Воскресенье, 8.12.2024

Жылнамасы жағымды оқиғаларға толы

Кеншілер шаһарының жұртшылығы Қала күні мерекесін биыл кең көлемде атап өтті. Өткен аптаның сенбісінде басталған мерекелік шаралар сейсенбіге дейін жалғасын тауып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қаламыздың тарихы академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Іргетасы 1954 жылы жұмысшы поселкесі ретінде қаланып, Никольский атанған бұл мекен 1973 жылы қала мәртебесін алса, 1990 жылдың 13 қыркүйегінде Қаныш атамыздың есімі берілді. Қойнауы құтқа толған қазыналы мекеннің бастауында мысты өлкенің мерейін асырып, бағын баянды еткен, аты аңызға айналған академиктің өлшеусіз еңбегі жатыр. Салтанатты шара ғалым рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Мұнан соң Сәтбаев қаласы мұражайының ашылу салтанатында сөз алған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали шаһар тұрғындары мен қонақтарын атаулы күнмен құттықтап, қаланы бірге көркейтуге шақырды. Биыл қала мәртебесін иеленгеніне 49 жыл толған кеншілер тұрағының әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінде қол жеткізген жетістіктері аз емес. Қаланы қалыптастырушы кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясының тұрақты қызметі және аталған алып компанияның жергілікті әкімдікпен тізе қоса әрекет етуге мүдделі болуы нәтижесінде жағымды жайттар орын алуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың еңбекпен қамтылу деңгейі артуда. Тиісінше, қала бюджетінің қоржыны салмақты бола түсуде. Мұражайда осы жәйттерді, 70 мың халқы бар қаланың өткені мен бүгінін, жарқын болашағын айғақтайтын жәдігерлер орын алды.
– Қадірлі жерлестер! Сіздерді шын жүректен бәрімізге ортақ мереке – Сәтбаев қаласының туған күнімен құттықтаймын! Сүйікті қаламызда мерейлі күн кең ауқымда тойлануда. Бұл күн туған қаламыздың іргетасын қалап, оның дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген әр қала тұрғыны үшін ерекше мереке. Кеншілер қаласы аға буын өкілдерінің ерен еңбегімен бой көтеріп, бүгінде сәні мен салтанаты жарасқан әдемі қалалардың біріне айналды. Осы уақыт аралығында тағдырын өзімен біржолата байланыстырғандар үшін атамекен, жылы ұя іспетті. Тағылымы мол қала шежіресіндегі еңбек және мәдени дәстүрлерімізді біз шын мәнінде мақтан тұтамыз. Біз бүгін барлық тұрғындарға адал еңбектері мен туған қаламызға деген шынайы сүйіспеншіліктері үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Жыл өткен сайын сүйікті қаламыздың келбеті жасарып келеді. Жаңа үйлер бой көтеріп, аулалар мен жолдар абаттандырылуда, шағын және орта бизнес нысандары пайдалануға берілуде. Өскелең ұрпақтың терең білім алуына, салауатты өмір салтын ұстануына, демалуына және өз қарым-қабілеттерін ұштауға толық жағдай жасалуда. Осының барлығы қала тұрғындарының ортақ үлесінің жемісі. Бірлігі жарасқан сәтбаевтықтардың әлі де талай белестерді бағындыратындығына сеніміміз мол. Қуанышты мереке күні сіздерге мықты денсаулық, мол бақыт, әр шаңыраққа қуаныш пен береке тілеймін. Қаламыздың жылнамасы тек жағымды оқиғаларға толы болсын, – деген қала басшысы Асқар Ыдырысов кезекте тұрған 7 отбасыға пәтер кілтін табыс етті.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құмарлықтан жапа шеккендер саны арта түсуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудомания мәселесіне тоқталды. Қауіпті кесел – лудомания, яғни, құмарпаздыққа …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *