Среда, 4.12.2024

Құмарлықтан жапа шеккендер саны арта түсуде

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудомания мәселесіне тоқталды. Қауіпті кесел – лудомания, яғни, құмарпаздыққа мәселесін де тілге тиек етті.

“Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», – деп атап өтті Президент.

Лудомания –  адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы.  Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ, рухани тұрғыда да әбден азғындатты. Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне  енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады. Адам баласын екі дүниеде зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа душар ететін рухани дерттердің бірі – құмар ойнау.   Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Ал, шарасыз күйге түскендері өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат салған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Ел Президенті өз сөзінде: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деп атап өткен болатын. Құмар ойынның құмарлығынан шыға алмай, талай жас құрдымға кетті.  Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтыруымыз  қажет.

Айжан АУКЕНОВА, Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот әкімшісі басшысы. 

 

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құқық бұзушылыққа жол жоқ!

Құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл үшін …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *