Биылғы жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені технологияның қарқынды дамуы жағдайында экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін осы еңбек адамдары.
Мамандықтың жаманы жоқ. Қай сала болмасын өз ісінің шеберлеріне сұраныс көп. Тірлігі тиянақты, ерекше епті жандар құрметтен тыс қалмауы тиіс. Жыл басынан бері Сәтбаев қаласы әкімінің идеясымен бастау алған «Еңбекке құрмет» эстафетасы «Сәт-Тазалық» ЖШС-на жолданданған болатын. Адал еңбегімен айшықталған азаматтар аталмыш кәсіпорында жетерлік. Эстафета аясында олардың бір шоғырына құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Қала басшысы Мұрат Ерболатұлы жиынға арнайы қатысып, еңбек адамдарына құрметін білдірді.
– Адал еңбек иелерін ұлықтау – қоғам дамуының негізі. Оларға құрмет көрсету жас ұрпақты ынталандырып, жауапкершілігін арттыруға үлес қоспақ. Еңбек адамдары жетістікке ие болып қана қоймай, басқаларға үлгі ретінде еліміздің әл-ауқатын арттыруға, еңбек мәдениетін дамытуға ықпал етеді, – деп атап айтты.
«Сәт – Тазалық» ЖШС тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысады. Аталмыш кәсіпорын 2013 жылдың сәуір айында құрылған болатын. Осы уақыт ішінде өңірдің коммуналдық саласында жетекші рөл атқарды. Қазіргі уақытта компания — 19 арнайы техникаға ие, 98 адам өнімді еңбек етуде. Олар біздің өмірімізді жайлы ету жолында тер төгуде.
– «Жұмысшы мамандықтарының жылында» еңбек адамдарына ерекше назар аударылғаны қуантады. Бұл, жұмысшы кәсіптерінің беделін өсіруге, елдің әл-ауқатын арттыруға арналған маңызды және стратегиялық қадам болып табылады, – деген «Сәт-Тазалық» ЖШС басшысы Сәлім Сембаев қажырлы еңбек иелеріне алғыс айтып, Алғыс хатпен марапаттады. Адал еңбегімен айшықталып, қара жұмыстың қара нары атанған азаматтардың қатарында коммуналдық қалдықтарды шығару учаскесінің жүк тиеушілері Ақболат Әлиев, Дәулетхан Дүйсенбек, Нұрболат Исанбаев, Михаил Зыль, Маралхан Әбдікәрім, автокөлік учаскесінің жүргізушілері Бауыржан Жанғабұлов, Мәлік Ахметов, Төлеш Жақұбаев, Сералы Сатов бар.
Мұнан соң «Сәт Тазалық» ЖШС директоры Сәлім Төлегенұлы “Tranco Express” ЖШС-нің Сәтбаев қаласындағы жолаушылар автокөлік тасымалдау мекемесінің директоры Наурызбай Мейрамовқа эстафетаны салтанатты түрде табыстады.