Понедельник, 9.12.2024

Аманжол КӘРІМОВ, әкімшілік полиция басқармасының бастығы: «ЗАҢДАСТЫРУ БАСТАЛАДЫ»

Көлік жүргізушілердің көптен бері бас ауруына айналған шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру мәселесіның түйіні ақыры тарқатылатын болды. Жоғарыдан түскен пәрмен бойынша заңдастыру шарасы 23-қаңтарда басталды. Ал, ол қалай жүргізіледі? Оған қандай құжаттар қажет және қай жерге бару керек? Осы және аталмыш шараға қатысты өзге де сауалдарды біз облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Аманжол Кәрімовке қойған едік.

 Аманжол Бақытжанұлы, Ұлытау облысы бойынша шет елден келген қанша көлік жүр? Әңгімемізді осы сауалдан бастайықшы.

– Бұл өте күрделі сұрақ. Өйткені оны қазір дәл басып айту қиын. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде ел аумағында заңдастыру тізіміне іліккен 300 мыңнан астам  автокөлік жүр. Ал біздің облыста мұндай көліктердің саны қазіргі есеп бойыншы 3 мыңдай деп отырмыз.

– Көліктердің санын неліктен болжай алмай отырсыздар?

– Оның бірнеше себептері бар. Өңіріміге кірген көліктердің кейбірі Ресейдің, болмаса өзге де елдердің тіркеуінен шығарылмаған болуы мүмкін. Тіпті еш жерде тіркеуде тұрмаған көліктерде бар. Мысалы, Жапониядан бөлшектеп әкілінген көліктер Ресейде қайтадан құрастырылып, жалған нөмір, жалған куәлікпен сатылады. Ал, мұндай көліктерді біз де біле алмаймыз. Өйткені олар еш жердің тіркеу орындарында жоқ. Сан да бар да санатта жоқ болып отыр.

– Қазіргі есептеріңіз бойынша қай елден келген көліктердің үлес салмағы басым.

– Бірінші орында Ресейден келген көліктер тұр. Одан кейін шетелдік көліктердің 10 проценттейі армениядан келгендердің үлесінде. Біз бұған дейін де осы елден келген көліктерді уақытша заңдастырып, сары нөмір берген едік…

– Хоош. Ал енді сол санатта барларын рәсімдеу қалай жүргізіледі?

– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылға Жолдауында шет елдерден көліктерді біржолғы рәсімдеуден өткізу туралы арнайы тапсрма берген болатын. Соған орай елімізде үлкен жұмыстар қолға алынды. Ең әуелі мүмкіндігінше көліктердің саны анықталды. Көлік құралдары әкелінген елдердегі әріптестерімізбен көліктердің санаттарын анықтау жайлы келісім жасалды. Яғни, көлік ұрланбаған ба, заңды түрде тіркелген, болмаса тіркеуден шығарылған ба соны анықтап беретін болды. Осындай дайындық жұмыстарының өзі біраз уақыт алды. Ақыры Ішкі істер министрлігінің қаулысы шықты. Онда шет елдерден әкелінген көліктерді біржолғы заңдастыру жұмыстары 23 қаңтарда басталсын делінген. Тәртіп бойынша қауылы он күн ішінде күшіне енуі керек. Ал, аталмыш құжатқа 10 қаңтарда қол қойылды.

– Сонымен, сең қозғалды деп айта аламыз ғой?

– Әрине.

– Жалпы, заңдастыруға қандай көлік түрлері жатады, қандай көлік түрлері жатпайды? Ол жайлы айта аламыз ба?

– Негізінен, елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктердің бәрі заңдастырылады. Тек мына мәселелерді ескеру қажет. Біріншіден, көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек. Екіншіден, ол іздеуде болмауы тиіс. Үшіншіден, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Соңғысы – кедендік тексеруден өтуі керек.

– Көліктердің жылы жаңа және евро-4 стандартына сәйкес келуі керек деген де алыпқашпа әңгімелер бар? Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?

– Тіркелетін шетелдік автокөліктерге «жасына» және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды.

Бірақ, көлік құралдарына ресми құжаттары жоқ автоконструкторлардың болып келген көліктер де бар екені мәлім. Аталған автомобильдер Қазақстанға қосалқы бөлшектер түрінде әкелінген, кедендік тазартудан өтпеген. Әдетте, оларды бөлшек­ теп сату үшін әкеледі. Екіншіден, осындай автомобильдер Қазақстанда көршілес мемлекеттерде берілген жалған техпаспорттар мен жалған мемлекеттік нөмірлер бойынша пайдаланылады. Мұндай автомобильдер заңдастырылмайды. Нәтижесінде олар Қазақстаннан тыс жерге шығарылып немесе бөлшектеп сатылуы қажет.

– Басқа елде тіркелген автокөлікті есептен шығару қажет дедіңіз. Азаматтар автокөліктің есептен шығарылғаны жөнінде қалай біле алады?

– Иә, заңдастыру үшін автокөлікті міндетті түрде есептен шығару қажет. Біз оны есептен шығарғаннан кейін ғана Қазақстанда тіркеуге қоя аламыз. Бұл – кәдімгі рәсім. Ел ішіндегі автокөліктерді де алып сату кезінде тіркеуден шығарып, сатып алушының атына тіркеуге қойылады. Бұл автокөліктердің тіркеуде тұрғаны не болмаса сол тіркеуден шыққаны туралы ақпаратты білу үшін Қазақстан азаматтарына осы көлік тіркеуде тұрған елге барудың қажеті жоқ. Көп жағдайда сатушылар үшін ол автокөліктердің өз атында тіркеуде болуы тиімсіз. Себебі, сатылып кеткен автокөлік өз атында тіркеуде тұратын болса, ол кісілер салық төлеуге мәжбүр. Осыған байланысты әдетте, бұрынғы иелері автомобиль сатылғаннан кейін өздері өтініш беріп, көлікті есептен шығарады. Осы автокөліктерді тіркеуден шығу фактілерін бүгінгі күнде қашықтан тексеруге техникалық мүмкіндігіміз бар. Кейбір жағдайларда автокөліктерді тіркеуден шығару үшін арнайы сұраулар жіберуге де болады.

Айта кету керек, автокөліктердің басқа елдегі тіркеуден шығуы өте маңызды. Өйткені, басқа елде тұрған сол автокөліктерде әртүрлі шектеулер болуы мүмкін. Егер біз оны шетелдік тіркеуден шығармай, Қазақстанда тіркеуге қоятын болсақ, құқықтық мәселелер туындауы ықтимал

– Кедендік тазалау дегенді айтып қалдыңыз. Қандай көліктер кедендік тазартудан өтуі керек?

– Кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобильдер өтуі тиіс. Бұл жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын әдеттегі процедура. Мысалы, біз АҚШ-тан немесе Біріккен Араб Әмірліктерінен автомобильдерді әкелген кезде міндетті түрде кедендік тазарту жүргіземіз. Бүгінгі күні бұл мәселені кедендік бекеттердегі мамандардың күшімен, көмегімен атқарамыз деп отырмыз.

– Көліктерді заңдастыру ісі Ұлытау облысы бойынша қай жерде жүргізіледі деп отырсыздар?

– Жезқазған қаласындағы бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталығынан арнайы орын жабдықталды. Оған полиция бөлімінен арнайы мамандар тартылды. Оргтехникалар бөлінді. 23-қаңтар күні біз халықты сол жерде күтеміз.

Негізі, заңдастыруға өтінішті «Электронды үкімет» порталы немесе арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке жүгіну арқылы беруге болады. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралы арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады

– Көлік иелері қандай құжаттар ұсынуы керек?

– Көлік сатып алғанда қолдарында қандай құжаттар болды, соның бәрі әкеледі. Мамандар солардың бәрін арнайы орындар арқылы тексеріп, саралайды, сараптайды. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді. Екі күнге дейінгі мерзімде салыстырып тексеруден өткеннен кейін көлік құралы заңдастыруға жататыны немесе жатпайтыны анықталады.

– Соңғы сауал, заңдастыру үшін төленетін төлем қай уақытта шотқа түсуі керек?

– Енгізілген тиісті өзгерістерге сәйкес, заңдастырылатын көліктердің иелері утилизациялық алым төлемейді. Көлік иелері тек 200 000 теңге мөлшеріндегі бір реттік төлем жасайды. Бұл жұмыстар Үкімет бекіткен тиісті қағидалар мен талаптарға сай жүргізіледі. Оның өзінде ақша көлік құралы заңдастыруға жатады деп анықталғанда ғана төленеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құмарлықтан жапа шеккендер саны арта түсуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудомания мәселесіне тоқталды. Қауіпті кесел – лудомания, яғни, құмарпаздыққа …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *