Пятница, 29.03.2024

«Халық бағасы біз үшін маңызды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси реформалар «Күшті Президент ­– ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Ел мүддесі – бәрінен биік» деген болатын.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «облыстардың полиция департаменті бастықтарының халық алдында есеп беруін ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қаулысына сәйкес, өткен жұмада Ұлытау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайыркен Әлиев тұрғындар алдында есеп беру кездесуін өткізді. Қаламыздағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен аталмыш іс-шараға мемлекеттік мекеме басшылары, полиция бөлімдерінің бастықтары, қоғам белсенділері мен әр түрлі сала өкілдері қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың полиция мен қоғам арасында әріптестік қарым-қатынас жүргізу жөніндегі тапсырмасы аясында құқық қорғау органдары көптеген жұмыстар атқарып, ашықтық пен қолжетімділікті нығайту жолында халықпен әрдайым тығыз байланыс орнатуда. Соның бір дәлелі болған осы кездесудің басты мақсаты полиция жұмысының жариялылығын көрсету, азаматтық қоғам институттарымен қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың шешілмей жүрген әлеуметтік-экономикалық сұрақтарын және құқықтарын қорғауға бағытталған түйткілді мәселелерін шешуге жәрдемдесу болды.

Ең алдымен Департамент басшысы өткен жылдың қорытындысына тоқталып, облысымыздағы қылмыстық ахуал және құқық бұзушылықтардың алдын-алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Жалпы Ұлытау облысының 2022 жылғы криминогендік жағдайына тоқталып өтсек, қылмыстың барлық түрлерін ашу деңгейі жақсарғанын және қылмыс санының төмендегенін байқауға болады. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен азғындық әрекеттер жасау, адам өліміне әкеп соғатын денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, автокөліктерді айдап кету мен ұрлау, бұрын сотталған адамдармен жасалған және мас күйде жасалған қылмыс түрлерінің санын тіркеу біршама азайған. Биылғы жылы облыстық полиция органдары қоғамдық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қолданылған қосымша шаралардың нәтижесінде облыс аумағында бірқатар қылмыс түрлері төмендеді. Оның ішінде орташа дәрежедегі дене жарақатын келтіру – 28,6%, ұрлықтар – 28,9%, алаяқтық – 21,2%, интернет-алаяқтық – 18%, тонаулар – 28,6%, зорлау – 66,7%, бұзақылықтар – 58,3% төмендеген. Дегенмен, бұл қуантарлық статистикаға қарамастан бүгінгі күні кейбір қылмыстардың өсуі де орын алуда. Олар – кісі өлтіру, мал ұрлығы, қоғамдық жерлерде, оның ішінде көшелерде, сонымен қатар отбасылық және тұрмыс жағдайында жасалған қылмыс түрлері.

Кездесу барысында қоғаммен өзара байланыс орнату, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде де сөз қозғалды. Осы орайда, Қайыркен Әлиев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтардың өтініштерін қабылдап, анықталған мәселелерді шешу бойынша тез әрі нақты шаралар қолдану үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жасалып жатқандығын айтты. Соның бірі – «Көрші бақылауы» атты Телеграмм-арнасы. Полицияның «сервистік моделі» негізінде ашылған бұл арнаны Департаменттің бірінші басшысынан бастап қатардағы қызметкеріне дейін барлығы кеңінен пайдалануда. Мұнда облыс жұртшылығы құқық бұзушылықтың әр түрлері туралы хабарлайды, оған полиция қызметкері мұқият ден қойып, жедел түрде тиісті шаралар қолданады.

Одан әрі баяндамашы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи үлгілерін енгізу, полицияны бағалау өлшемшарттарын түбегейлі өзгерту керек деген тапсырмасына сәйкес, полиция қызметінің қағидаттарын өзгертуге тиіс жұмыстың сервистік моделіне көшу барысы туралы айтып өтті.

– Сервистік полиция – полиция қызметіндегі қоғамдық бағдарланған тәсіл – басқару стилі, мәселені шешуге және қоғаммен серіктестікке бағытталған ұйымдастырушылық стратегия. Осы стратегия шеңберінде полиция қоғаммен тығыз өзара іс-қимыл жасауға, полиция қызметінің тиімділігі және нақты аумақта тұратын тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелерінің басымдылығы туралы халықтың пікірін ескере отырып, қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешуге бағытталған белсенді жұмыс моделіне бағдарланады. Қызметке бағытталған полиция қызметі – полиция мен қоғамға қылмысты ашуда, құқық қорғау және қауіпсіздік мәселелерін шешуде ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Бұл модельдің мәні – қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерін анықтау процесіне белсенді қатысуы. Азаматтарды тарту аясында құқық бұзудың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес бойынша кеңейтілген көзқарас орын алады, бұл бүкіл полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге әкеп соғады. Сервистік полицияның кешенді моделін құрудағы мақсат – барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы арқылы, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, халыққа дер уақытында көмек көрсету арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нәтижесінде халықтың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіліп, азаматтардың тәртіп сақшыларына сенім арта түседі, ­– деді Қайыркен Жетпісбайұлы.

Есепті аяқтаған соң Департамент басшысы жиналған жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді. Кездесуде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшелерде бейнекамералар орнату және оларды іске қосу, патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысына сенімсіздік білдіру, қаңғыбас иттерді аулау және ит асыраушыларға жауапкершілікті күшейту секілді мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, аңшылықпен айналысатын адамдар қаруды сатып алуға, сақтауға және заңды түрде қалай өткізуге болатыны жайында қызығушылық танытты. Кейбір қала тұрғындары халықпен тығыз байланысты жұмыс жасап жатқан өздерінің участкелік инспекторларына алғыстарын білдірді.

Іс-шара соңында Ұлытау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайыркен Әлиев жиналған қауымға белсене қатысқандары үшін алғысын айтып, барлық қойылған сұрақтарды назардан қалдырмай, әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қолданылатындығын айтты.

– Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – әрдайым полиция жұмысының басты міндеті болады. Әрбір полицей өз жұмысын адал, кәсіби атқаратынына күмәнім жоқ. Біздің басты мақсат – халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру және сол үшін аянбай қызмет ете береміз. Себебі халықтың бағасы біз үшін аса маңызды, ­– деді Қайыркен Жетпісбайұлы.

Марал Шахаева.

Суреттерді түсірген автор.

 

 

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Обсудили вопрос питания в детсадах

На заседании отраслевого Совета услуг при РПП области Ұлытау с участием заместителя директора Палаты по …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *