Понедельник, 9.12.2024

«Индустриялық жоба серпін береді»

Республикалық «Жаңа FM» радиосының «Сәтті күн» ақпараттық-танымдық бағдарламасына Сәтбаев қаласы әкімінің экономика және қаржы саласы бойынша орынбасары Шапағат Әубәкір Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында сұхбат берген болатын. Кеншілер қаласының болашағы жайындағы салиқалы сұхбатты қағаз бетіне түсіріп, қалың оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық.
– Шапағат Момынбайұлы, Ел Президенті биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында жаңа саяси реформаларды жариялады. Осы тұрғыда қалада қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
– Жолдаудың біздің өңір тұрғындары үшін маңызы ерекше. Президент бірнеше бағыттарды, реформаларды ұсынды. Оның көбісі републикалық деңгейді қамтиды. Себебі, сайлау процесі, заң шығарушы органдардың жұмысын оңтайландыру республикалық дәрежеде қабылданатын шешімдер болып табылады. БАҚ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа заман талабына сай әлеуметтік желілердегі ақпараттың шынайылығына мән беру басты назарымызда. Екінші кезекте әкімшілік территориялық құрылым тұр. Өздеріңіз білесіздер, үш жаңа облыс құрылды. Соның бірі біздің Ұлытау облысы. Бұл жаңалықты өңір халқы қуана қабылдады. Бұдан Жолдаудың үлкен серпіліс бергендігін көруге болады. Облыстық деңгейдегі басқармалар сақталды. Енді өз жұмысын қарқынды түрде бастау үстінде.
– Жаңа облыстың дамуы жолына үлкен үлес қосып жатыр екенсіздер. Осы ретте тұрғындармен кездесулер өтуде. Қандай талап-тілектер түсіп жатыр?
– Жаңа облыстың құрылуына байланысты ақсақалдар кеңесімен, ел ағаларымен, тұрғындармен кездесулер өтуде. Оның ішінде жылу мәселесі жиі көтерілуде. Жезқазған поселкесінің тұрғындарын көшіру немесе өтемақы беру туралы шешімнің қабылданғанына да біраз уақыт болды. Осы мақсатта 45 көпқабатты, 107 коттедж салынды. Бұл бұрын болмаған көрсеткіш. Соңғы уақытта тұрғындар санының артуы байқалып, 13 мыңға өсті. Осыған орай қосымша жылу беру қажеттілігі туындады. Сондықтан жылу қазандығын жетілдіру мәселесі қаралуда. Сонымен қатар, медицина саласында кадр жетіспеушілігі туындауда. Осыны жою, медицина ошақтарының түлектерін көптеп тарту жұмысы жүріп жатыр. Экологиялық ахуал да алаңдатуда. Осы бағытта мәжіліс депутаттарына хат жолдаған болатынбыз. Бұл мәселе де қала басшылығының жіті назарында.
– Енді қаланың экологиялық жағдайына көшсек. Бүгінгі жайы қалай?
– Қала аумағында үлкен зауыттар жоқ. Дегенменде халықты алаңдататын екі мәселе бар. Бұрын бізде Сәтбаев байыту фабрикасы болған. Қазір жабылды. Сол кенді байыту процесінде түзілген қалдықтар қалдық қоймасына тасымалданады. Ол ашық жатқандықтан ауа мен күннің түсуінен өзгеріске ұшырап, ауаны ластауда деген пікір айтылуда. Осы процестің алдын алу үшін біз «Қазақмыс» корпорациясымен келісімге келдік. 300 гектарды құрайтын қалдық қоймасының өткен жылы 90 гектары залалсыздандырылды. Қалған 210 гектары биылғы жылдың еншісіне қалған болатын. Мердігер компания сол аумақты залалсыздандыру жұмыстарын қолға алуда. Осы жылдың соңына дейін бұл мәселе шешімін табуы тиіс. Екіншісі қаладағы жерасты құбырларына қатысты туындауда. Құбырлардағы қалдықтар қала сыртындағы шаруашылық нәжістік тазалау қондырғысына құйылады. Бұл қондырғылар әбден тозған. Республика бойынша моноқалаларда шаруашылық нәжістік тазалау қондырғысын қайта қалпына келтіру жобасы қолға алынуда. Инвестор ретінде республикалық қаржы институттары тартылуда. Солардың көмегімен жалпы құны 9 миллиардқа жуық ауқымды жоба жүзеге асырылады. Мұндай қаржы қала бюджетінде жоқ. Сондықтанда республикалық жобаға сенім артып отырмыз. Тұрғындар да бұл жәйге түсіністік танытуда. Бұл шаруаның шешімін табуы болашақтың еншісінде.
– Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жайына да тоқтала кетсеңіз.
– Бүгінгі күні сәтбаевтықтар үшін ауызсу мәселесі өз шешімін толық тапты. Есқұла қоймасынан арнайы сараптамадан өткен, сапалы әрі таза сумен толық қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта Жезқазған қаласын да жабдықтау жоспарда бар. Осы жобаны толық жүзеге асыру үшін 500 миллиондай қаржы қарастырылды. Бұл жоспарға Кеңгір елді мекені де кіреді.
– Индустриялық бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл бағытта индустриялық аумақ құрамыз деген жоспар бар. Осы ретте қаланың шеткері бөлігі үшін үш жобалық-сметалық құжат жасаған болатынбыз. Қазір облыс басшылығының қарауына жөнелтілді. Шағын және орта бизнесті, басқа да салаларды дамытып, моноқалалар қатарынан ерекшеленіп шығу бағытына индустриялық жобаның серпін берері сөзсіз.
– Алдағы уақыттағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталсаңыз.
– Қаламыздың одан әрі гүлденуі үшін бірнеше балабақша, өрт сөндіру бекеті салынбақ. №8 шағын ауданда орта мектеп құрылысы басталмақ. Кен қалдықтарынан жаңа технология арқылы мыс өндіретін бірнеше зауыт салу көзделуде. Қалада 240-қа жуық ескі екіқабатты үйлер бар. Инвестор таптық. Солардың көмегімен қаланың бас жоспарына сәйкес ескі үйлердің орнына жаңа үйлер тұрғызылады. Индустриялық аумаққа бірнеше кәсіпорын орналасуға ниет білдіруде. Сондықтан бұл жобаның өміршең екендігі анық.
– Тұрғындар талап-тілегін жеткізу үшін қайда жүгіне алады?
– Біз әрдайым ашықпыз. Барлық әлеуметтік желілерде қала әкімдігінің парақшалары бар. Сол парақшалар арқылы әркім өзінің ұсынысын, шағымын жеткізе алады. Әлеуметтік, құқық қорғау, бизнес даму, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша телеграмм каналдар төрт жыл болды белсенді жұмыс істеп тұр. Барлығы тәжірибемен жинақталады. Бүгінде халықпен кері байланыс бір жүйеге түскен. Қазір сағат сайын, минут сайын түскен өтініштер өз шешімін табуда. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің осындай элементтерін іске асырудамыз.
– Шапағат Момынбайұлы, жалпы тұрғындардың талап-тілегі еленіп жүр ме? Халықпен кері байланыс қандай деңгейде?
– Тұрғындармен әлеуметтік желі арқылы тығыз байланыстамыз. Арнайы кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. Олар көкейтесті сұрақтарын әлеуметтік желі арқылы қойып, дер кезінде жауап алады.
– Оның шешілуін кім бақылайды?
– Барлық мәселелер әкім аппаратының кеңсесінде тіркеледі. Қала әкімі апта сайын орынбасарларынан, мекеме басшыларынан тапсырмалардың орындалу барысын сұрап, есеп алып отырады. Сондықтан бізге келіп түскен сұрақтар жауапсыз қалмайды. Халықпен қауышуға біз әрқашан дайынбыз. Себебі билік пен халықтың арасындағы көпір болғандықтан, шындықтың шылбыры мен туралықтың тізгінін ұстаған ел ағаларының ортасында жүргеннен кейін, билікке араласқан соң әрқашан елмен бірге екендігімізді жеткізгім келеді. Тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де солай болса екен деп тырысып жатырмыз.

Жазылған Мейрамгүл Саяжанқызы

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құмарлықтан жапа шеккендер саны арта түсуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудомания мәселесіне тоқталды. Қауіпті кесел – лудомания, яғни, құмарпаздыққа …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *