Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділет, теңдік пен тәртіптің кепілі. Осы қағиданы қазіргі ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында қаламыздағы Жастар ресурстық орталығы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы технологиялық колледж студенттерімен «Заң және тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деген болатын Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Мемлекет басшысының пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуы тиіс. Өйткені құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру, келеңсіздіктермен қоғам болып күресу өте маңызды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған қала прокуратурасының прокуроры Руслан Түзелбаев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың басты себебі туралы баяндады.
– Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда тәрбиелік, ұйымдастырушылық, құқықтық шаралар жүргізу болып табылады. Кәмелетке толмағандар өздерінің іс-әрекеттерінің салдарын түсінбейді немесе дұрыс бағаламайды. Осы бағытта қала прокуратурасы жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алуды жетілдіру үстінде. Статистикалық деректерге сәйкес өткен жылдан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандар саны 78%-ға (9-дан 16-ға дейін), олар жасаған қылмыстық істер 41%-ға (17-ден 24-ке дейін) өскен, – деді прокурор.
Ағымдағы жылдың өзінде кәмелетеке толмаған азаматтарға қатысты бірнеше қылмыстық істер тіркелген. Мысалы, 29 қаңтарды Сәтбаев қаласының аумағында бір топ жасөсөспірім 3 жасөпірімге әлімжеттік танытып, (дұрыс амандаспағанын негізге алып) ақша талап еткен. Ақша бермегені үшін ұрып-соғып, түрлі дене жарақатын салған. Аталған іс бойынша қалалық Полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігімен, яғни, бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеп, тергеп-тексеру амалдары жүруде. Аталған құқық бұзушылықты жасағандар Жезқазғандағы «Уақытша ұстау изоляторына» жабылды. Осы тектес бірнеше мысалды алға тартқан прокурор жастарды қылмыстық, әкішілік құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақырды.
Қалалық Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Арман Садықов «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру, кез келген құқықбұзушылыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыру, алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселесіне тоқталды.
– Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіру секілді келеңсіздіктермен қоғам болып күресу өте маңызды. Елімізде кең таралған тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты әрекеттерге мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Өйткені азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болмақ. Жастар заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса қоғамда әділдік орнайтын болады, – деп «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полицияның айрықша рөл атқаратындығын атап айтты.
А.Садықов есірткі тасымалдау, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, интернет алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу шаралары туралы да баян етті.
«Ұлытау жастары» ҚБ төрағасы Даулет Сейтпеков Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен қолға алынған тұжырымдаманы жүзеге асыру шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру бағытын, оның жастар болашағына ықпалын талқыға салды. Осылайша колледж студенттері аталмыш тақырып аясындағы челленджге атсалысты.