Четверг, 21.11.2024

Жерге қатысты мәселелер

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 5 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Оның шеңберінде Жер ресурстары мен жылжымайтын мүліктің бірыңғай базасын жер және құқықтық кадастрлар базасын біріктіру жолымен цифрландыру жөнінде түзетулер қабылданды.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Жер кодексі республикалық маңызы бар қалалар, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскелеріне құқықтар берудің жаңа, электрондық тәртібін регламенттейтін 44-2-баппен толықтырылды (жер комиссиясы алынып тасталды, құжаттарды қарау және келісу ұзақтығы қысқартылды).

Осылайша, Қазақстан Республикасының қалалары елді мекендер шегіндегі жер учаскелері жаңа тәртіп бойынша берілетін болады.
Жаңа тәртіп жер учаскесіне құқық алуға мүдделі жеке және заңды тұлғалардың «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жария кадастрлық картада сұралып отырған жер учаскесіне бөліп беру схемасын дербес қалыптастыра отырып, өтініш беруін көздейді.
Жер қатынастары саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру мақсатында Мемлекеттік корпорация «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізді. Жүйе екі деректер базасынан: «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер базасы мен мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтерді қамтиды.
Жердің барлық санаттарын беру «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» республикалық ақпараттық жүйесінде, қысқаша «ЖМБМК» және 17 «Өңірлік геоақпараттық жүйелерде», қысқаша «ӨГАЖ» іске асырылады.
«ЖМБМК» жүйесін әзірлеуді және тестілеуді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен бірлесіп, ал 17 «ӨГАЖ»-ды облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жүргізді.
Осыған байланысты Заңмен мынадай жаңа ұғымдар енгізілді:
— «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесі;
— Өңірлік геоақпараттық жүйе;
— Жария кадастрлық карта;
— Жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты.
Жер учаскелерін берудің жаңа тәртібі Заңға сәйкес республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде ғана қолданыста болатынын атап өту қажет. Қалған аумақтарда, қалалар шегінен тыс жерлерде және ауылдық аумақтарда жер учаскелерін берудің ескі тәртібі қолданылатын болады.
Заңнаманың бұрын қолданы­лып жүрген нормалары бойынша жер учаскелерін беру сұратылып отырған нысаналы мақсатына байланысты Жер кодексінің 8 бабымен (43, 43-1, 44, 44-1, 45, 46, 47, 48-баптар) регламенттелгенін атап өткен жөн. Жер заңнамасының нормаларын түсіндіруде түсінбеушілік пен қиындықтар болғандықтан, Заңда жер учаскелерін электронды түрде берудің екі тәсілі ғана белгіленген.
Бірінші тәсіл, әкімдіктердің Жер кодексінің 48-бабына сәйкес сауда-саттық пен аукцион өткізбей жер учаскелерін беруге рұқсат етілген мақсаттар үшін жеке тұлғаларға, мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жер учаскелерін тікелей беруінен тұрады.
Екінші тәсіл, бұл коммерция­лық мақсаттар мен бизнесті жүргізу үшін аукциондар мен конкурстар арқылы жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жер беру. Аукциондар мен конкурстар тек қана электрондық түрде, Қаржы министрлігінің www.gosreestr.kz. бірыңғай электрондық сауда алаңында өткізіледі.
Цифрландыру рәсімдерді, Жер комиссиясын қысқартуға мүмкіндік береді және беру мерзімі 30 күнге дейінгі мерзімді құрайды.

Жерді тікелей беру алгоритмі

Жер учаскесін тікелей беру рә­сіміне назар аударуды сұраймын.
Жер учаскесіне құқық алуға өті­ніш беру eGOV электрондық үкімет порталы арқылы жүргізіледі.
Жер учаскесін таңдау ЖМБМК арқылы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес Жария кадастрлық картада жүзеге асырылады.
Жер учаскесін таңдау актісін қалыптастыру және келісу ӨГАЖ арқылы жүзеге асырылады.
ӨГАЖ бұл жергілікті атқарушы органның ішкі жүйесі, онда қала құрылысы құжаттарына сәйкес жер учаскесін таңдау актісі дайындалады және ол ситуациялық схемаға сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, тиісті қызметтерге бір мезгілде келісуге жіберіледі.
Жер учаскесін таңдау актісінде қолданыстағы инженерлік коммуникациялар көрсетіледі, ал қажет болған жағдайда өтініш берушінің есебінен берілетін жер учаскесінің шекарасынан инженерлік коммуникацияларды көшіру көзделеді.
Жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу бөлігінде өтініш беруші нарықта қызмет көрсетушіні дербес таңдайды, жерге орналастыру жұмыстары тек координаттарды анықтаудан және жергілікті жерде шекараларды белгілеуден тұрады.
Нәтижелері бойынша өтініш беруші жер учаскесіне құқық беру туралы шешім, шарт және сәулет-жоспарлау тапсырмасын, сондай-ақ, портал арқылы өтініш берушінің жеке кабинетіне түсетін инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттарын алады.

Жерді аукционарқылы беру

Электрондық формат беру мерзімін 10 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте кез келген адам электрондық аукционда мемлекеттен жер учаскесін сатып ала алады.

Жерді аукциондар арқылы беру алгоритмі

Жергілікті атқарушы органдар ӨГАЖ арқылы қала құрылысы құжаттарына сәйкес бос жер учас­кесін таңдау актісін дайындайды және оны барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, тиісті қызметтермен келіседі.
Бір уақытта жылжымайтын мү­лік объектісіне кадастрлық паспорт дайындалады.
Келісілген және қалыптастырылған жер учаскесі электрондық форматта жария кадастрлық картада жариялау үшін «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне ӨГАЖ арқылы жіберіледі.
Өтініш беруші EGOV электрондық үкімет порталы арқылы ЖМБМК жүйесіне кіреді және жария кадастрлық картада бос жер учаскесін таңдайды, содан кейін аукционға қатысуға өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама ала отырып, автоматты түрде Қаржы министрлігінің www.gosreestr.kz электрондық сауда алаңына түседі. Сауда-саттық қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы орган жеңімпазбен шартқа қол қояды.
Заңды қабылдаудың мақсаты жер заңнамасын жетілдіру, жер учаскелерін беру тәртібінің рәсімдерін оңайлату, жер қатынастары саласындағы қызметтерді цифрландыру арқылы қызмет алушылардың шенеуніктермен өзара іс-қимылын барынша азайту, сондай-ақ, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту болып табылады.

Ержан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Қаражал қаласының
жер қатынастары,
сәулет және қала құрылысы бөлімі»
ММ басшысы.

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *