Воскресенье, 21.07.2024

САЯСИ РЕФОРМА: 19 наурыздан 19 наурызға дейін ӨЗГЕРІС ЖОҚ ЕМЕС, БАР! Бұған қазіргі сайлау додасы да дәлел

Бізде кейінгі жылдары бәрін бірыңғай жоққа шығаратын адамдар тобы пайда болды.  Әлеужеліге бас сұға қалсаңыз, «Ештеңе өзгеріп жатқан жоқ», «Сол баяғы сарын — бір сарын», «Баяғы жартас — бір жартас» және т.т. осы тақылеттес жазбалардан көз тұнады. Меніңше, осындай жазбалардың жария түрде емін-еркін жазылып, жарияланып жатқанының өзі – елімізде өзгерістердің  барын айғақтайды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын осындай ашық пікір айту мүмкін бе еді?

Сайлаудың 19 наурызда өтетіндігі  2019-дың 19 наурызын еріксіз еске түсіреді. Сол күн есіңізде ме? Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеме жасайтыны хабарланған соң, айтылған уақытта теледидар алдынан табылдық. Нұрекең өз еркімен Президент лауазымынан бас тартатынын  мәлімдеді. Орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынатынын жариялады. Жанарымызды жасқа шыламасақ та көңілімізде әлдебір қимастық жайлады. Қанша дегенмен  бір елдің патшасының өз еркімен тағынан кетуі тарихта сирек кездесетін тосын жай ғой. Біріншінің орнын басатын тұлғаның Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екенін білгенде таңдаудың дұрыс болғанына сүйіндік. Неге? Өйткені, ол –  әлемдік деңгейдегі танымал тұлға. Біріккен Ұлттар Ұйымының  деңгейінде қызмет атқарған қайраткер. Ең бастысы, қаншама жыл билік басында жүріп, сыбайлас жемқорлыққа  жуымаған санаулы ғана шенеуніктердің санатынан болатын. Тізгін қолға жаңа тиген соң, елімізде әлдебір оң өзгерістер болатынынан үмітті едік.  Бірақ…

Наурыздың 19-ндағы көтеріңкі көңіл күй, үкілі үміт ертесіне жоққа айналмаса да біз күткен жаңалықтардың жуық арада бола қоймайтынын аңғартты. Қалай дейсіз ғой? Жаңа Президент елдің астанасының атауын өзгертуді, облыс орталықтарындағы басты көшелердің Нұрсұлтан Назарбаев есіміміен атау туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныстың  ар жағында үлкен шоғырдың, тіпті, Елбасы атанған кісінің де тұрғаны анық еді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұжымдық ұйғарымды елге жариялаушы ғана болды. Егер нақ солай болмағанда арада екі-үш жыл өтер-өтпестен сол атауды қайтадан бұрынғы қалпына келтіру туралы  Жарлыққа қол қоймаған болар еді.

Жаңа Президент қызметке кірісе сала елде саяси реформалар жүргізу қажеттігін жариялады. Бұрын мұндай мәлімдемені тек оппозиция өкілдері ғана айтатын. Енді ел Президенті өзі бастама көтерді. Өзгеріс пе бұл? Әрине, өзгеріс. Жылымық соға бастады. Митингілер туралы жаңа заң қабылдау жөнінде бастама көтерді. Бірақ, соның өзі біршама қарсылықтарға тап болып жатты.

«Еститін Үкімет»  деген ұғым қолданысқа енді. Әкімдердің халық алдындағы есеп беру форматы өзгерді. Қоғамдық Кеңестердің де ролі күшейтілетін болды. Президент өзі төрағалық ететін Ұлттық Сенім Кеңесі құрылып, мұның құрамына бірқатар оппозиция өкілдері де енді. Президент олардың ой-пікір, ұсыныстарын «Азаттықтан» емес, алдына отырғызып қойып тыңдайтын уақыт басталды. Өзгеріс пе бұл? Әрине, өзгеріс.

Дегенмен, Тұңғыш Президенттің Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы болып қалып, сол арқылы ең күшті құрылымдарды уысында ұстап қалғаны халықтың көңілінде екіұдай сезім қалыптастырды. «Тұңғышқа» арқа сүйеген күштер Президент тапсырмасын жүре тыңдайтыны көзге ұрып тұрды. Қаншама тапсырмалар берілгенмен, орындалуы елдің де, Президенттің өзінің де көңілінен шықпай жатты. Сол тұстары «Біздің елде жалғыз Тоқаев қана жұмыс істеп жүр» дегенім бар еді. Шынында да солай еді. Тіпті, Қасым-Жомарт Тоқаевтың  лауазымға қойған немесе бұрынғыдан биік қызметке тағайындаған шенеуніктердің өздері де беріле жұмыс істеген жоқ. Бұл кейін Қаңтар қырғыны тұсында анық байқалды ғой.

Президенттің мықтылығы сол, кейде ашық, көбіне-көп жасырын қарсылықтардың барын көріп, біле тұра саяси реформаларды алға апару жолындағы бағытынан кері бұрылған жоқ.  Президент бастамасымен өмірге келген кейбір заң жобалары  Мәжілісте мүлдем басқа шапан жамылып шығып жатты.  Қуанышқа орай, 2020 жылы Сенат Төрағасын ауыстырып жіберу Президенттің оң қадамы болды. Өйткені, сол Төрағаның  тұсында Президентпен ашық текетіреске жақындап қалған жоғары палата жаңа Төраға сайланған соң, Президенттің арқа сүйейтін тірегіне айналды. Көптеген заңдар Сенаттан Мәжіліске қайтарылып, қайта қабылданды.

2022-нің қаңтарынан соң жағдай күрт өзгерді. Н.Назарбаев ҚауКеңес Төрағалығын Президентке біржола тапсырды. Билік бір қолға көшті. Бұрынғы Президенттің ең сенімді серіктері біртіндеп қызметтен шеттетілді.

Конституцияға өзгерістер енгізілген референдум көптеген сұрақтардың жауабын берді. Халықтың жадынан шығып, ұмыт болуға айналған кейбір ұғымдар арамызға қайта орала бастады. Мысалы, Конституциялық Сот. Енді «құқығым бұзылды» десеңіз, тікелей Конституциялық Сотқа жүгіне аласыз. Өзгеріс пе бұл? Өзгеріс, әрине.

Мұндай өзгерістер көп. Соның бірі — Сайлау заңына енген өзгерістер. Қазір сайлау қалай өтіп жатыр? Қоғамда қозғалыс бар ма, жоқ па?  Ең бастысы, халыққа сайлау ғана емес, сайлану құқығы да қайтарылды. Бұрын егер әлдебір партия мүшесі болмасаңыз, сайлануға құқығыңыз жоқ еді. Енді қазір, мәслихатқа да, Мәжіліске де өзіңізді өзіңіз ұсыныңыз да сайлауға түсе беріңіз. Қазір қаншама оппозициялық бағыттағы азаматтар сайлау көрігін қыздырып жатыр. Ендігі мәселе, ертең дауыс санау кезінде ешкімге қиянат жасалмау керек.  Міне, осы талапты біздің жергілікті билік, қалай орындай алады, мәселе сонда. Сайлау комиссияларына әкімдіктер тарапынан «Ананы азайтып, мынаны көбейтіп жіберіңдер» дегендей нұсқау берілсе, бәрі бітті дей беріңіз. Президенттің бүкіл еңбегін осындай бір  нұсқау жуып-шайып жоққа шығарып жіберуі әбден мүмкін. Тіпті, нақ солай болады. Бұған еш күмән жоқ. Сондықтан, әкімдіктер сайлау комиссияларына «кім қанша дауыс алады, соны ғана санаңыздар, жалған процент қуаламаңыздар» деп, нақты тапсырма беруі керек және соны міз бақпай қадағалағандары дұрыс. Ел осы сайлаудан зор үміт күтіп отыр. Халық тарапынан Президентке деген сенімге   селкеу түсіріп алмаудың  ең ақырғы сәті де – осы сайлау. Сайлаудың әділетсіз өтуіне Президенттің дұшпандары ғана мүдделік танытуы мүмкін.

Біз 19 наурыздан 19 наурызға дейін жетіп тұрмыз. Президентті жеті жылға сайлағанымыз кеше ғана. Енді жаңа Парламент халық көңілінен шығатындай болса ғана, еліміздегі саяси реформалар жемісін беруі мүмкін. Ал, саяси реформаларды сәтті өткізбей мықты экономикалық өзгерістерге қол жеткізе алмаймыз.

Сын сағаттан сүрінбей өте аламыз ба? Төрдегі биліктің ұстанымын халық дұрыс түсініп отырған секілді. Сондықтан да, ел Президентіне кешегі сайлауда қандай зор қолдау білдірді. Ендігі мәселе – төмендегі билікте. Олар үшін 19 наурыздағы сайлау – басты сынақ. Сайлауды әділ, таза өткізе ала ма, әлде…

Абдолла Дастанов,

«Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

В ОБЛАСТИ ҰЛЫТАУ ПРОШЕЛ ЭТНОФЕСТИВАЛЬ «КӨКМАЙСА-2024»

Традиционное мероприятие проводится уже в девятый раз. В программе областного фестиваля, цель которого – привитие …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *