Вторник, 28.05.2024

БАҚ  –  туризмді дамытудың басты кілті

Табыс көзі жағынан туризм мұнай мен газдан кейінгі орында. Еліміздің экономикасына шетелдік валюта ағынын көбейту, жұмыспен қамту, мемлекетіміздің инфрақұрылымын дамыту жағынан оң ықпалын тигізеді. Бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру жолында БАҚ-ның маңызы зор. Медиа және туризм саласындағы жаңалықтарды басшылыққа ала отырып, тәжірибе, ақпарат алмасу кеңістігін кеңейту, ірі жобаларды жүзеге асыру, тарихи-мәдени орындарымызды шетелдік БАҚ-на насихаттау туристік имиджімізді қалыптастыруға үлкен үлес қосары анық. Осы мақсатта Алматы облысының Қонаев қаласында өткен бірінші халықаралық медиа және туризм форумы 200-ден аса делегаттың басын бір арнаға тоғыстырды. Олардың арасында мен де болдым.  

Шараның басты ұйымдастырушысы «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызымен Алматы облысының әкімдігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, ҚР Мәдениет және спорт министрліктері серіктесе отырып, туризмді дамытудың басты кілті болып табылатын медиа құралдардың маңыздылығын айқындауға ұйытқы болды. Әлемнің он беске жуық мемлекетінен, еліміздің түкпір-түкпірінен атарылтқан халықаралық және отандық БАҚ басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, журналистер, баспасөз хатшылары, PR менеджерлер мен туризм саласының мамандары   туризм инфрақұрылымын дамыту, туризмді мемлекеттік реттеу мен қолдаудың тиімді тетігін құру, елдің тартымды туристік имиджін қалыптастыру, туристік әлеуетті арттыру мәселелерін кеңінен талқылады. «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндігі», «Туризм мен жаңа коммуникацияларды дамытудағы БАҚ-тың маңызы», «Медиа. PR және туризм индустриясы», «Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе» тақырыптары қамтылды. Жиынға арнайы келіп қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев туристік нарықта салыстырмалы түрде Қазақстанға деген үлкен қызығушылықтың барын, болашақта шетелдік туристер ағынының ұлғаюы Қазақстанды Орталық Азия мен Еуразиядағы жаңа әрі тартымды нысан ретінде көрсететінін алға тартты. Экономиканың өсімін қамтамасыз етудің жаңа бағыттарын қалыптастыру, туризмді дамытуға мемлекет тарапынан қолдау жасау шеңберінде маңызды жобаларды жүзеге асыру қажет. Осы жолда БАҚ-ның алатын орны айрықша. Бұл ретте тарихи және мәдени орындар турасында ақпарат таратып, туризмді насихаттауға оң ықпал ететін медиа құралдармен тығыз байланыс орнату қажеттігі айтпаса да түсінікті. Даму жоспары шеңберінде туризм инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын арттыру қарастырылған. Қор президенті Нәзия Жоямергенқызы бүгінгі күні қолға алынған кешенді жобалардың туристер ағынын көбейтуге ықпал ететіндігіне тоқталды. Айтуынша,  «Ковид-19» індетінен соң әлем бойынша туризм күрт дамып, 1 трлн доллар табысқа кенелген. Табиғи ландшафтарымен, флора-фаунасымен және көшпелілердің тарихи-мәдени мұрасымен әрі көне қалалар мәдениетімен үйлесім тапқан туристік турлар Қазақстанды бәсекеге қабілетті ете түседі. Бұл жерде ұлттық турөнімнің тартымдылығы артады. Халықаралық кәсіпкерлік пен іскери ынтымақтастықтың маңызды саласы халықаралық сауда шеңберіне кіруге мүмкіндік туады. Дамыған бәсекеге қабілетті туристік индустрия құрылатын болады. Сондықтан бірінші халықаралық медиа және туризм форумын еліміздің орталықазиялық өңірдің туризм орталығына айналуы үшін жасалған құтты қадам деп тануымызға әбден болады.

Аюлы сарқырамасы

Форум аясында Алматы облысының көрікті жерлеріне пресс-турлар ұйымдастырылды. Бірінші Түрген шатқалында орналасқан Аюлы сарқырамасына бет алдық. Туристер мен тауға шыққанды жақсы көретін тұрғындар ең көп баратын орын. Алматылықтардың көпшілігі демалыс күнін осында өткізеді екен. Әсем табиғат аясында таза ауада демалуға отбасымен де келетіндер бар. Бұл жерден шынайы көркемдікті сезінесіз. Тау шатқалында таза ауамен кеуде кере демалғанда жан сарайыңыз ашыла түседі. Жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесі бірігіп, ерекше үйлесім тапқан. Аюлы сарқырамасы Іле Алатауы ұлттық саябағының аумағында орналасқан. Орталығы Алматыдан 80 шақырым жерде. Осы жерден жаяу баруға болады. Ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын жол барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді бағыт болып саналады. Сарқырама теңіз деңгейінен 1520 метр биіктікте орналасқан. Биіктігі – шамамен 30 метр. Мұнда аюлар топтасып тіршілік етеді. Атауы да соған сай. Түрген шатқалында бірнеше сарқырама бар. Ең танымалы Аюлы.

Таңғажайып Шарын

Табиғат ананың таңғажайып туындыларының қатарында Шарын шатқалы да бар. Алматы қаласынан 200 шақырымда орналасқан шатқал 12 млн жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Тау биіктігі 300 метрге дейін жетеді. Жартастары қызғылт түсті. Шатқалды бойлай Шарын өзені жылжып ағып, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымға дейін созылып жатыр. Мұндағы сұлулықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Бөгде ғаламшарға келгендей күй кешесіз. Түрлі формадағы жартастар алуан өрнектерге бай. Бір сырды жасырғандай жерге шөге түскен. Олардың қалай пайда болғандығы қызықтыра түседі. Жергілікті тұрғындар Шарынды бақсылар рухы қорғайды дегенге сенеді. Шатқал асып, жоғалып кеткен туристер туралы  аңыздар көптеп таралған. Ертеде шайтан қала деп те аталған екен. Мұнда «Қамалдар алқабы», «Айдаһар шатқалы», «Бақсылар шатқалы» деп аталатын орындар бар. Флорасы мен фаунасы алуан түрлі. Бұл күні жол талғамайтын көліктер қол-аяғымызды жерге тигізбей, діттеген жерге жеткізіп тастады. Фотоаппаратымызды, асай-мүсейімізді сайлап келген біз экзотикалық көріністі шамамыз келгенше сол қалпында түсіріп алуға тырыстық.

Көлсай кереметтері

Көлсай еліміздегі ең көне және әдемі жерлердің бірі. Тұмса табиғат аясында демалғысы келгендер үшін таптырмайтын жер. Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлін көзбен көруді бұрыннан армандап жүруші едім. Түркітілдес журналистер қорының арқасында тілегіме жеттім. Көлсай өзенінің ағымында үш көл орналасқан. Жоғарғы, ортаңғы, төменгі Көлсай көлдері. Негізінен ұлттық парк аумағына жұрт табиғатты тамашалау, таза ауада серуендеу үшін келеді. Өйткені мұнда емдік қасиеті бар бұлақ, батпақ пен шипажайлар жоқ. Туристерге жақсы демалыс жағдайын жасау үшін қонақүйлер қатары артып келеді. Кәсіп ашуға да мүмкіндік бар. Қолөнер бұйымдары демалушылар назарына ұсынылуда. Электр желісі жоқ алыс кордондар күн батарейкасымен жұмыс істейтін баламалы энергия көздерін пайдаланады. «Саты ауылы-Саты асуы» туристік маршруты абаттандырылып, Көлсай көлі демалыс орнында жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ жол салынған. Бізді Алланың нұры – ақ жауынымен қарсы алған Көлсай көз қарықтырған сұлулығымен тамсандырып, шығарып салды.

P.S. Төрт күн бойы түрлі күйге бөлеген, шығармашылық шабыт шақырған, қанаттандырған келелі басқосу салтанатты кешпен, әсем ән, тәтті күймен өз мәресіне жетті. Әдемі әсермен қимай, қимай қоштастық.

 

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Общереспубликанская акция «Народный юрист» пройдет во всех крупных городах Казахстана

 30 мая в 10:00 всех крупных городах Казахстана стартует общереспубликанская акция «Народный юрист». Цель акции …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *