Суббота, 23.11.2024

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНА ҚАЛАЙ АЛДАНБАУҒА БОЛАДЫ?

Қаржы пирамидасы — бұл алғашқы салымшыларға келесі саламшылардан табыс төленетін алаяқтықтың бір түрі. Соңында ақша салғандар бар мүлкі мен қаржысынан айырылады. Өйткені олар өзінен жоғары тұратын адамдарға бар тапқан ақшаларын аңғалдықпен бере салады. Қаржылық пирамидада кірістер келесі бір адамның тіркелуінен келеді. Сол себептен, көп адам тіркеген сайын саған түсетін қаржы да көп болады деп сендіреді. Әдетте олар коммерциялық ұйымдар ретінде тіркеледі. Ал пирамиданы ұйымдастырушылар оларды инвестициялық компаниялар ретінде барынша жасырады.

Қаржы пирамидалары өткен ғасырдың алғашқы жылдарында пайда бола бастаған. Жылдан жылға дамып, адам алдаудың небір амалдары да өзгеріп, жетіліп отырды. Оның бірнеше түрлері бар. Адамдар арасындағы ең танымалы — 1919 жылғы алаяқтық схемасына негізделген. Сол пирамиданы құрушының атымен “Понци” схемасы деп аталады. Ол АҚШ- қа қоныс аударған итальяндық Чарльз Понцидің есімімен байланысты. Понци схемасы классикалық қаржы пирамидасы болып саналады, онда ескі мүшелерге төлемдер тек жаңа мүшелерден алдау арқылы тартылған ақша есебінен жасалады. Қаржы пирамидасының бастапқы белгісі — табысқа кенелесіз деген уәдесі. Психологиялық манипуляциялардың әсерімен сізді тартады, уәде береді. Осыған қалай сеніп қалғандарын білмей қалған адамдар өздері де түсінбей түбімен бұл нәрсеге кіріп кетеді. Өзін ғана кіргізіп қана қоймай, дерттің әсері тіпті туған- туыстары мен бауырларына да дейін таралады. Екінші белгісі — ұйымның активтері, лицензиясы, кірістері мен шығыстары туралы дәлелдемелері бар ақпараттың болмауы. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында агрессивті жарнаманың көп болуы. Бұның барлығы күмән тудыратындай іс-әрекеттер.

Бүгінде елде «Гарант 24», «Ломбард 24», «Выгодный заем», «Эстейт», «Астра Консалтинг», «Qnet», «World Biznes Consalting», «L-Капитал» сынды қаржы пирамидалары тіркелген. Қазіргі таңда оларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Басшылары мен қызметкерлері заң жүзінде қудалып, жауапқа тартылуда. Бір өкініштісі, отбасында қаржылық жетіспеушіліктен шаңырағын қара бұлт қаптаған қарапайым жандар — осы пирамидалардың құрбаны. Оларды құр уәдемен үлкен қаражатты салуға көндіреді.

“Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік желіде бір блогердің осы “Гарант 24 ломбард” қаржылық пирамида жайлы айтқанын көрдім. Сол жарнамаға еріп, Тараз қаласындағы филиалына бардым. Басында түсіндіргенде олар маған “сіз қоятын ақшаны немесе мүлікті кейін процентімен қосып, 3 айда 2 есе қылып қайтарып береміз”,- деді. Ақшаға сол кезде қатты қысылып тұрған едім, жарайды деп көлігімді қойдым. Бірақ сол кезде өмірімдегі ең үлкен қателік жасап қойғанымды білгенде ғой… Артынша, не ақша жоқ, не көлік жоқ, барлығынан айырылдым. Бірақ, оның барлығы өткеннің қателігі. Бұл маған өмірлік сабақ болды. Мен ғана емес, қаншама адамдар әлі де осы қаржылық пирамиданың арбауына түсіп қалып жатады. Тіпті, өзінің дүниелерімен қоймай, туысқандарында, жақын таныстарын да қоймай бұл сұмдыққа кіргізеді. Бірақ, оларға айтарым — адалынан таппаған ақшаның берекесі болмайды. Мен сияқты алданып қалмаңыздар “, — дейді қаржы пирамидасынан зардап шеккен Жалғас Айтбаев.

 

МАМАН ПІКІРІ:

Эльнура КІШКЕНЕБАЕВА, заңгер:

Қазіргі қоғамда актуалды мәселелердің бірі, қаржы пирамидасы болып тұр. Қарапайым халық оңай, әрі тез ақша табу жолын іздеп, салған ақшасын 2-3 еселеп шығарып аламын деп, жұлдыздардың жарнамаларына алданып қалатын   жағдайлар   көп   кездеседі.   Әрине бұл қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығының болмауынан, қолына берілген құжаттармен мұқият таныспауынан, болмаса заңгерлерден кеңес алмауынан, кез келген жарнаманы сүзгіден өткізіп, әбден тексермеуінен болып жатады. Әрине, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың басты көздегені, өз аттарына ешқандай мүлікте басқа да нәрсені қоймай, тиісінше, табысы жоғары, жобаға сенетін,   аңғал азаматтардан ақша тарту екенін түсіну керек, бұл жағдай қаржылық шығындарға әкелуі әбден мүмкін.. Сондықтан бұл жерде,

Кінәлі — ұйымдастырушы алаяқтар. Кінәлі — бейберекет жарнамаушылар.

Кінәлі — осыған сеніп оңай жолмен ақша тапқысы келіп, осыған қатысып қаражат салғандар! Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайды. Сол себепті оңай жолмен, жұлдыздар жарнамалаған соң сеніп едім, деп алданған адамды жауапкершіліктен құтқара алмайсыз. Сізден, тыныш тұрған жеріңізден ақша қаражатыңызды тартып алған болса, онда ол адам кінәлі, ал сіз жеңіл жолмен ақша тапқыңыз келіп, өзіңіз берсеңіз, онда өзіңіз кінәлі боласыз. Бұл тұрғыда, әр адам өз санасымен барлығын саралап, оңай жолмен олжа табуға ұмтылмауы қажет.

 

Бауыржан ӘБІЛХАНОВ, психосоматолог:

Бұл қаржылық пирамида тақырыбы көкейімде біраз уақыттан бері жүрген тақырып. Мені көп адамдардың психологиялық тұрғыда әлсіз, барлық нәрсеге сене беретін, ұстанатын ұстанымдары, өз ойлары жоқ болатындығы таңқалдырады. Оған біздің халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі мен сенгіштігі себепкер деп ойлаймын. Мысалға, Банктердің депозитінің беретін пайдасы, салған ақшаңыздың — 9% құрайды. Аты әлемге әйгілі кәсіпкер, инвестор Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясының беретін пайдасы 18%. Бұл пайыздың барлығы — жылдық табыс. Пирамидаға шақыратын алаяқтар айтатындай 3-4 айдағы табыс емес. Олардың айтатыны 1 миллион теңге салда, 1-2 айдан соң оны 1,5 — 2 миллион қылып шығарасың деген шындыққа жанаспайтын нәрсе. Неге ол соншалықты табысты болса, айтпай-ақ ақшаны өздері тауып құя бермейді? Аты шулы «Гарант 24 Ломбард»-ның оқиғасы естеріңізде болар. «L-Капитал» компаниясы да 30% жылдық табыс деп уәде еткендерін бере алмай, үстінен іс қозғалды. Халықтың көзі ашылып, рухани тұрғыда байымағанша мұндай жағдайлар орын ала береді. Пайда табудың қаншама дұрыс жолдары бар. Танымайтын адамды байытқанша, айналаңызда О-ден кәсіп бастап, біраздан бері жұмыс істеп, өзін көрсетіп, дәлелдеп келе жатқан кәсіпкерлер бар болса, ең дұрысы солардың кәсібіне құйыңыз.

Қазіргі таңда қаржылық пирамидалармен күресуге біздің қоғам үлкен күш жұмылдырып жатыр. Соңғы жылдары, 29 қаржы пирамидасы жойылған, алаяқтардың саны 28 пайыз көрсеткішке азайған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 85 қылмыстық іс қаралған. 15 іс бойынша үкім шығарылып, 23 адам сотталды. Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық пирамидаларды жарнамалаған адамдарға қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын заңға қол қойды. Енді кім көрінген, үгіт — насихат жүргізіп, бұндай ақпаратты жариялауға құқығы жоқ. Сондай-ақ, Қазақстандықтар бір-ақ сәтте компанияларда қаржылық пирамидасының белгілерінің бар — жоғын Telegram әлеуметтік желісіндегі «Baiqa, piramida» деген боттың көмегімен тексере алады. Бұл бот 12 қаңтар күні жүзеге асырылды. Бар болғаны, компания немесе жобаның сілтемесін немесе БСН енгізу қажет. Сұраныстарды тексеру, сұраныс келіп түскен күннен бастап үш күнге дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.

 

Алтынай Жетписбаева

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Подростковые суициды: причины и способы профилактики

По республиканской статистике суицидов среди несовершеннолетних, область Улытау далеко не в лидерах. В 2022 году …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *