Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова іссапармен арнайы Ұлытау облысына келіп, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Оның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуы және Әлеуметтік кодекстің жобасы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Халықпен кездесу барысында Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі жобасында көзделген әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңалықтарды іске асыру барысы жайында жан-жақты мағлұмат берді. Жаңа жобалар қатарында: тбасының сандық картасын енгізу, жұмыспен қамтудың жаңа саясаты, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларға қолдау көрсету шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту және зейнетақы төлемдерін арттыру секілді маңызды міндеттер мен бастамалар қарастырылған.