Тазалық пен тәртіп қазіргі қоғамның маңызды аспектілері болып табылады. Бұл мәселеде оң нәтижелерге қол жеткізу үшін күнделікті өмірде үнемі сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарау керек. Осы мақсатта Сәтбаев қаласының тұрғындары облыстық сенбілікке белсене қатысып, туған жерімізді көркейтуге үлес қосты.
Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру ұйымдары, кәсіпорындар, сондай-ақ, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты. Сенбілік барысында қала көшелері, саябақтар мен аулалар тазартылып, қоқыс жиналды. Қатысушылар жол жиегіндегі ағаштарды әктеп, қоғамдық орындарды абаттандыруға атсалысты.
Ерден көшесіндегі 161 үйдің кішкентай тұрғындары аулаға күтім жасаудың қаншалықты маңызды екенін қалың жұртқа үлгі ретінде көрсетті. Сенбілікке белсене қатысып, өздері тұратын үй ауласын, футбол және балалар алаңын тазартуға көмектесті. Қала әкімі Мұрат Бөрібаев арнайы келіп, балаларға разы көңілін білдіріп, тәттілер табыстады.
Алғашқы жалпыоблыстық сенбілікке қаламыз бойынша 15 арнайы техника жұмылдырылып, 70 тонна қоқыс шығарылып, 35 гектар жер тазаланды.
– Сенбілік барысын өзім бақылауға алдым. Тазалық жұмыстары жүргізілмей жатқан аулаларды да көзім шалып қалды. Қоқыстың арнайы алаңдарға тасталмай, балалар алаңы мен тұрғын үй алдындағы шағын жәшіктерге толтырылатыны қынжылтады. Әрине, біз мердігерді жіберіп, тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ, тұрғындар да тазалық жұмыстарына белсене араласуы қажет. Себебі, тазалық әр тұрғынның өз ауласынан басталады. Ерекше алғысымды Тәуелсіздік даңғылы 55, Ерден көшесі 161, 175 көпқабатты үйлерінің тұрғындарына білдіргім келеді. Ұйымшылдық танытып, үлкен-кіші демей жиналып, аулаларын қыстан кейінгі қоқыстан тазалады.
Дәл осындай азаматтық ұстаным танытатын жерлестеріміз көп болса, қаламыз тазарып, көркейетініне сенімім мол, – деді қала әкімі Мұрат Ерболатұлы.
Қала ішіндегі қоқыстан бөлек, сыртында заңсыз пайда болған 8 қоқыс үйіндісі бар. Оларды жинау үшін бюджет есебінен қаражат бөлініп, 8 нүктенің жетеуі тазаланды. 2 мың тоннасы полигонға шығарылды. Қоқысты қала сыртына заңсыз үйіп тастап кету фактілері жиі тіркелуде. Полиция бөлімі тарапынан ескерту берілгенімен, қоқыс тастаушылар саны азай тұр. Ендігі кезекте бұл алаңдарға бейнекамера орнату бойынша жұмыстар жүргізілмек. Биыл ауладағы қоқыстарды тазалау үшін бюджеттен қаражат бөлініп, жеті ықшам ауданға мердігер анықталып, жұмыстар басталды.
Сенбілік – тазалық пен тәртіптің және жақсы көңіл-күйдің мерекесі. Ортақ күш-жігермен белгіленген аумақты тез арада ретке келтірген қала тұрғындары мұндай шаралардың маңыздылығын, қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың міндеті екенін жете түсінген. Тазалық жұмыстарының қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Бұл ауызбіршілік пен туған өлкеге деген қамқорлықты тағы бір мәрте дәлелдеді.