Понедельник, 9.12.2024

Қатерлі індетті анықтау — зертхана жұмысы

25 қазан Республика күніне орай өткен шарада «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісіне Жаңаарқа аудандық ветеринариялық зертханасының меңгерушісі Ғалымжан Бейбітұлы Қасенов ие болды. Осы ретте бүкіл адамзатқа қауіпті дерттің алдын алып, жануарлар мен үй жануарларының қауіпті індетке шалдықтыма зерделейтін зертханаға арнайы ат басын бұрдық. Ветеринария саласының негізгі міндеті ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екені мәлім. Осы орайда өз мамандығының майталманы, аудандық ветеринария зертханасының меңгерушісі, І-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгі иесі Ғалымжан Бейбітұлынан сұхбат алдық.
— Ғалымжан Бейбітұлы, өзіңіз жайлы айтып, еңбек жолыңызбен таныстырып өтсеңіз?
— Мен 1973 жылы дүниеге келіп, осы өңірде ер жеттім. Атасу станциясының 8 жылдық мектебінде оқып, 2 жылын Ералиев ауылдық округінің мектебінен тәмамдадым. 1990 жылы Ақмола ауылшаруашылық институтына ветеринария мамандығына оқуға түсіп, жоғарғы оқу орынын 1995 жылы аяқтадым. Сол жылы аудандық ет базарында қызмет жасадым, 4 жыл ауданда веттехник, аудандық ветстанцияда жұмыс атқардым. Кейін лицензиясы бар дәрігер болған соң жеке кәсіп ашып, жұмыс атқардым. Осы мекеме 2012 жылы салынып, қолданысқа 2013 жылы берілді. Ашылған уақытта мал дәрігері қызметінде жүрдім, 2 жылдан соң ветеринариялық зертхана меңгерушісі болып тағайындалдым.

-Ветеринар саласына маман тапшы дегенмен ветеринария мамандығының мән маңызын түсініп жатқандар аз, мекемеде жұмыс атқаратын қызметкерлер жеткілікті ме?
-Біздің салада салғырттыққа және асығыстыққа жол берілмейді. Бір жануардың қанын зерттеп, талқылап бастаған соң, бөлініп екінші жұмыс жасай алмайсыз. Қателік кетсе ол ауру тек жануарларға ғана емес, адам өміріне де қауіпі бар. Қиыншылығы тек зерттеуде ғана емес, төлдер ауырған жағдайда көмек көрсетудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Маман тапшылығы да содан болар. Зертханада екі бөлім жұмыс жасайды. Ауылшаруашылық жануарларының диагностикасы және ветеринариялық санитариялық сараптау азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін айқындау. Зертханамызда 16 қызметкер жұмыс жасайды, ветеринариялық дәрігер, лаборант, санитар, жануар күтуші, күзетші және жүргізуші.
— Іргелес жатқан Қарағанды облысынан сібір жарасы анықталды. Сібір жарасы жайлы айтып өтсеңіз, екпе жасаумен айналысасыздар ма?
— Сібір жарасы деген өте қауіпті дерт. Ол 1000 жылдап жойылмай өмір сүре береді. Оның сыртқы қорғаныш қабатының мықтылығы өте қалың, індет өртеп не болмаса жер астына көмгенге өлмейді. Қазір Топарда шығып жатса, бұрындары Шет ауданы және Талдыбұлақ, Бидайық ауылдық округтерінен шығып, халық уланып, адам өліміне әкеліп соқтырған болатын. Одан бері қанша уақыт естімеген едік. Сібір жарасының адамға жұғуының басты себебі тазалық болмағаннан ғана емес, етті бұзғанда жай ғана сызып өткеннен де бойға тарап, жарақат алған дене терісін қара болып күйдіріп жібереді. Ата-бабамыз оны күйдіргі деп атаған. Кейіннен тек сиырда ғана емес ит, жылқы, түйеден табылған соң сібір жарасы деп атап кетті. Біз алдын-ала берілетін екпелерге жауапты емеспіз, біздің қызмет ол қауіп қатермен де жиі бетпе-бет келеді. Жылдың қай мезгілінде болмасын белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті алдымен тексеріп, ем-дом жасау шараларын атқарамыз. Кей жағдайларда ауру түрін анықтау үшін малдың өлексесімен жұмыс істеуге тура келеді. Сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, аусыл, қарасан, індетті лимфангоит, қатерлі ісік, сап, құтыру сияқты сан түрлі жұқпалы аурулармен жалғыз күресуге мәжбүр боламыз. Аталған ауру түрлерінің адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті.
— Таңдаған мамандығыңыздың қыр-сырын меңгерген жансыз. Жұмысыңыздың жетістіктері мен қиыншылықтары қандай?
— Әр саланың өз қиыншылығы болады. Зертханамызда Жаңаарқа ауданы, Қаражал қаласы, Жәйрем кенті, Жезқазған, Сәтбаев қалаларына қарасты ауылшаруашылық жануарларының аса қауіпті жұқпалы эпидидимит ауруларының диагностикасы бойынша үлкен зерттеу жұмыстары жасалады. Біздің қызметте денсаулық бірінші орында. Ай сайын бізде денсаулығымызды күшейтіп, сақтық үшін екпелер алып отырамыз. Сақтық шараларды қатаң ұстанамыз, ауруға шалдыққан мал бастары санитариялық талаптарға сәйкес жойылады.
— Ауылдарда ветеринарлар толық жұмыс жасайды ма?
— Қазір баяғы уақыттағыдай емес барлық жағдайлар жасалып жатыр, мал ауруға шалдыққан жағдайда ветеринарды ауылдан да таба аласыз. Бірден зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ем-дом көрсетіледі. Ауылдық аймақтағы мал басы да санаққа тіркеліп, вакциналарын алғызып отырады. Әрбір адам өз қауіпсіздігіне мән бергені абзал. Ауылшаруашылық жәрмеңкесіндегі ет өнімдері, сүт тіпті тауық жұмыртқасынан да жаман дерт шықпасына кепілдік жоқ. Бұл ретте аудандағы тиісті салалар заңдылығын қарастырып, халықтың қауіпсіздігін орнықтыру мәселесіне жауаптылықпен қарауы керек деп ескерткім келеді.
Жұмыстарыңыз жайлы баяндағаныңызға рақмет, еңбегіңіз жана берсін.
Бүгінде малдың жай-күйін баласынан кем күтпейтін аудан және ауыл адамдары таңертеңгі тірлігін алдымен қора-жайынан бастайтыны белгілі. Малдың өнімін азық еткен әр отбасы сақтық шараларын естен шығармағаны жөн. Малға тағайындалған екпелерді уақытылы салдырғаны өзіне де, өзгеге де қауіпсіз болмақ.

Айзада Әсетқызы

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құмарлықтан жапа шеккендер саны арта түсуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудомания мәселесіне тоқталды. Қауіпті кесел – лудомания, яғни, құмарпаздыққа …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *