрлеп, әнмен әспеттеп, жан-жақтылығын байқатып бақты. Фото-слайд арқылы да ерекшеленді.  Өнерлі жігіттерге қарап «Жігітке жеті өнерде аз» екендігін байқадық. Бірі ән салып, бірі би билесе, бірі көркемсөз оқу шебері екендігін паш етті. Ал, гір тасын көтеруге келгенде қай-қайсы да ерен күштің иесі екендігін көрсетуге тырысты. Садақ атуда мергендер сайыстың көркін қыздырып, көрермендердің қошеметіне бөленіп жатты. «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас жобалау институтының маманы Жалғас Ідріс үшінші, Жезқазған мыс балқыту зауытының металлургі Жоламан Мағзұм екінші, Жезқазған байыту фабрикасының ұнтақтаушысы Қанат Мусин бірінші орынды жеңіп алып, арнайы сыйақы мен дипломға ие болды. Жиырма екі талапкердің арасынан өнерімен, күшімен, білімімен, шапшаңдығымен оза шапқан электр жабдықтарына сервистік қызмет көрсету бойынша энергетика басқармасының электрслесары Батырхан Әбжанов «Өндіріс сұлтаны — 2022» атанып, тұлпар тақымдады. Жеңімпаздың иығына арнайы тапсырыспен тігілген «Өндіріс сұлтаны» шапаны жабылды. Барлық қатысушылар арнайы номинацияларға қоса сыйақы табыс етілді. Осылайша салт-дәстүрлер жаңғырған байқауда жастар бір рухани серпіліп тарқасты.

Бетті баптаған Мейрамгүл САЯЖАН.

Суреттер автордікі.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Жас сарбаздарды әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті

Күзгі әскерге шақырту науқанының басталуына байланысты қаламыздағы «Даңқ» алаңында жас сарбаздарды әскер қатарына шығарып салу …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.