Четверг, 21.11.2024

Әдемі өлеңдері әсерлі әуенмен әдіптелген

Жезқазғанда жақсы өлеңді жан азығы еткен, ақынын алақанына салып аялап, әспеттеген ақжүрек ағайынға арналған ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты Мұқағали Сейтқазының «Маған сені жақсы көрген ұнайды» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Ән мен жыр қатар өріліп, домбыраның қос ішегіндей үндесіп, үйлесіп, өлең деген тылсым дүниенің өзегінен нәр тартқан тамаша күні, Кеңгірдің қоңыр кешінде, рахман жауған ғажап сәтте ақынның жан-дүние түкпірінен талпынып жарыққа ұмтылған әдемі өлеңдері мен ақын сөзіне жазылған әуезді әндер шырқалды.
Өткен жыл мен биылғы жыл өндірісті өңіріміз үшін айтулы жыл болды. Былтыр кеншілер шаһары Сәтбаев қаласының қала мәртебесін алғанына 50 жыл толу торқалы тойын атап өтті. Ал, биыл Үлкен Жезқазған жұмысшы поселкесінің қалаға айналып, Жезқазғанның қала мәртебесіне ие болғанына 70 жыл толды. Бұл – ел өндірісінің ордасы, түсті металлургия алыбы болған аймақ жұртының зор қуанышы.
Ақын Мұқағали Сейтқазының өлеңіне жазылған «Біздің кеншілер» әні – жер қойнауындағы байлықты ел ризығына айналдырып жүрген еңбек адамдарына арналған ән. Аталмыш ән Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің әнұранына айналып кетті. Мұқағали Сейтқазының сөзіне жазылған «Біздің кеншілер» әнін бұл кеште Нұрлан Мұсабеков шырқады.
Дүниеге жақсы өлең келсе, қуантады. Ал, сол өлеңге ән жазылып, жақсы орындаушысын тауып, жұрт жүрегіне жылылық боп жетіп жатса, әлгі қуаныш еселене түседі. Мұқағали Сейтқазы – әдемі өлеңдері әуенмен әдіптеліп, әсерлі ән болып тыңдаушыларының көңіліне жол тапқан бақытты ақын. Рухани кеште әсем әндерге де кезек берілді. «Солай ма?!» әнін қазақ эстрадасының айтулы өкілдерінің бірі, танымал әнші Альбина Шардарова орындады.
Жастардың арасында хит-өлеңге айналып, әлеуметтік желі беттерінде жарияланып, көпшіліктің жылы пікіріне ие болған «Маған сені жақсы көрген ұнайды» шығармасы. Әнші, композитор Жарасхан Төлебай Мұқағалидың осы өлеңін оқып, ұнатып, өлең мазмұнымен қабысқан әсерлі әуен тауып, тамаша туындыны дүниеге әкелді. Жақсы әнді тыңдау керек. Жас ақынның өлеңіне жазылған Жарасхан Төлебайдың әні де осы кеште кеңістікті шарлады.
Мұқағалидың әкесі Мұханбетқали әкеміз де ақын. Осыған қарағанда бұл әулеттің түптегінде ақындық дәні жатыр-ау. Дүниеге шыр етіп келген сәбиге атақты Мұқағали Мақатаевтың есімі қалай қойылды екен? Оның ақын болатынын қалай білді? Есімді кім қойса да, тілі уәлі, тілегі дұрыс адам болған-ау? Осы сауалдарың жауабын беру үшін сахнаға қазақ айтыс өнерінің «Дәридәй» ақыны, Республикалық, халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы және жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Мұқағалидың әкесі Мұқаш аға Сейтқазинов шықты. Мұқаш аға халықтың сауалына жауап беріп, баласына ақ батасын арнап, жүрекжарды тілегін айтты.
Кез келген қазақ баласы үшін туған жері мен қанат қаққан қара шаңырағы – қастерлі ұғым! Мұқағалидың «Шеңбер» ауылы туралы өлеңі мен сол өлеңге жазылған ән – ақынның киелі топырағына деген махаббаты, сүйініш сезімі. «Шеңбер жайлы әндер» байқауында топ жарған «Шеңберім» әні бүгінде ауыл тұрғындарының той-томалақтары мен мерекелік іс шараларының шырайын кіргізіп жүр. «Шеңберім», «Қалай айтам жүрекке?!»,
«Бөлек екенсің» әндері де кештің шырайын кіргізді.
Жырсүйер жұртшылығына айтары бар Мұқағали «Өлең-ғұмыр» «Сәттер», «Мен сүйетін бір адам», «Шеңберстан» және «Қара шаңырақ өлеңдерін шабыттана оқыды. Әдеби-сазды кештің түйін жасар тұсында сахнаға кештің тағы бір жұлдызды қонағы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, әнші жерлесіміз Қуандық Рахым шықты. Мұқағали Сейітқазының сөзіне жазылған «Уайымдама», «Бұл – біздің жер!» әндерімен әдеби-сазды кештің шымылдығы жабылды.
Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын» жастар сыйлығының иегері, облыстық, республикалық мүшайралардың жүлдегері Мұқағали Сейтқазының бағындырар шыңдары алдыда. Кемеріне келіп толысып, буырқанып, таситын, шарықтайтын шақтарында ғажайып туындыларымен қалың жұртын қуанта берері сөзсіз. Жас ақынның жалынды жырлары жасай берсін!
                              

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *