Вторник, 3.12.2024

АЙМАҚТАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ

«TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ». Осы атаумен Алматыда ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделі. Негізгі ұйымдастырушы Түркітілдес журналистер қорының басты бағдары осыған саяды.

Форум ата — уында да ерекше мән бар. 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Халықаралық жиында Қазақстан Ұйым төрағалығын қабылдап алды. «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни, «TURKTIME!» ұранымен өтеді» деп мәлімдеді Президент Қ.Тоқаев. Осы орайда, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілген болатын.

– Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуы тиіс. Себебі, кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Соңғы кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақапарттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», – деді қор басшысы.

Форум аясында «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына семинар-тренинг өткізіліп, қаржы тақырыбындағы «Еркін сөз» -2023 және «Әлеумет – қоғам айнасы»-2023 байқауларының жеңімпаздары ұлықталды. Марапаттау кезінде қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар Жолдасбек Дуанабай, Айнұр Сыдықова, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықтар табысталады. Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестермен бірге медиа саласындағы түйткілдер мен оларды шешудің жолы қарастырылып, ортақ жобалар жасалды. Түбі бір түркінің тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын насихаттауды мақсат тұтқан жиында Нәзия Жоямергенқызы 70 жылға жуық үстемдің құрған Кеңестер одағының бауырлас халықтарды бір біріне жат қылғандығын, әліпбиін өзгерту арқылы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт, қарақалпақ тағы басқа ұлттардың арасындағы бауырластық байланысты үзуге тырысқандығын атап айтты. Ендігі міндет осы олқылықтардың орнын толтыру.

Бұған дейін 2023 жылдың тамызында Түркітілдес журналистер қоры Қазақстан, Ұлыбритания, Германиямен бірігіп Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясын құрған болатын. Бүгінгі күні бұл қауымдастыққа Қазақстан төрағалық етіп отыр.

– Басты мақсат – қазақ журналистерін әлемдік деңгейде дамыту, халықаралық БАҚ және медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыру. Соңғы кездері отандық БАҚ өкілдеріне қысым мен шабуыл жиіледі. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры қажет болған жағдайда қазақ журналистердің құқын Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы арқылы әлемдік деңгейде қорғауды көздейді. Бүгінде мың құбылған әлем бірігуге, бір болуға мәжбүрлейді. Қазақтың «бөлінгенді бөрі жейді» деуі тегін емес. Сондықтан бауырлас халықтармен іргеміз ажырамасын, – деген Нәзия Жоямергенқызы қазақ журналистерін түбі бір түркінің медиа саласын бірге дамытуға шақырды.

Форумның басты ұйымдастырушылары «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA), серіктесі «Шеврон» компаниясы. Форумға Қазақстанның барлық облыс, аудандарынан, сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Британия, Нидерланд елдеріндегі түркітілдес БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары қатысты. Отандық және шетелдік медиа сарапшылар Түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығы, кәсіби этика, құқық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, контентті монетизациялау, жасанды интеллект трендтері мен оны медиа кеңістікте қолдану тақырыбын саралады. Суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» көрмесі салтанатты түрде ашылып Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия аймағындағы Мәдениет және туризм кеңесшісі Алпарслан Акынджы «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері», www.brukselturk.be сайтының қожайыны Юсуф Джинал «Түркі журналистерінің еуропалық БАҚ-тағы ортақ жобалары», қырғызстандық Элтр телеарнасының сарапшысы Сайрагүл Полотова «Орталық Азия мен Түркиядағы медианың ақпараттық интеграциясы» тақырыбында мол мағлұмат берді. «Кәсіби этика. Құқық және ақпараттық қауіпсіздік. Контентті монетизациялау: модельдер, платформалар, стратегиялар. Медиадағы жасанды интеллект: 2024 жылдың трендтері». Аталған бөлімдер бойынша шетелдік және қазақстандық медиатренерлер тренинг өткізіп, ІТ мамандар толымды ақпарат берді. Әсіресе, «Бизнес журналистикадағы АІ», «Жасанды интеллект және қазақ журналистері», «Маркетинг саласындағы жасанды интеллект» тақырыптары жаңалыққа сусап жүрген аймақтағы журналистердің кәсіби білігін көтере түсті.

Форумның тағы бір ерекшелігі аймақтағы журналистерге басымдық берілгендігінде. Алыстан атарылтқан қалам иелері бар өнерін ортаға салып, арқа-жарқа күй кешті. Шымбұлақтың таза ауасымен кеуде кере демалып, «Медеу» мұз айдынында сырғанап, шабыттанып қайтты.

Мейрамгүл САЯЖАН

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құмарлықтан жапа шеккендер саны арта түсуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудомания мәселесіне тоқталды. Қауіпті кесел – лудомания, яғни, құмарпаздыққа …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *