Четверг, 25.04.2024

Тиімділігі мол игілікті шара

Сәтбаев қаласының тұрғындары арасында жұмыссыздықты жою, азаматтарды жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында өткен жұмада облыстық деңгейде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған қалалық жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар мен жастар, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар және алимент бойынша борышкерлер қатысты.

Ұлытау облысы құрылғаннан бері аймағымызда алғашқы рет өткізілген бұл игілікті шарада қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина сөз сөйлеп, аталмыш жәрмеңкенің жұмыссыздыққа жол бермеу, жұмыссыз азаматтарға қажетті мамандықтар таңдауға көмектесу және олардың жұмысқа орналасуына ықпал жасау бағытында атқарар рөлі зор екендігін айтып өтті.

– Жұмыссыздар санын азайту – қазіргі қоғамның басты мәселесінің бірі. Осыған байланысты елімізде жыл бойы ауқымды шаралар жүргізіліп, түрлі оңтайлы бағдарламалар қабылдануда. Бүгін қалалық жұмыспен қамту орталығының ғимаратында облыстық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтуде. Орталықта жалпы саны 568 жұмыссыз есепте тұр, оның 181 – жастар, 72 – мүгедектігі бар тұлғалар, сонымен қатар, басқа да жұмыс іздеуші қала тұрғындары. Ұйымдастырылып отырған жәрмеңкеге 150-ден астам жұмыссыз азаматтар қатысуға ниет білдірген. Оларға сәттілік тілей отырып, өздеріне лайықты жұмыс тауып орналасуларына тілектестік білдіремін, – деді Айгүл Қосманқызы.

Бұл күні жәрмеңкеге қаламыздың 44 ұйымынан өкілдер қатысты. Олардың қатарында білім мен медицина, өрт сөндіру мен ішкі істер бөлімі, күзет қызметі, жеке кәсіпкерлер және басқа да қаламыздағы кәсіпорындар бар. Олар ұсынып отырған 285 бос жұмыс орындарына есепші, инженер, менеджер, іс жүргізушілер, сондай-ақ, тәрбиешілер, мұғалімдер, сатушылар, дәнекерлеушілер, жүргізушілер, электромонтер, кассир, күзетшілер мен түрлі қызмет көрсету саласына көптеген жұмыскерлер қажет. Жұмыс берушілердің ұсынып отырған бос жұмыс орындарының жалақысы 60 мың мен 400 мың теңге көлемінде.

Шара барысында жұмыс берушілер өз кәсіпорны туралы, жұмыс шарттары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу тәртібі мен тағы басқа ерекшеліктері туралы айтып берді. Азаматтар жұмыс беруші мекеме мамандарымен жүздесіп, жеке пікірлесіп, жұмыс орны жайында тиісті кеңес алды.

Әрқашан халыққа тиімділігін көрсетіп, жұмыс іздегендер мен жұмыс берушілер арасында көпір іспеттес болған осы шарада мәселелер әрдайым оң шешімін тауып келеді. Соның дәлелі – жәрмеңке қорытындысы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама берілген 33 азамат. Одан бөлек, қоғамдық жұмыстарға – 9, әлеуметтік жұмыс орнына – 1 адам жіберіліп, 123 азамат кеңес алды.

 

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Ұлытау облысында 18 миллион түп ағаш отырғызу жоспарлануда

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы Қараағаш орманшылығында 2025 жылға дейін 18 миллион түп ағаш отырғызу жоспарлануда. …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *