Әскер – өмір мектебі. Ол ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Сондықтан әрбір қазақстандық азамат сарбаз ретінде сап түзеп, әскери мектепте шыңдалудан қашпауы қажет. Ата-бабаларымыз «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғалған ұлан-ғайыр атамекеніміздің қорғаны бүгінгі жас сарбаз.
Мемлекеттің мәртебесін арттырып, елдің біртұтастығы мен халықтың тыныштығын сақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің атқаратын рөлі ерекше. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген азаматтар темірдей тәртіпке бағынып, бір жыл ішінде шын болаттай шыңдалып шығатыны жасырын емес.
Қазақстан Республикасы Конституциясындағы маңызды міндеттердің бірі – Отан алдындағы борышты өтеу. Қазіргі таңда әскери бөлімшелер Отанға адал қызмет етемін, өз еркімен әскерге барамын деген жастардың қатары артса деймін. Жаңа киімдермен, жаңа әскери техникалармен қамтамасыз етілді. Жылы казармалар, спортпен шұғылдануға, демалыс күндерін тиімді өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Әскери борышын өтеп келген соң, офицерлік жолды таңдап, ішкі істер органдарына, басқа да салаларға қызметке орналасып жатқандар бар.
Қазақ «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Әсілінде, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.