Суббота, 5.10.2024

Саяси реформа дамудың даңғыл жолына бастайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізінде түрлі салаларды реформалау еліміздің жаңаша бағытта дамуына серпін берері сөзсіз.

Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында еліміздің одан әрі саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының міндеттері айқындалды.

Ең төменгі жалақыны көтеру, «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын құру, сондай-ақ халықты қолдаудың басқа да шаралары ұлттық экономикадағы дағдарыстың орнын толтыруға көмектеседі. Бұл «Жаңа Қазақстанның» демократиялық негізін нығайтып, эволюциялық даму бағытына көшуге мүмкіндік береді. Бұл Жолдауды Қазақстан Республикасының әлеуметтік дамуының, экономикалық өсудің және адам капиталын одан әрі қалыптастырудың бағдарларын белгілейтін мемлекетіміздің дамуындағы тағы бір белес деп санаймын.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы саяси реформаларды жалғастыру үрдісі Әділетті Қазақстанды құрудың негізін қалайды. Түрлі салаларда – экономикада, мемлекеттік басқаруда, саяси жүйеде қолға алған реформалардан соң «сең» қозғала бастады.

Биліктің суперпрезиденттік моделін өзгерту және одан конституциялық реформалар барысында толықтай бас тарту мемлекеттік басқарудың жекелеген лауазым иелерінен оның институционалдық принциптеріне көшуді көздеді. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы Парламенттің заң шығару және мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау процесіне қатысу рөлін күшейтті. Үкіметтің жауапкершілігі мен халық алдындағы есептілігін арттырып, жұмысты тиімдірек етті.

Елімізде өткен жылы жүзеге асырылған жоғары билік органдарын құру тұжырымдамасын қайта пішімдеген саяси реформа нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Айталық, Президент бұдан былай партияны басқармайды. Бұл – елдегі партиялық жүйе мен саяси плюрализмді дамытудағы маңызды қадам. Республикалық референдум өтіп, Конституцияға маңызды түзетулер енгізілді. Оның ішінде Конституциялық Сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Сондай-ақ, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Президент 7 жылға сайланады. Бұл ретте Президенттің екінші мерзімге қайта сайлана алмауы оның жауапкершілік деңгейін айтарлықтай арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізген саяси реформа халықтың Президентке де, жалпы билікке де сенімін арттырғанын айта кеткен жөн. Бір сөзбен, «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттен» «Әділетті Қазақстанға» көшу саяси қайта құрулардың тиімділігін көрсетіп отыр.

Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған бастамалар еліміздің саяси жүйесін және әкімшілік-аумақтық құрылымын барынша өзгертуге бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған бастамаларын іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгертулер енгізілді.

Қоғамды тұтас жаңа жүйеге көшіру бір күндік шаруа емес. Ол уақытпен, тәжірибемен келетін дүние. Сондықтан да Президенттің Үкімет пен жергілікті билікке қойып отырған тапсырмаларын жүзеге асыруда бірлік пен тұтастық керек. Сонда саяси реформа толыққанды өз миссиясын атқарып шығады.

Жанар САЛЫҚОВА,
«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының аппарат жетекшісі.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Атом энергетикасы

Президент Тоқаев өз жолдауында Қазақстанның экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін атом энергетикасының мүмкіндіктерін қарастыру …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *