Қай кезде де мемлекетті құрайтын халық. Сондықтан да ең бірінші қарапайым жұртшылықтың мұқтаждығына құлақ асу, өтініштерін орындау бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары көптің ойынан шықты деп ойлаймын. Оның ішінде ұлттық қорларды ел игілігі үшін дұрыс пайдалану жайын өте орынды айтты деп есептеймін. Бұл тапсырма мүлтіксіз орындалатын болса, халқымыздың әлеуеті де, хал-ахуалы да жақсара түсетіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және Премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай реформаларынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды. Мемлекет басшысы утилизациялық алымның қажеттілігі туралы қоғамдық талқылауларға нүкте қойды. Сонымен қатар Президент қазақстандықтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында утилизациялық алымның көлемін қайта қарауға шақырып, елдегі утилизациялық алым мәселесіне уақтылы назар аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте сөйлеген сөзінде «Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық»,- деп үндеу тастағаны белгілі. Жаңа Қазақстанда авторитарлық саяси жүйе емес, демократиялық саяси жүйе басымдық алуы қажет. Оның ішінде өндіруге, өнеркәсіпке басымдық берген жөн. Бірінші кезекте күнделікті тұтынатын тауарлар өндіруді қолға алу керек. Статистикаға сүйенсек, халықтың табысының 70 пайызы күнделікті тұтынатын тауарларға жұмсалады. Өкінішке қарай, Қазақстанда осындай өнімдердің басым бөлігі импорттық тауарлар. Сәйкесінше, табысымыздың қомақты бөлігі шетелге кетіп жатыр. Осылайша, елдегі экономикада ақша айналымы азаяды. Мұндай тығырықтан шығатын жалғыз жол – өндіруге басымдық беру. Азық-түлікке, ауыл шаруашылығына, жеңіл өнеркәсіп, киім өнеркәсібіне көңіл бөлу керек. Егер күнделікті тұтынатын тауарларымыздың бәрін өзіміз шығарсақ, қаржыны елде сақтап қаламыз. Тиісінше, халықтың тұрмысы да жақсарады, мемлекеттік қазына да ортаймайды.
Ардақ Тілекенов,
Түгіскен ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы