Суббота, 23.11.2024

Президент Жолдауы – саяси тұрақтылық кепілі

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Білім күні мерекесімен қатар барша қазақстандықтар жыл сайын үлкен үмітпен күтетін Үндеуін жариялап, билік басындағыларға нақты тапсырмалар беріп, жаңа міндеттер жүктеп, баршамызға жағымды бірқатар жақсы жаңалықтар жариялады.

Аталған мереке күні жарияланған Үндеуде ел Президенті «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 400-ге жуық мектеп салынатындығын атап өтті. Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті.

«Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан, білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» екені ақиқат. Саннан сапаға, сападан нәтижеге жету әр адамның алдына қойған мақсаты болса, еліміздің дамуы да нәтижелі болары сөзсіз.

«Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» деп Мемлекет басшысы Жолдауда айтқандай білім алушылардың жоғары жылдамдықтағы интернетке қолжетімділігі артып, әрі тегін болса барлық ұстаздар қауымы мен ата-аналарды қуантары анық.

Біздің Қаражал-Жәйрем өңірінде де білім беру ордаларына тиісінше көңіл аударылып, қазіргі таңда ең қажетті интернет жылдамдығын арттыру және интернет жүйесі жоқ жерлерге интернет желісін тарту мәселелері қолға алынады деп үміттеніміз. Дәл қазіргі таңда бұл проблема ең өзекті проблема болып тұрғаны баршамызға белгілі.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы да, дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейгені, қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары екендігі, жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілгені, миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болғаны айтылды.

«Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді» деп туризмге барынша көңіл аударуды тапсырды. Осы мақсаттағы жұмыстар тиісінше атқарылып, біздің өңіріміздегі елге көрсете алатындай, ел келіп, емдеріне шипа таба алатындай жерлер назардан тыс қалмаса екен деген тілегіміз бар. Мысалы, іргеміздегі Шалғия елді мекені Кеңес Үкіметі тұсында еліміздің түкпір-түкпірінен дерттеріне дауа іздеп келетін, емдік қасиеті бар мекен болғаны баршамызға аян. Қазіргі таңда, Шалғия бұрынғыдай емделушілерді қабылдап жатқан жоқ. Бірен-саран жекелеген адамдар ғана барып, дерттеріне шипа іздеп, 2-3 күн әупірімдеп, емдік қасиеті бар балшығын пайдаланып кетуде. Сол жер қайтадан жанданса, бұрынғыдай науқастарды қабылдап, ем алатын шипажайға айналса тамаша болар еді» деген халықтың арманы бар.

«Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек.

Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі.

Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн», деп кесіп айтқан Президент сөзі қолға алынса және біздің де қойнауы пайдалы қазбаларға бай жеріміз тиісінше игеріліп, әлемдік нарыққа шығатындай байлық өндіріліп, еліміздің экономикасына қосар үлесі артса екен деп ойлаймын.

Біздің өңірімізге жақсы таныс тақырып – ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал екендігін алға тартқан Үкімет басшысы, сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармағанын да қадап айтты.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктерін көпке үлгі етті.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін, оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігін, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажеттігін айта келіп, машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал» деп қадап айтты.

Келесі кезекте тағы да халықтың ең өзекті мәселесі, энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажеттігі үнделді. Энергетика саласындағы проблемаларға Қасым-Жомарт Тоқаев былайша тоқталды.

– Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес.

Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс.

Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады.

Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады.

Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды!

Қаражал-Жәйрем өңірінің халқы ғана емес, еліміздің көптеген жерлерінің халқы асыға күтіп жүрген өзекті мәселе  елді газбен қамтамасыз ету де Жолдауда қозғалып, тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет.

Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар, жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды»  деді Президент.

Қаражал-Жәйрем өңіріндегі қазіргі таңдағы, әсіресе жаз мезгілдеріндегі ең күрделі проблема су ресурсы да барынша қозғалды. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғаны айтылды.

Сондай-ақ, ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.

Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені, оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан, тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ, еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын» деген Президент сөзіне Үкімет шұғыл құлақ асып, осы мақсатқа арнайы құрылған су жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі аянбай еңбек етеді деп сенеміз.

Сондай-ақ, автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиістігін баса айтып, «Қазір жолдың сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан, жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек.

2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет» деп қатаң талап қойды. Бұл көтерілген мәселеге, бұл берілген тапсырмаға қуанбаған қазақстандық жоқ шығар. Себебі, автокөлік жолдарының бар жағдайын сіз бен біз жақсы біліп, көріп отырмыз.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керектігін, сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе екендігін, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет екендігін айта келіп, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.

Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» деді.

Интернет жылдамдығы қолға алынып, цифрлы ресурстар тегін әрі қолжетімді болады деп, жарқын болашаққа үлкен сеніммен қараймыз.

Біздің өңірімізде жергілікті халықтың 60-70 пайызы еңбек ететін үш үлкен өндіріс ошағы бар. Бірі Қаражал қаласындағы Өркен-Атасу шахтасы болса, екеуі Жәйрем кентінде орналасқан «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ мен «Жәйрем марганеці» АҚ. Өте күрделі және жұмыскер денсаулығы мен өміріне зиянды және қауіпті жұмысты атқарып жүрген жұмыскерлердің өндірістік жарақат алуының жиілеуі де өте өткір мәселе болып отырғанын Үкімет басшысы ашып айтып, «Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.

Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр» деп тапсырма берді.

Президент сонымен қатар, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре беретінін, азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсыратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының соңында айтқан мына бір сөзі  бізге жігер берді:

– Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.

Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер.

Үкімет басшысының біз көрсеткен мәселелерден бөлек көптеген түйткілді ойларды қозғаған бұл Жолдауы еліміздегі бар өзекті мәселені қамтыды деп ойлаймын. Осы Жолдауға сүйеніп, Президенттің бар талабы мен бұйрығы орындалса, қазақ елі өркениетті елге айналатыны сөзсіз.

Шынымен де, біздің Отанымыз Қазақстанды ешкім де сырттан келіп көркейтіп бермейді. Отанға деген сезімімізді біз сөзбен емес, іспен көрсеткеніміз абзал. Аллаға шүкір, қазір еңбек етемін, жеке кәсіп ашамын, елімнің өркендеуіне қол ұшымды созамын деген әрбір қазақстандыққа бар мүмкіндік жасалған. Бізге тек қана еңбектену керек, жалқаулыққа салынбау керек. Бірлігіміз жарасып, тыныштығымыз сақталып, Отанымыз үшін отқа түсуге дайын болсақ, жарқын болашаққа, Әділетті Қазақстанға бірге жететінімізге кәміл сенемін!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

Қаражал қалалық мәслихатының депутаты.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *