Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әділетті Қазақстан құрудағы келесі қадамын айқындайды. Бұл Жолдау еліміздің экономикасының нық басуына бағытталған жолдау деп айтуға болады.
Бұдан бұрын бірінші саясат кейін экономика деп жүрсек, қазір экономиканың дамуы басты қағида екені түсінікті болды.
Жолдауда Президентіміз қазіргі кездегі ең басты міндетіміз – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету қажеттілігін атап өтті.
1919 жылдың өзінде А. Байтурсынов қазіргі заманда актуальді болып табылатын келесі ойды айтқан болатын: «Қазақтар өзінің шексіз кең елінде өсіретін малдардың еті мен терісін қайта өңдемегенше, және одан тұтынуға қажетті дайын өнімді өндірмейінше, оның экономикалық тәуелсіздігі сол қалыпта қала береді» деген екен.
Сондықтан да өңдеу саласын дамыту қажет.
Яғни тек кен байлықты қазып, мал мен егінді өсіріп қана қоймай, терең өңдеуге көшу қажеттілігі айтылып отыр. Жолдауда айтылғандай металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керектігі маңызды.
Сонымен қатар, Жолдауда Мемлекет басшысы экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия екендігін атап өтті. Креативті экономиканы құру үшін дарынды әрі шығармашыл адамдарды тарту қажеттілігі айтылды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымағандығын атап өту қажет.
Сондықтан да биыл осыны ескере отырып, әр өңір әкімдіктеріне жергілікті бюджеттен жас кәсіпкерлерге ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес саласындағы жастар бастамаларына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты өңірлік гранттарды қарастыру тапсырылды.
Мемлекет басшысының осы бағыттағы түбегейлі өзгерістер әкелетін шешімі деп айтуға болады. Осы өзгерістердің барлығы мемлекетіміздің материалдық базасын нығайтып, әлеуметтік бағдарламаларға, ғылым мен білімге қаржы бөлуге мүмкіндіктерді күшейтетіні анық.
Ел Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алда тұрған міндеттерді айқындап, атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын нақтылады. Президент бастамалары ең алдымен экономиканы дамытуға, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Әрбір қазақстандық, әрбір мекеме, кәсіпорын, мемлекеттік қызметкер Президент Жолдауына сай өз орнын таба білуге тиіс. Бәріміз Әділетті Қазақстан құру жолында еселі еңбек пен тынымсыз тірліктің үлгісін көрсетіп, аянбай тер төгейік, ел бірлігін, ынтымағын нығайтып, өз үлесімізді қосайық.
Аягөз Айтпаева,
Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі