Суббота, 20.04.2024

Өндірістегі өрелі жігіттер

Өндірістегі жігіттер өздерінің өрелі екендігін тағы бір байқатты. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Әділетті жол» ҚБ ұйымдастырған «Кенші сұлтаны — 2022» байқауында шын батырлар сын үстінде танылды.

Қазақтың ұлттық дәстүрін жандандырған, елдің рухын көтеріп, білек күшімен тамсандырған апайтөс азаматтар  қазыналы жердің ғана емес, тарихы қатпарлы өлкенің текті ұлдары екендігін айқын дәлелдеді. Қанымызға сіңген ұлттық спорт пен салт-санамызды жаңғырту мақсатындағы байқаудың іріктеу кезеңіне сайдың тасындай он жігіт өткен екен. Белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктіргендер «Тегімді менің сұрасаң…» кезеңінде өзін таныстырды.  Үміткерлер тек сырт келбеті мен сымбатына иек артып қоймады. Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, ақылын, тапқырлығын сынады. Білімі мен ақылына сүйенген  қатысушылар «Ептілік пен тапқырлық бәсекесі» кезеңінде өндірістегі қауіпсіздік техникасына қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы да ұпай жинады. Кейбірі толыққанды жауап бере алмай мүдіріп жатса, ақыл-ойы, білімділігімен бас игізген жігіттер де табылды. Жауаптардың дұрыс бағытын бағалау «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау бөлімінің бастығы Жантас Әуезовке ұсынылды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» кезеңінде бел арқан тартыс дүйім жұрттың делебесін қоздырды. Шыныққан жігіттер бар күш-жігерін жұмсап, ширыға түсті. Бойындағы ақыл, айла, төзім, қайратын паш етті. «Жігітке жеті өнер де аз» кезеңінде үміткерлер ән салып, актерлік шеберлігін паш етті. Салт-дәстүр мен тарихтан сусындағандығын көрсеткен өнерлі әрі спортқа бейім өндірісшілер аға буынды сүйсіндіріп, жастарды тәнті етті. Ұлттық нақыш пен заманауи талаптар жақсы үйлесім тапқандықтан, жігіт төресін анықтайтын бұл байқау қалың көрерменді еліктіріп әкетті.

– Қазақ халқы тәрбиеге аса қатты мән берген. Ұл баланы «Азамат», «Елдің қорғаны» деп бағалап, ерекше сенім артқан. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен қасіретті шақта ел намысын ерлер қорғаған. «Жігітке жеті өнер де аз» деген қазақ атамыз. Өнер, білім тек қатерлі күндерде ғана емес, бейбіт күнде де, жақсылықтарда да қажет екені белгілі. Әр қазақ өз перзентін түрлі өнерге баулыған. Олар шетінен әнші, ақын,балуан, етікші, аңшы, мерген болған. Қай заманда болмасын қазақ жігітерінің мерейі үстем, беделі асқақ. «Сегіз қырлы, бір сырлы» сөзінің тәрбиелік мәні үлкен. Қанша өнерің, қанша жақсы қасиетің болса да арлы бол, адамгершілігің биік болсын дегенге саяды. Біз кеншілердің бойынан осындай ізгі, жақсы қасиеттерді көп көргіміз келеді. Міне, біздің мақсатымыз осы құндылықтарды жоғалтпау, жастар арасында насихаттау. Өндірісшілердің рухын көтеру, олардың намысты ерлер екендігін таныту, – деген «Әділетті жол» ҚБ төрағасы Асылбек Қойлыбай Ұлытау облысында бірінші рет өткізіліп отырған байқаудың жалғасын таба беретіндігін жеткізді.

Додалы бәсекеге кенші-ақын Мұса Тілеуов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау бөлімінің бастығы Жантас Әуезов, Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік және еңбек қатынастары басқармасы еңбек қатынастары бөлімінің бастығы Еркебұлан Әлімбет, «Даму» дизайн студиясының директоры Шолпан Жанғаскинова, «Әділетті жол» ҚБ төрағасының орынбасары Динара Шумаева қазылық етіп, әділ бағасын берді. Байқау қорытындысы бойынша дүниетанымы мол, білімді, қиялы жүйрік, жоғары мәдениетті, ақыл парасаты толыққан Шығыс Жезқазған кеніші «Анненск» шахтасының бұрғылаушысы Нұрқанат Әбдіжаппар «Өнерпаз сұлтан», Ғ.Омаров атындағы ЖШПТ машинисі Ақылбек Бекбауов «Төре сұлтан», «Жыланды» кенішінің тау-кен маманы Мұхаммед Жәркенов «Рухты сұлтан», Қарсақбай металлургиялық комбинатының электрслесары Ақтөре Қайрат «Сері сұлтан», «Жыланды» кенішінің конвейер машинисі Аманғали Сламбек «Көрермен көзайымы», «Жомарт» кеншінің электрслесары Нұрболат Сәтбаев «Жалынды сұлтан» номинацияларына ие болды. Шешуші сәтте жүлделі үшінші орынға энергетика басқармасының электрслесары Батырхан Әбжанов үшінші, «Батыс» кеніші №67 шахтасының тау-кен шебері Жұмабай Исахан екінші, Оңтүстік Жезқазған кеніші №65 шахтасының проходшысы Жандос Момбек бірінші орынды еншіледі. Тұлпарлар мен сұңқарлардың соңынан ерген асылдың сынығы екендігін айқын дәлелдеген  Шығыс Жезқазған кеніші №57 шахта машинисі Бейбіт Әбдіқадыр бас жүлдені жеңіп алып, «Кенші сұлтаны — 2022» атанды. Иығына сұлтан шапаны жабылған жеңімпазға 250 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталды. Қатысушылардың барлығы арнайы дипломдармен, қомақты сыйақымен марапатталды.

Дүниеге келген әр адамның адами парызымен бірге, заманына сай ерекше мүмкіншілігі, міндет-мақсаты болады. Сол заманның берген мүмкін­дігін толық пайдалану арқылы, мақсатына өз дәре­жесінде жеткен адам ғана өмірден өз орнын табады. Ел алдындағы перзенттік борышын өтейді. Міне, біздің кеншілер осындай азаматтар қатарында.

 

Мейрамгүл САЯЖАН.

Суреттер автордікі.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Копии домбры Каныша Сатпаева презентованы в Жезказгане

Два инструмента станут частью тематических экспозиций двух городских музеев – историко-археологического и производственного музея корпорации …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *