Суббота, 23.11.2024

Қазақтың келіні

Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан Ирина Сейітова бүгінде бір әулеттің ырысын арттырып, отбасының ұйытқысы болып отыр. Қазақ тілін еркін меңгерген, салт-дәстүрімізді де қатты құрметтейді.
Ирина Сейітова сырдың қызы. Қызылорда облысында дүниеге келген. Жезқазған поселкесіне өндірістік тәжірибеден өтуге келген кезінде өмірлік жарын жолықтырып, Марат Сейітовке тұрмысқа шықты. Енесі Зоя мен атасы Қазынабектің разылығы мен батасын алған Ирина Владимировнаның екі абысынымен де береке-бірлігі жарасқан.
– Жиырма үш жасымда қазақ жігітінің етегінен ұстап, табалдырық аттадым. Екі қайынапам, бір қайын бауырым мен сіңілім мені жатсынбады. Жолдасым әулеттің кенжесі болғандықтан ата-енеммен бірге тұрып, тәрбиесін көрдім. Үлкендердің көңілінен шығып, қонақ күтіп, айт шайын беріп, барлық жөн-жосықты меңгеріп алдым. Бұл тұрғыда әулеттегі кең пейілділік пен бауырмалдық қасиеттері ерекше ықпал етті, – дейді.
Қазақ тілін үйрену ол үшін аса қиынға соқпаған көрінеді. Оған ортасы да әсер еткен. Өз отбасының қазақша сөйлегені де тіл меңгеруге септігі тигізген. Қазақ тілін білмейтіндерге және қазақша үйренгісі келетіндерге үнемі ақыл-кеңесін айтып жүреді.
Сейітовтер әулетінің сүйікті келіні болып қана қоймай, қызметте де жетістіктерге жеткен Ирина Владимировна 2001 жылы алғашқы еңбек жолын Солтүстік Жезқазған кенішінде бастады. Бүгінде «Жыланды» кенішіндегі жұмысшыларға қызмет көрсету бөлімінің инженері. Сонымен қатар, «Аманат» партиясының сол кеніштегі төрайымы.
Қазақтың келіні атанғанына 32 жыл болған Ирина Владимировна үш баланың анасы. Дарханы мен Данияры жетістіктерімен қуантып ержетіп қалды. Жалғыз қызы Меруертін өз теңіне ұзатты. Жиен немересі дүниеге келетін, әже атанатын күн де алыс емес.
Ол ежелден өзін қазақпын деп есептейді. «Қазақ елінде туып-өсіп, суын іштім. Олай болса, мен қазақпын», – дейді ағынан ақтарыла. Десе де, «Тілің, дінің басқа, салт-дәстүрді қалай ұстанасыңдар?» деп жиі сұрайтындар бар көрінеді. Жауабы дайын.
– Ұлтым басқа болса да, жарым деп жүрегін ұсынған азаматтың еліне, тіліне, салтына үлкен құрметпен қараймын. Өйткені қазақ халқының салт-дәстүрі баға жетпес құндылық, – дейді қазақ халқына келін болғаны үшін өзін бақытты сезінетін кейіпкеріміз.
Мейрамгүл Саяжанқызы
                 
                         

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *