Пятница, 23.02.2024

 Зардап шегушілер аз емес

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, жыл басынан бері интернет-алаяқтар келтіріп отырған залал 12 млрд теңгеге жақындайды. Әрі олар халықты алдаудың жолдарын түрлендіріп отырады. Мәселен, дәл қазірге дейін жемтігін торға түсірудің төрт тәсілін қолданып келіпті. Соның салдарынан 14 мыңға тарта азамат зардап шеккен. Күні бүгінге дейін 14 848 интернет-алаяқтық ресми түрде тіркеліп отыр. Ал олардың зардап шегуші шағымданбай, ескерусіз қалып жатқаны қаншама? Айталық, ауыл адамдарының көбі уақытының жоқтығынан, жүріп, арыз-шағым жазу машақатынан қашып, алаяқтарға алданғандарын өздерінен көріп, «олардың жазасын бір құдай берсін» деп полицияға хабарласпайтын көрінеді. Сөйте тұра, тіркелген сан да аз емес. 2023 жылдың он бір айында 10 730 қала, 4118 ауыл тұрғыны алаяқтардың құрбаны болған. Бұлар – қаржы саласының мамандары, мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлер, жеке кәсіпкерлер және басқа адамдар.

Бұл бағытта полиция пәрменді жұмыс жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде 521 интернет-алаяқ қолға түсіп, олардың 3 мыңға тарта осы тектес қылмысқа қатыстылығы анықталды. Ал зардап шегушілерге 560 млн теңге көлемінде ақшасы қайтарылды.

Ең қиыны, шет елде отырып, қарапайым адамдарды алдайтын қаскөйлерді анықтап, оларды жазалау болып отыр. Жасыратыны жоқ, біздің азаматтардың көбі сенгіш, құқықтық жағынан сауаттары кемшін. Сол себепті де арзан затқа, пайызы төмен несиеге бола арамниеттілер құрған торға топырлап түсіп жатады. Онлайн-кредит, қарыз ақша рәсімдегендер банкілердегі салымдары мен депозиттегі жинақтарынан айырылып қалып жатыр. Міне, осындай азаматтарға экономикалық қауіп тудыратын жайлардың жолын кесе алмай отыр­мыз. Осы тұрғыда 9 мың қылмыс тіркеліп, 7 млрд теңгедей шығын келіпті. Оның 5,8 млрд теңгесі кредит пен займ рәсімдеу арқылы қолды болған.

Жоғарыда атап өткендей, мұндай қылмыскерлерді ұстау оңай болмай тұр. Шетелде оларды арнайы дайындайды. 20 мен 45 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерді іріктеп алып, оқытатын көрінеді. Олар – психолог, орыс тілін жақсы біледі. Әрі құқықтық жағынан сауатты, банк саласын бес саусағындай білетін, сөзге шешен, иненің көзінен өткендей жылпос болып келеді. Сондай-ақ олардың «Call-орталығы» ұстанымы бойынша әрекет ететін ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері екені де белгілі. Көбіне алыс, жақын шетелдермен тығыз байланыс ұстап отырады. Өздерінің «келіссөз жүргізуші», «хакерлер», «IT-маман» деп нақты бөлініп қойған қызметтері де бар. Осылай олар талай қарапайым адамдарды сан соқтырып, көптеген зейнеткердің обалына қалып жүр.

Әрекетке – берекет

Интернет-алаяқтар кейінгі кезде өздерінің арасында кеңінен тараған төрт тәсілді қолданып жүр. Олардың біріншісі – онлайн-хабарландыру беріп, нарықтан анағұрлым арзан бағаға өз қызметтерін ұсынуы. Екіншісі – азаматтарға банк, полиция қызметкері болып телефон шалып, түрлі жағдайдан сақтандырған кейіп танытуы. Одан кейінгі бір тәсілі – түрлі инвестициялық жобаларға ақша салу тиімділігін насихаттап, сенімге кіруі. Ал төртінші тәсілі – түрлі компаниялар мен ұйымдардың атынан жалған сайттар ашып, сол арқылы азаматтардың жеке-дербес, құпия ақпараттарына қол жеткізуі.

Трансшекара сыртындағы қылмысты тергеп, оның жолын кесу қиындығы оның шетелде алыста болғандығында ғана емес, пайдаланылатын хакерлік бағдарламаларының болмысын түсініп, кілтін табуда жатады. Алайда осындай қолбайлаулар мен күрделі жайларға қарамастан, еліміздің құқық қорғаушылары бұл салада да белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинай бастады. Соның нәтижесінде қазір алғашқы жетістіктер де жемісін беруде. Осы жылдың басындағы ҚР ІІМ қызметкерлері жүргізген жан-жақты іс-шаралар барысында Украина аума­ғында орналасқан алаяқтардың ірі «Call-орталығы» талқандалды. Тергеу барысында анықталғанындай, бұлардың қызметі тек бірыңғай қазақстандық азаматтарға қатысты жүріп отырған. Украиндық құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде орталықтың тұрған орны анықталып, 40-тан астам күдікті қолға түсті. Олардан ірі көлемде компьютер мен басқа да арнаулы техника тәркіленді. Елге әкелгеннен кейін оларды сарапшылар мен мамандар бұғаттаудан шығарып, алданған қазақстандықтар туралы көптеген мәліметтерге қол жеткізілді.

Игорь Лепеханың мәліметінше, арам жолмен алынған ақшаны сыртқа шығару үшін алаяқтар қазақстандық бір азаматты қылмыстық жолға тартып, өздері үнемі «көлеңкеде» қалып отыратын көрінеді. Мәселен, Telegram-арнасы арқылы «дроптар» деп аталатын адамдарды тауып, оларға бірнеше банктен есепшот ашқызып, түскен ақшаның 10 пайы­зын өзінде қалдырып, қалғанын алаяқтар өзі нұсқаған электронды немесе банкілік шотқа аудартып келген. Одан әрі криптовалютаға айналып, ізін жоғалтып отырған. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында еліміздің құқық қорғау­шылары осындай құйтырқылықтың да бүге-шігесін анықтап, бірнеше алаяқтық ұйымның жолын кесті. Әрекетке – берекет деген осы болса керек.

Сондықтан сіз интернет-алаяққа алданғаныңызды білсеңіз, бірден «102» телефонын теріңіз. Сондай-ақ терминалмен төлеген чектеріңіз, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап қою қажет. Бұл мәліметтер кейін құқық қорғау органының алаяқты табуына көмектесері сөзсіз.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Продукцию из стабфонда будут выделять в чеках специальными знаками

Это позволит жителям области идентифицировать продукты питания, реализуемые через СПК «Ұлытау». В ходе аппаратного совещания …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *