Суббота, 23.11.2024

«Туған ел – әр адамның түп қазығы»

«Шарайна» газетінің сенімді серіктесі Жаңа ҒМ радиосының «Сәтті күн» бағдарламасына Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір скайп арқылы сұхбат берген болатын. Қаламыздың ішкі ахуалы, тыныс-тіршілігі жайлы өрбіген әңгімені қағаз бетіне түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық.
– Жол инфрақұрылымы төңірегінде қандай мәселелер туындауда? Оны жетілдірудегі жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Қаламыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 90 шақырымды құрайды. Биылғы жылы ұзындығы 7 де 8 шақырым болатын 11 аулаішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Қаланың төменгі бөлігі саналатын аумақтарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Наурыз 3 А, В, Г көшелеріндегі аулаларға асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы мен футбол алаңдары жасақталуда. Қаламыздың 50 жылдығы қарсаңында 20 балалар, 20 футбол алаңы орнатылу үстінде. Ашық аспан астындағы «Жастар» стадионын қайта жаңғыртудан өткізіп, қолданысқа бердік. Іргелес жатқан жалпы білім беретін №27, 14 мектеп арасындағы жолдар жөнделіп, толық абаттандырылуда. Жыл соңына дейін жолдардың жағдайы 75 пайыз жақсаратын болады.
– Қалада тозығы жеткен, жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер жетіп артылады ғой…
– Иә. Апатты деп танылған 21 үй бар. Сонымен қатар, апат алдында тұрған 6 үй тіркелген. Тұрғындармен келісіп, кезең-кезеңімен көшіріп, өтемақы беріп, орнына жаңа үй салу көзделуде. Гурба көшесінен бастадық. Апатты 18 пәтерлі үй тұрғындары көшірілді. Орнына жаңа үй салынатын болады.
– Экологиялық ахуал төңірегінде не айтар едіңіз?
– Қаламыздың екі жерінде ауа сапасын қадағалауға мүмкіндік беретін құрылғылар орнатылған. Көміртек оксиді, күкірт диоксиді және ауыр металдармен ластану деңгейін саралайды. Биыл №1 жылу станциясының қазандықтарына экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес автоматтандырылған маниторинг жүйесі орнатылмақ. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесін енгізу барысында 100 дана пластик қалдықтарды жинайтын қоқыс жәшіктері қойылды. Палигон мәселесі бойынша жергілікті бюджеттен заңнамаға сәйкес қаражат қарастырылып, қазір инженерлік-геологиялық және геодезиялық іздестірулер әзірлеу жөнінде мердігерлік ұйым анықталып, келіссөздер жүргізілуде. Климат және тұрақты энергетика мәселелері жөніндегі жаһандық келісімнің жобасы шеңберінде климаттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу және техникалық қолдау көрсету келісім хатына қол қойылды. Жобаның мақсаты – климаттың өзгеруіне бағытталған көпжақты бастамаларды іске асыру. Экологияны жақсарту бағытында осындай қадамдар жасалуда.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың жайына ойыссақ…
– Мүмкіндігі шектеулі төрт жарым мыңға жуық тұрғын әрдайым назарымызда. Оның ішінде бірінші топ мүгедегі – 298, екінші топ мүгедегі – 1500, үшінші топ мүгедегі 2380-ді құрайды. Бұдан бөлек үш жүзге жуық бала бар. Үйде оқитын балаларға тоқсан сайын 4 еселенген айлықтық көрсеткіш мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жүз алпысқа жуық жалғыз басты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға, алпыс балаға қолдау танытатын үш бөлімше қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бері «Нығмет» ҚБ жұмысы жолға қойылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға Алмас Қыдырбеков деген азамат шағын орталық ашқан болатын. Орталықта жиырмаға шақты бала тәрбиеленуде. Тұрақты түрде емдік шаралар көрсетіледі. Жаттықтырушылар, логопедтер жұмыс жасайды. Үйірмелер де бар. Өткен жылы үш бала толық емделіп, аяғына тұрып кетті. Емделу процесі ұзақ жүретіндіктен нәтижеге жету оңай емес. Алдағы уақытта мұнан да жоғары көрсеткіштерді бағындырамыз деген сенім мол. Кадр тапшылығы туындауда. Осы саланы жетік меңгерген мамандар жетіспейді. Болашақта медицина мамандарын қаламызға көптеп тарту үшін келіссөздер жүргізілуде. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, өтемақы төлеу мәселесі шешілуде. Алдағы уақытта он бес маманға облыстық бюджеттен 5 миллион теңге көлемінде қолдау көрсету қарастырылуда. Бұл жұмыстар басқа да бағытта дамитын болады. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлінетін болады.
– Қала тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады?
– Мен халыққа барынша ашықпын. Әлеуметтік желілер арқылы үнемі байланыстамын. Жеке парақшамда белсенді болуға тырысамын. Әр адамға жауап беруге уақыт табамын. Парақшамды өзім жүргіземін. Күнделікті есеп беріп отырамын. Аптаның әр сәрсенбісі сағат бестен кейін азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаймын. «Ауладағы кездесулер» жобасын бастаған болатынбыз. Екі аптада бір рет хабарландыру беріп, екі-үш үйдің тұрғындарымен сол аулада кездесеміз. Ол жерде әр үйдің, әр ауланың проблемасы ортаға салынады. Сонымен қатар, инстаграмм желісі бойынша тікелей эфирге шығып, тұрғындардан келіп түскен сауалдарға жауап беремін. Түрлі мәселелерді талқылаймыз. Нәтижесі жаман емес.
– Биыл Сәтбаев қаласының құрылғанына елу жыл. Мерейтойға орай қандай ілкімді шаруалар атқырылуда?
– Жыл басынан бері бірнеше ірі жоба жүзеге асты. «Қаныш» фильмінің тұсауы кесілді. Т.Қалмағанбетовтің әндеріне арналған үшінші республикалық байқау ұйымдастырылды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен дүлдүл әншілер қатысып, Тайжан мұрасын паш етті. Жартығасырлық шаһар тарихына арналған қысқа метражды фильм түсірмекпіз. Қыркүйек айында көрерменге жол тартатын болады. Келесі айдың соңында республикалық ақындар айтысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұрындары жас ақындар айтысына көңіл бөліп келген едік. Енді халық кемеліне келген, әккі ақындардың жырларына қанығатын болады. «Туған жер» жобасы аясында мерейтойлық медаль дайындап, қаламызды дамытуға үлес қосқан жерлестерімізді марапаттау көзделуде. «Туристік кәдейсый», «Үздік аула-2023» «Ең үздік кәсіпкерлік нысан» байқаулары ұйымдастырылады. Қала күнінде Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында салтанатты шара өтіп, орталық алаңда театрландырылған қойылым көрсетілетін болады. Шара кешкісін эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласады. Қаламыздың дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып, еңбегі сіңген азаматтар құрметті қонақ ретінде шақырылады. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-мен бірлескен меморандум аясында «Кеншілер даңқы» алаңы қайта жаңғыртылады. Осы игі істің барлығы тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлайды деген үміттемін.
– Меретой қарсаңында ізгі лебізіңізді білдіре кетсеңіз…
– Кеншілер шаһарының тұрғындарын жартығасырлық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Туған ел – әр адамның түп қазығы ғой. Әр азамат жанашырлығымен көзге түсіп, «Елімнен не аламын деп емес, туған жеріме не беремін?» деген оймен жүрсе екен деймін. Әрқайсыңызды қаламыздың көркеюіне үлес қосуға шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *