Воскресенье, 6.10.2024

«Bilim-Life» – бала болашағының кепілі

2023 жылдың ақпанында іске қосылған Bilim-Life бағдарламасы аз уақыттың ішінде сәтбаевтықтардың көңілінен шықты. Себебі, баласының сапалы білім алуын қалайтын әр ата-анаға Bilim-Life жобасы үлкен көмек көрсетуде. «Bilim-Life» «Халық-Life» АҚ-ның жаңа жүйесі. Бұл бағдарлама арқылы қазақстандықтар балаларын елімізде, сонымен қатар, шет елде оқытуға қажетті қаржыны жинай алады.

Аталмыш жүйені сақтандыру саласындағы соны серпіліс деп тануға болады. Себебі осы уақытқа дейін елімізде бірде-бір сақтандыру қызметі мемлекет тарапынан сыйақы алып көрген жоқ. Сақтандыру қоғамдастығы мен мемлекеттік институттардың белсенді жұмысының арқасында дүниеге келген жинақтау жүйесін бала болашығының кепілі деп тануға болады.

– Бала болашағының айқын болуы ата-ана үшін ерекше маңызға ие ғой. Қаншама қазақстандық баласын оқытуға қаржы таба алмай, қалаған жоғарғы оқуына түсіре алмай қиналуда. Осы ретте балаларымыздың еркін білім алуы үшін «Bilim-Life» сақтандыру бағдарламасының көмек бергені сөзсіз. Жинақтау сомасына 5% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын алып, мен сияқты көп балалы ата-аналар жылдық 7%-бен қаражат жинақтай алады. Бұл үлкен мүмкіндік және отбасылық шығындарды азайтады, қарызға батудан сақтайды, – дейді үш баланың анасы Мадина Сембаева.

Өткен жылдан бері баласы үшін  «Bilim-Life» бағдарламасына жүгінген Мадина Төлегенқызы ұлы Зейін үшін жинақтаушы бағдарламаның мерзімін және сақтандыру сыйлықақыларының өзіне ыңғайлы мөлшерін таңдап, он жылға шарт жасасқан екен.  Сақтандыру жарналарының мөлшері айына ең аз дегенде 3 АЕК-тен басталады және мөлшері шектеусіз. Осы жинаққа сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры толық кепіл болады. Салықтық жеңілдіктер кірісті сақтандыру сыйлықақыларының сомасын азайтуға мүмкіндік береді.

–  Ай сайынғы сақтандыру жарнасының ең төменгі мөлшері 10 мың теңгені құрайды. Салынатын ақшаның көлемі клиенттің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты. Сондай-ақ, жылына бір рет жарна сомасын және оны төлеу кезеңдерін таңдай аламыз. Қалай салсақ та жоба өзінің берер пайдасын жоғалтпайды. Бізге осы жері қатты ұнады. Ұлым 17 жасқа келгенде 10 миллион теңге дайын тұрады. Ай сайын 42 мың теңге жарна салып отырмыз.  Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін бұл сома балам жоғарғы білім алатын оқу орнының шотына түседі. Өте тиімді. Себебі, 10 жыл ішінде жиналған қаражат қосымша сақтандыру Компаниясының есебінен 2,3 миллион, мемлекеттен сыйлықақы есебінен 2,6 миллион теңгеге көбейеді. Бұл қомақты қаржы бала мен оның отбасының мүмкіндігін арттыра түспек. Сондықтан ертерек қам жасасақ, қапы қалмаймыз, – дейді Мадина Сембаева.

Алайда, бұл жүйеге келісім-шарт жасау үшін ата-ана өз өмірін сақтандыру тиіс. Клиент кез-келген себеппен мүгедек болудан немесе қайтыс болудан сақтандырылады. «Bilim-Life»бағдарламасы бойынша балалардың ата-аналарымен қандай да бір жағымсыз жағдай орын алса да, жоғары оқу орнына түскен кезде барлық соманы алуға кепілдік беріледі.  Тағы бір артықшылығы бала білім беру грантына ие болса, жинақты сақтандыру Компаниясынан инвестициялық табыспен және мемлекет сыйлықақысымен алуға немесе орнына басқа балаға қайта рәсімдеуге болады. Сонымен қатар, клиенттер бұрын өтініштерді қолмен толтырса, қазір бұл процесс автоматтандырылған. Оны электронды түрде рәсімдеуге болады. Жуырда шартты ресімдеу мобильді қосымшасы да қолжетімді болмақ.

Шағын қала, ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығының аздығы ақиқат. Қалтадағы қаржымызды орнымен пайдалану үшін ұзақжылдық жоспар құруға икеміміз жоқ. Ақша сақтауға да әуес емеспіз. Ал, баланың болашағы мен біліміне инвестиция құйып, оны сақтандыру түсімізге де кірмеген еді. Бірақ, қаржы нарығындағы инновациялық даму трендінен қалыспай, әлемдік үрдіске ене білуіміз тұрақты дамуымыздың негізгі факторы екендігін көрсетеді.

 

Мейрамгүл САЯЖАН

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Жолдау және энергетикалық қауіпсіздік

Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы халыққа энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Елдің көмірсутек ресурстарына тәуелділігі …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *