Воскресенье, 8.12.2024

Біздің Виталий

Аялдамада туған күн тойлағанды бұрын-соңды естіген де, көрген де емес едік. Жезді жұртшылығы осындай тосынсый жасады жақында. Кімге дейсіз ғой? Айрықша құрмет иесінің аты-жөні – Виталий Валерьевич Беляков. Ол – Жезді кенті мен Сәтбаев қаласы аралығындағы жолаушылар автобусының шопыры. Қолдарына гүл, шар ұстаған алпыс шақты адамды көргенде Виталий олардың өзін құттықтауға жиналған жандар екенін, әрине, білген жоқ еді.

Автобустың тоқтағаны сол еді, аялдамада тұрғандар қазақ, орыс тілдерінде «Туған күнің­мен­, Витя!» деп, дабырлап құт­тықтай жөнелгенде өз көзіне өзі сенбей қалды. Араларында кент әкімдігінің бас маманы Серік Есенғалиев, кенттің қадірменді ақсақалы Тілеген Рахымбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Азамат Смағұлов та бар екен. Сол жерде тұрғандардың бәрі құшақтап, бетінен сүйіп, бауырына қысып жатыр. Виталийдің көңілі толқып кетті, не болғанын түсіне де алмады.

Серік Есенғалиев оған кент жұртшылығы атынан Алғысхат және халықтың өз еркімен жи­на­ған қаржылай сыйлығы мен арнайы пісірілген тәтті тортты табыстады. Халқы төбесіне төредей көтерген бұл азамат елге несімен сыйлы болды екен? Былай қарасаң, бар-жоғы автобус жүргізушісі ғана ғой. Бізді осы сұрақ қызықтырды.

Елудің бел ортасына жақын­дап қалған ол еңбек жолын мектеп бітірген бойда Жез­қаз­ған кентіндегі автокөлік кә­сіпорнында слесарь болудан бас­­таған екен. Кейін әскер қа­та­­рында азаматтық борышын өте­ген соң сол кәсіпорынға қайта оралып, жүргізуші болып ор­на­ласыпты.

– 1991 жылдан бері көліктің рулін ұстап келемін. 2017 жылдан бастап «Қожахметов» жеке кәсіпорнына қарасты автобус жүргізушісімін. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде Сәтбаев – Жезді аралығындағы жолаушылар автобусындамын, деген Виталий Жезді жұртшылығының өзіне көр­сеткен құрметі керемет то­сын­сый болғанын айтып, таң­да­нысын жасырмады.

Жолаушылар оған қалтқысыз қызметі үшін дән риза көрінеді. Әдетте, қалааралық автобус­тар­дың негізгі бір аялдамасы болады. Жолаушылар сол жерге келіп автобусқа отырады, сол жерден түсіп қалады. Ал Виталий жолау­шыларды кенттің басты-басты көшелерін аралап жүріп мінгізіп, түсіріп отырады екен. Әсіресе бұл қартаң кісі­лерге, сондай-ақ қол жүгі ауыр­лау адамдарға өте ыңғайлы ғой.

Жезді кентінің Қарсақбайға қарай шығаберіс жағындағы Абай, Иманжан, Оң жағалау, Ақмолда, Кеншілер көшелерінің кент орталығындағы №6 мектеп­тің түскі уақытта оқитын балалары мектепке Виталийдің автобусымен тегін қатынайтын көрінеді. Ол жолаушылардың жағдайына қарай қызмет етуді басты міндеті санайды екен.

– Бұл Витя деген нағыз мың­болғыр бала ғой. Кейде үлкен қалаларда қалтасында тиын-тебені болмай қалған баланы да, үлкенді де маршруттан түсіріп кетіп жатқан жағдайларды көріп жатамыз ғой. Мен Витяның балалардан ақша алғанын көрген емеспін. Біздің өзіміз кейде «ақша болмай қалды, пенсияға дейін күте тұрасың ба?» десек болды, ол қабағын шытпайды, «міне беріңіз» дейді. Мұндай азаматтан айналып-ақ кетпейсің бе?, – дейді көпбалалы Бикен апа.

– Бұл кісінің ешқашан дауыс көтергенін, біреумен сөзге кел­генін көрген емеспіз. Үнемі риза болып отырамыз. «Сыйға – сый» демекші, оған өз риза­шы­лы­ғы­мызды қалай жеткізу­ді ойлап, туған күнінде ерекше құт­тықтау жасауды жөн санадық. Ұялы телефонда арнайы чат аштық, сол арқылы жиналдық. Естімей, білмей қалған кісілер кейін бізге өкпелеп те жатыр. Витя сондай риза болды. Жақсының жақсылығын дәріптей білуіміз керек. Біз оның басқа жаққа кетіп қалғанын қаламаймыз. Өйткені Виталий секілді адам табылмайды, дейді оның туған күніне тосынсый жасауға бастамашы болған, кент тұрғындарының бірі, мұғалім Әсем Құлажанова.

Виталий – өнегелі отбасы­ның иесі, шаттықты шаңырақ­тың отағасы. Ол әйелі Анастасия екеуі Виктор, Кирилл және Виолла есімді үш бала тәрбиелеп, өсі­ріп отыр.

Қарапайым еңбек адамы билік тарапынан көбіне елене бер­­мейді. Бірақ халық кімнің кім екенін жақсы біледі. Туған күнін ел болып тойлап жатса, бұдан артық мақтау, марапат бола ма? Виталий халық тарапынан сондай ерекше марапатқа бөленді. Елдің ыстық ықыласын сезінді, құрметін көрді.

 

Ұлытау облысы,

Жезді кенті

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құмарлықтан жапа шеккендер саны арта түсуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудомания мәселесіне тоқталды. Қауіпті кесел – лудомания, яғни, құмарпаздыққа …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *