Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформасы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күннің жаңа беталысын айқындағаны анық. Өмір сүріп отырған əлеуметтік құрылым негіздерін жоймай, қоғамның, өмірдің кейбір жағын жетілдіру, дамыту мақсатында қайта өзгертулер енгізілді. Осы жайында 2022 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланған «Əділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылды. Бағдарламада жастарды жұмыспен қамту, кəсіпкерлікті дамыту сияқты игі шараларды жүзеге асыру көзделген болатын. Аталған міндет – тікелей өңірлердегі жастар ресурстық орталығына жүктелді. Міндеттелген тапсырма аясында Ұлытау ауданында да бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Бұл туралы аудандық Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Ақерке Кәрімова айтып берді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарға қатысты қадау-қадау міндеттер жүктегені белгілі. Өйткені, еліміздің болашағы жастардың қолында. Осы тұрғыдан алғанда, жастарымыз табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан жаңа өзгерістерге атсалысуы қажет. Ендігі міндет – Қазақстанның жаңаруына өз үлесімізді қосу. Сонда Қазақстанның болашағы кемел болары сөзсіз. Ол үшін бүгінгі күнімізді ғана ойламай, ертеңгімізді де ойлап, бағдарламада көрсетілген тапсырмаларды нақты өмірде шынайы жүзеге асыруымыз керек. Бұл ретте жас азаматтардың идеялары, кəсіпкерлік жағынан ізденістері, қабілеттері бəсекеге сай болу шарт. Əркім өз кəсібін дөңгелетіп əкететіндей еңбектенсе, елімізге де тигізген пайдасы сол.
Бүгінде аудан əкімдігі тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан көмектер аз емес. Кəсібін дамытамын деген жастарға облыс əкімінің гранттары да беріліп жатыр. Өткен жылы облыс əкімінің грантын 8 кəсіпкер жеңіп алып, қазір өз кəсібін дамыту үстінде. Бұдан бөлек, жастарды жұмыспен қамту шаралары да тапсырмаға сəйкес жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету бойынша арнайы жұмыстар жүргізілді. Өткен жылы 52 жұмыссыз жас болса, биыл оның саны 12-ге азайтылды. Жақын күндері «Жасыл ел» жастар еңбегін жасақтаймыз. Бұған да жергілікті бюджеттен 7 млн. 957 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Осы шара аясында 90 адам жұмысқа қабылданбақшы.
Ал, түпкі меже – Мемлекет басшысының міндеттеген тапсырмаларын іс-жүзінде жүзеге асыру алдыңғы орында. Осы мақсатта жаңа бастамалар негізінде бірқатар жұмыстар іске асып жатыр. Əлі де алдағы күндері жастарға қолдау көрсету шаралары толастамайды. Жастарды қолдау – заман талабы,- дейді Ақерке Махмұдқызы.
Қайрат Жұмабай