Суббота, 23.11.2024

Алаяқтықтың ежелгі және қазіргі схемалары

Бүгінде қаржылық алаяқтық және қаржы пирамидасын құрудың ­тәсілдері жаңа деңгейге көтеріліп, күрделене бастады. Бұл туралы біз «Қазақстанның қаржы мәдениеті» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің және «Сапалы сауда» тұтынушылар одағы» өңірлік қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юрий Лимен әңгімелестік.

– Қазіргі кезде өзіңіз жетекшілік етіп отырған қордың қыз­меті туралы толығырақ айтып беріңізші.

– «Қазақстанның қаржы мәдениеті» қоғамдық қоры өз жұмысын 2021 жылдан бастады. Сол кезде адамдар өз өтінішін қалдырып, алаяқтық пен қаржы пирамидасының белгілерін өз бетінше анықтауға үйренуі үшін stop-piramida.kz сайтын құрдық. Сайтқа Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жосықсыз ұйымдарының қара тізімі, жеке сот орындаушыларының ақпарат базасы арқылы әлеует­ті серіктестердің ақпаратын тексеру мүмкіндігі сияқты бірнеше қолданыстағы ресурс қосылды. Содан соң Instagram парақшасы құрылды, ол зардап шеккендердің өтінішін қабылдауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, олармен жұмыс істей бастадық.

Депутат ретінде мен заң жо­­балары жоспарына қаржы пирамидасын жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы бастамашыл ұсыныс енгіздім. Көптеген талқылаудан кейін бұл жаза қабылданды. Бірқатар түзету пікірталас деңгейінде қалды, біз оларды қабылдау үшін әлі де күресеміз. Дропперлер, яғни алаяқтар қолма-қол ақша алу үшін пайдаланатын адамдар туралы мәселе өткір, сондықтан кейбір заңдарды әлі де нақтылау қажет. Біздің қызметіміз – скам-жобаларды, жалған инвестициялық жобаларды зерделеу бойынша өтініштер қабылдау. Қазіргі уақытта мен осы бағытта барынша жұмыс істеп жатырмын. Бұған электрондық саудада тұтынушыларды қорғау мәселесін де қосуға болады. Бізге, негізінен, тұтынушылар интернетте онлайн-сатып алу кезінде өз құқығының бұзылатыны туралы көп шағымданады.

– Қазір көп азамат байерлердің қызметіне жүгініп, шетелден тауар сатып алуда. Бірақ мұнда да алаяқтар кездесіп қалып жатады. Бұл адамның, мысалы, Қытайға, Америкаға барып, тауар сатып алып, әкеліп жүрген ресми өкіл, әлде алаяқ екенін қалай ажыратуға болады?

– Бізде байерлерге қатысты шағым көп болды. Өкініштісі сол, біз осы нарықтың мамандарымен байланысқа шыққанда, олардың кейбірі өздері сататын тауарға жауап беретінін білмейді. «Мен сол жерден алдым, осында әкелдім, егер түсі сәйкес келмесе, неге мен оған жауап беруім керек?» дейтіндер кездеседі. Кейде сатып алушылар маған «байерден тауар сатып алғым келеді, оның алаяқ еместігін тексеріп беріңізші» деп хабарласады. Мен оны қалай тексеремін? Байер адал болуы да мүмкін, кейде тауар кеденде тұрып қалады. Мұндай жағдай болмайды деп мен айта алмаймын ғой.

– Бірақ мейлінше сақ болу керек дейсіз бе, алаяқтардың қандай да бір белгілері бар ма?

– Қылмыскерлер, негізі, өте айлакер келеді. Жыл басында біз алаяқтықтың мынадай белгілерін атағанбыз: олар алдын ала төлемді 100 пайыз төлеуді талап етеді, жөнелтпес бұрын тауардың суретін жібермейді, шот туралы ақпаратты көрсетпейді немесе ол жабық болады, шоттары бірнеше рет өзгеруі де мүмкін. Ал қазір қаласаңыз, олардың физикалық мекенжайын тексере аласыз, алаяқтар көбіне қаладан тыс, адам аз баратын үлкен ғимарат орналасқан жерді мекенжай ретінде көрсете салуы, жеке кәсіпкерден шот-фактура жасап алуы мүмкін. Себебі неде? «Сіздің ЖК жалға аламыз» деген хабарландыруды көрген кейбір алаяқ сіздің ресми бизнесіңіздің атын жамылып, есеп айырыса бастайды. Бізде ЖК-ны заңсыз жалға беру туралы жеңіспен аяқталған сот процестері болды, бұл шығынды бүгінде сол кәсіпорындар төлеп отыр. Сондықтан кез келген тауарды сенімді сатушыдан сатып алған дұрыс, әрине.

– Байерлерді немесе өмірде жоқ сатушыларды қылмыс­тық жауапкершілікке тарту дұрыс па?

– Мұндай жағдайда міндетті түрде кәсіби қорғаушыны жалдап, сотқа жүгіну керек. Нақты оқиғаны айтар болсам, адам сауда желілерінің бірінен сүт сатып алды, сөйтсе, оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Біз түсініктемеде әрекетке қысқаша нұсқаулық жаздық. Олар бізге «бұл жерде дүкеннің қатысы қанша, мүмкін зауыт сапасыз өнім жеткізген шығар?» деген жауап қайтарды. Заң бойынша тауарға сауда желісі жауапты, ол сапалы өнімді сатуы керек, оны қайдан алғаны маңызды емес. Міне, байерлермен де дәл солай.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *