Воскресенье, 24.11.2024

Ұлытау облысында 15 дәрігерге 5 млн теңгеден беріледі

Ұлытау облысының денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен проблема – кадрлар тапшылығы. Осы мәселені шешу үшін тиісті ведомство басшылығы басқа өңірлерден мамандар тартуға ниетті. Ол үшін келген дәрігерлерге 5 млн. теңге көлемінде көмек беріледі деп көзделіп отыр. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, бұл өңірдегі медицина саласындағы басқа да маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлытау облысының медицина саласында елеулі өзгерістер болады деп күтілуде. Жаңадан құрылған өңірдің денсаулық сақтау жүйесі де енді ғана аяғын нық баса бастаған. Десе де, әлі де күрмеулі мәселелер жетерлік. Оларды шешу жолдары, даму жоспары және қажеттіліктер жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ләззат Ранова баяндап берді.

Ләззат Нәбиқызы, кадрлар тапшылығына қатысты мәселені қалай шешіп жатырсыздар? Қандай бейінді мамандар жетіспейді сіздерде?

Бұл қазіргі таңда ең өзекті мәселе болып отыр. «Кадрлар барлығын шешеді» деп бекер айтылмаған. Аталмыш сөздердің маңыздылығы ешқашан жоғалмайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда бізде облыс бойынша 66 дәрігер жетіспейді. Бұл ретте мен тек дәрігерлер туралы айтып отырмын. Орташа медперсонал дефициті жоқ деп айтуға болады. Бірақ белгілі бір мамандықтар бойынша сәл қажеттілік бар. Кадрларға қатысты мәселе келесідей. Бұл проблемалар жайлы облыс әкімі де, мәслихат төрағасы да біледі. Барлығымыз бас қосып, біздің өтініш бойынша олар қолдау көрсетіп, 2023 жылға 15 маманға 5 млн теңгеден қаражат бөлінді. Келесі жылы да осы бағытқа ақша бөлінеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл сұрақ шешілген. Ендігі кезекте мәселені шешу үшін біздің тараптан жұмыс жасалуы керек. Ол дегеніміз, бізге қажетті кадрларды табу керек. Қажетті мамандарды барынша іздістіріп жатырмыз. Кейбір дәрігерлерді тауып алдық. Олар енді резидентурасын аяқтап, не болмаса, тәжірибелі дәрігерлер болса, тұрмыстық сұрақтарын шешіп, келеді деп күтіп отырмыз. Бізге кімдер керек? Бірінші кезекте, акушер-гинекологтарға деген тапшылық өте жоғары. Сонымен қатар реаниматологтар, неврапатологтар, кардиологтар, ревматологтар, аллергологтар, терапевт пен педиатрлар. Бұл негізгі тапшы мамандарымыздың тізімі. Қазіргі таңда бір маман Балқаштан келді. Жұмыс жасап жатыр бізде. Бұдан бөлек резидентурасын аяқтағалы жатқан дәрігерлер келуі тиіс. Ол резиденттерге жергілікті бюджеттен олардың оқуының ақшасын төлеу қарастырылған. Мысалы, кейбір грантқа түсе алмаған резиденттерге жергілікті бюджеттен қолдау көрсетіліп, 3 жылдан соң олар оқуларын тәмамдап, бізге келіп жұмыс істейді. 2023-2025 жылдарға 66 резидентке ақша бөлінді. Оның ішінде облыстық көпсалалы ауруханаға 17 резидент жұмысқа тартылады. Аурухана олардың барлығының оқуының ақшасын төлеуге шамасы жетпегендіктен, біз басқарма тарапынан қаржы бөлуді ұйғардық. Ол резиденттердің оқуы мен стипендиясын төлейміз. Келесі жылдан бастап біртіндеп жас мамандар жұмысқа кірісе бастайды. Келісімшарт бойынша олардың әрқайсысы біздің ауруханаларда 5 жылдан қызмет етуі тиіс.

Жұмысқа жұмылдырылатын жас мамандардың баспана мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Бұл мәселе де қазіргі таңда күрделі болып тұр. Бірақ облысымызда 9 қабатты 11 үй салынуы тиіс. Соның 30 пәтерін денсаулық сақтау саласына беріледі деп жоспарланған. Тура солай білім саласына да бөлінеді деп айтылды. Себебі кадрлар тапшылығы осы екі салады ең өткір болып тұр.

Әзірге, ол үйлер салынғанша, біз Қарағанды облысының құрамында болғанда 2020-шы жылы Денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы Ержан Шәкірұлы «Қазақмыспен» жақсы өзара келісімге келіп, денсаулық сақтау саласына Сәтбаев қаласында 12 пәтер, ал жезқазған қаласында 20 пәтер алды. Бұл пәтерлер «Қазақмыс» корпорациясының иелігіндегі баспаналар. Бірақ денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерге бөлінген. Ол пәтерлерде тұрып жатқан мамандарымыз жылына 5 мың теңге ақы төлейді. Егер сол үйде тұрып жатқан маман жұмыстан кетіп жатса, ол пәтерге басқа дәрігер кіретін болады. Ол баспананы ешкім өз меншігіне ала алмайды.

Сонымен қатар Чехов көшесінде ведомстволық тағы 7 пәтеріміз бар. Оның 4-уі көпсалалы аурухананың мамандарына арналса, қалған 3-уі Жезқазған қалалық емханасының баспанаға мұқтаж мамандарына арналған.

Жоғарыда атап кеткен 11 үй салынып біткенше, емханалар мен ауруханалар өздерәне келген мамандарға жалға алынатын пәтерлердің ақысын төлеп отырады. Осындай қолдау жасалып жатыр. Себебі мамандар өте тапшы. Сондықтан қажетті маманды тарту үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Ең бастысы сол дәрігерлеріміз халықтың денсаулығын сақтауға жұмыс істесе болғаны.

Жезқазған тұрғындары тарапынан неонатолог маман тапшы деген шағым айтылған болатын. Бұл бейінді мамандар саны қанша?

Неонатологтар да, жоғарыда атап кеткен тапшы мамандар тізімінде бар. Бірақ қазіргі таңда Жезқазғанда 4 неонатологымыз жұмыс істеп жатыр. Өткір тапшылық бар деп айта алмаймын.

Статистика бойынша Ұлытау облысы елімізде ана мен бала өлімі бойынша бірінші орында тұр. Бұл көрсеткіштен арылу үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?

Мұндай проблема, шынымен де бар. Биылғы жылы бірінші кварталда біздің облыста, Қаражал қаласында ана өлімі болды. Бұл ретте тағы да барлығы кадрлардың тапшылығына байланысты. Жуырда Қаражалға Алматыдан бір реаниматолог келеді, ол бірінші тамыздан бастап жұмысқа кіріседі. Ол маманға 5 млн. теңге көтерме ақысын дайындап отырмыз. Сонымен қатар сол Қаражал қаласына бір хирург қажет. Сәтбаев қаласынан ол жаққа бір хирург барғысы келген болатын. Бірақ ережеге сай, мамандарға берілетін 5 млн. теңге көтерме қаражат облыс ішінде ауыс-түйістер болса, төленбейді, тек сырттан келген дәрігерлерге берілуі тиіс. Сондықтан қазіргі уақытта Қаражал қаласына қажетті хирургті іздеп жатырмыз.

Облыс бойынша тіркелген ана өлімі де сол қаражал қаласында болды. Қазіргі таңда тергеу процедурасы әлі де жүріп жатыр. Негізгі себеп – уақытында реаниматологтың болмай қалуы. Айта кету керек, ол қалаға біз реаниматолог жіберген болатынбыз. Бірақ ұжыммен тіл табыса алмағандықтан, ол маман басқа қалаға ауысып кетті. Географиялық тұрғыда бұл қала ыңғайсыз орналасқандықтан, ол жерге мамандарды тарту өте қиын. Сондықтан кадр тапшылығы бар, бірден барлық мамандарды табу мүмкін емес. Акушер-гинекологтары бар, реаниматолог жуырда келеді. Енді хирург тауып алатын болсақ, негізгі қажет деген дәрігерлері болады.

Ана мен бала өлімі көрсеткіші тізімінде біздің облыстың бірінше орында болуының тағы бір себебі – аумақтың кеңдігінде. Біздің ауқымды территориямызда халық тығыздығы төмен. Облысымызда 220 000 адам ғана тұрады. Соның салдарынан кез-келген көрсеткіш зор болып көрініп тұрады. Тұрғындарымыздың саны ұлғаймайынша, бұл көрсеткіштер солай қала береді.

Медициналық мекемелердің жабдықталуы қандай деңгейде?

Біздің медициналық мекемелер 72-84% шамасында жабдықталған. Жұмыс істеуге қажетті негізгі құрылғыларымыз бар. Ал қажет деген жабдықтардың ішінде не болмаса тозу мерзімі жеткен құрылғылар, не болмаса технологиялардың тез жетілуіне байланысты жаңартуды талап ететін құырлғылар жатады.

Мысалы инсульт орталығына келер болсақ. Бұрын ол Жезқазған өңіріне қызмет ететін. Енді облыстық деңгейге өткендіктен, бұл орталықта ангиограф болуы тиіс. Бұл құрылғы Денсаулық сақтау министрлоігінің жоспары бойынша 2024 жылы орнатылуы тиіс. Сонымен қатар Жаңаарқа ауданында да ангиограф орнату көзделіп отыр. Себебі ол жерде ауданаралық аурухана орналасады. Атасу кенті республикалық маңызы бар трассаның бойында орналасқандықтан, жарақат алу көрсеткіші жоғары. Сондықтан барлық медициналық көмек түрлері көрсетілуі тиіс. Негізі Жаңаарқа аудандық ауруханасы барлық дерлік қажетті кадрлармен қамтамасыз етілген, негізгі құрал-жабдықтардың басым бөлігі бар, КТ аппаратты бар, келесі жылы ангиограф алынса, біраз мәселесі шешіледі деп ойлаймыз.

Гемодиализ аппаратымен қамтамасыз етілген бе облыстағы ауруханаларыңыз? Басқа өңірге барудың қажеті бар ма?

Жезқазғанда гемодиализ бар. Сонымен қатар жанымыздағы Сәтбаев қаласында да бар. Осы екі қаланың тұрғындарын қажетті гемодиализ аппараттармен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ Жаңаарқа ауданында да осындай құрылға орнатылған. Негізінен бұл аппараттар облысқа жеткілікті. Бірақ Қаражал қаласында 1-2науқас бар, олар өз қалаларына гемодиализ қойып беруді сұрап отыр. Дегенмен, бұл аппарат өзін экономикалық тұрғыдан ақтау керектігін ұмытпауымыз керек. Оның қызметі бар, жөндеуі бар дегендей. Ол тұрғындарға Жаңаарқаға көшуді ұсындық. Себебі екі адам үшін миллиондаған қаражатқа алынатын құрылғыны жекеменшік мекемелерге орнату тиімсіз. Ол аппаратты жеке кәсіпкерлер орнатып, одан пайда көруді көздейді. Егер пайдасынан шығыны көп болса, ешкім ондайға келіспейді. Бұл ретте біз өзіміз ондай қымбат құрылғыны сатып ала алмағандықтан, бизнес өкілдерімен келісімшартқа отырамыз. Бірақ, дегенмен де, облыс бойынша гемодиализге қажеттілікті жауып отырмыз деп айта аламыз. Өңірдегі 220 мың адамға жалпы есептегенде 22 аппарат орнатылған 4 орталық бар. Ол жеткілікті. Себебеі өңір бойынша Себебеі өңір бойынша 74 науқас тіркелген. Оның 32-сі Жезқазғанда, 38-і Сәтбаевта, сонымен қатар 4-і Жаңаарқа мен Қаражалда тұрады.

Сіздердің өңірде онкологиялық аурулар көрсеткіші жоғарылады? Неліктен?

Қатерлі дертке шалдыққандар саны неліктен өсіп кетті деген сұраққа келесідей жауап берер едім. Бұл көрсеткіш онкологиялық ауруға шалдыққандарды ерте анықтауға тікелей байланысты. Бұл дегеніміз жақсы. Себебі адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік артады. Дертке шалдығу саны өскен жоқ деп, науқастарымыздың соңғы кезеңге жеткенін күткеннен гөрі, теріс көрсеткішіміз өссе де, тұрғындарымыздың өмірін өлім аузынан арашалап қалуға кішкенеде болсын мүмкіндік жоғары болғаны жақсы біз үшін. Ауруды ерте анықтағанымыз науқастың бес жылдық, он жылдық өмір сүру кезеңін созғанымызды білдіреді.

Технологияларымыз жақсарып келеді, онколог дәрігерлеріміз де бар. Осы ретте марқұм Мұратбек Дәулетханұлына (Мұратбек Жұмакаев — онкологөхирург) және Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғысымыз шексіз. Себебі кезінде олар бізге жоғары білікті мамандарды дайындап берді. Химио-терапевтер жұмыс істеп жатыр. Бірақ әлі дебізге торокалды онкологтар, абдоминалды онколог, цитогистолог керек. Ол мамандарға 5 млн теңге көлемінде көтерме қаражат беруді көздеп отырмыз.

Шалғай аудандарда жедел медициналық көмек қалай қамтылған?

Облысымыздың аумағы үлкен, тұрғындар тығыздығы төмен. Сонымен қатар ауылдар шашыраңқы орналасқан. Олардың арақашықтығы үлкен. Сондықтан халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін бізде санитарлық авиация жұмыс істейді. «Қазақмыс» корпорациясы ұсынған бір ұшағымыз бар. Ол жедел көмек қажет болған жағдайда ұшуға әрдайым дайын. Ал ұшақ қона алмайтын жерлерге жету үшін ТЖ министрлігі мен облыс әкімінің келісімі бойынша шүғыл жағдайларға тікұшақ жіберу мүмкіндігі бар. Ал көліктерге келсек, арнайы көліктеріміз бар. 2022-ші жылдың соңы мен 2023-ші жылдың басында облыс бойынша 12 жеделжәрдем көлігі сатып алынды. Оның ішінде 7 қарапайым жедел жәрдем көлігі болса, қалған 5-уі реанимобильдер.

Бұл көліктер негізінен қалаға жарамды. Ал ауылдық жерлерге, жолы жоқ шалғайдағы елді кемендерге жету үшін УАЗ көліктері керек. Бұл ретте Жаңаарқа ауданына осындай 8көлік және Ұлытау ауданына 8 көлік қажеттілігі бар.

Осы және басқа да мәселелер біртіндеп шешіледі деген ойдамыз.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Автор: Агата Мухамеджанова    https://www.inform.kz/kz

 

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *