Суббота, 15.03.2025
Слушай на zhanafm.kz ! Жаңа FM

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндігі

Халықтың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш – баспана екендігі белгілі. Әлеуметтің әлеуетін арттыру – мемлекетіміздің көздеген міндеті. Сондықтан азаматтарды баспанамен қамту, тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізу бағытында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі өткен аптада Сәтбаев қаласының әкімдігі және «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум болды.

 

Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыру үшін биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Жұмысшы кәсіптер ел экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылығында шешуші рөл атқарады, көптеген салалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Еңбек адамдарын қолдау және оларға қолжетімді жағдайлар бойынша тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу үшін бүгінгі күні Отбасы банк тарапынан бірнеше бағдарламалар іске қосылды. Олардың аясында әр өңірлерде кәсіпорындар мен өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды қолдау және олардың тұрғын үй мәселесін шешу қарастырылған.

Сәтбаев қаласының әкімдігі алғашқылардың бірі болып жергілікті деңгейде еңбек адамдарына қосымша қолдау көрсетуге атсалысты. Осыған байланысты әкімдікте өткізілген жиында қала басшысы Мұрат Бөрібаев пен «Отбасы банк» АҚ Ұлытау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ләззат Смаилова екіжақты келісімге келіп, арадағы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Енді кенді қаламызда жұмысшы кәсіп өкілдеріне арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасы ашылады. Бұл пилоттық жоба және оны қаржыландыруға Отбасы банк пен қала әкімдігі 250 млн теңге бөліп отыр. Өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері тұрғын үй сатып алу үшін жылдық 6%-дан басталатын (ЖТСМ 6,1%-дан 6,8%-ға дейін) мөлшерлемемен несие ала алады. Аталған бағдарламаның толық шарттары наурыз айының соңында жарияланатын болады.

– Бұл өнеркәсіп орындарының жұмыскерлері үшін үлкен жаңалық болмақ. Кеншілер қаласы болғандықтан, осындай жеңілдіктер өңірімізде баспанасыз жүрген жұмысшы азаматтарға таптырмас мүмкіндік болары анық. Алдағы уақытта тұрғындарымыздың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасап, бірлесе жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Біз де өзіміздің тарапымыздан жеңілдетілген ипотекалық несиелеуге бюджет қаражатын қарастыруға бар күш-жігерімізді салатын боламыз, – деді қала әкімі Мұрат Ерболатұлы.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Мемлекеттік онкологиялық орталықтарда жатыр мойны обырының алдын алуға арналған Ашық есік күні өтеді

Елімізде жылына 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Бүгінде осы айықпас дертке шалдыққандар арасындағы …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *