Вторник, 19.03.2024

Саяси реформалар: Жаңару баспалдақтары

СОНЫМЕН, САЙЛАУ ДА ӨТТІ…
Дүркіреп, дүркіреп қызуы көтерілген саяси дода да аяқталып, қоғам сабырлы қалпына қайта оралып жатыр. Сайлаудың қалай өткені туралы әралуан пікір бар. Бұл да белгілі. Бірақ, қандай пікір болса да, жауабы табылатыны анық қой. «Сайлау әділ , таза өткен жоқ» дегенге де, керісінше, «әділ, таза өтті» дегенге де тиісті жауаптар берілуде. Солай болуы да -заңдылық.
Ең бастысы, қоғам да, билік те тағы бір сынақтан өтті. Мажоритарлық жүйенің қайта оралуы депутат болуға деген үміткерлердің қатарын көбейткенімен, бұл сайлаушылардың белсенділігі ең төмен сайлау болғаны да анық . Негізі керісінше болуы керек секілді еді. Бұлай болуына меніңше, сайлауалды үгіт — насихат жұмысындағы олқылықтың салқыны тиді деп ойлаймын. Менің байқауымша, үміткерлер көбіне -көп әлеужеліге арқа сүйеп, сайлаушылармен тікелей жұмыс жүргізуге келгенде тартыншақтап қалған секілді. Әрине, «Есіктен -есікке» деген акция шеңберінде үй -үйді аралап, жанды жұмыс жүргізген үміткерлер де болды, бірақ, бәрі бірдей емес.
Сосын бұл сайлауда ірі -ірі компаниялар сайлауға қатыспады. Мүмкін, жоғарыдан сондай нұсқау болды ма екен? Мысалы, «Қазақмыс» корпорациясы бұрын қалалық мәслихаттың тең жартысына өз өкілдерінің өткенін қалайтын, сол үшін жандарын сала жұмыс істейтін. Бұл жолы мұндай әрекет байқалмады. Сондай -ақ, бұрын корпорация әрбір адамның өзінің ғана емес, отбасы мүшелерінің бәрінің дерлік сайлауға толық қатысуын қадағалайтын, дауыс беріп шыққан -шықпағанын тексеріп отыратын. Мұндай болмады. Соның салқыны дауыс беруге келгендердің қатарының өте аз болуынан байқалды деп ойлаймын. Алда тағы да сайлау болғанда сайлауды ұйымдастырушылар осы мәселенің оң мен терісін таразыға тартуы керек.
«Әрбір дауыс -маңызды» дегенге келіспеске болмайды. Мұны әрбір сайлаушы да жадынан шығармау керек. Сайлау күні дауыс беруден сырт қалмағаны жөн. «Бәрібір өздері шешіп қояды» деген түсініктен арылмай сайлау да түзеле қоймайды -ау..
Сайлау барысындағы былық -шылықтардың орын алғанын ешкім де жоққа шығармайды. Өткендердің өзі өтпей қалып, өтпейді -ау дегендердің өтіп кеткені — сайлаудың әділеттілігіне нұқсан келтірді. Былықтың басым бөлігі қалалық, облыстық мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысты болғаны айтылуда. Және сол сөздер негізсіз де емес секілді. Әрине, «кәні, қай жерде, сондай нәрсе орын алды, дәлелің қайсы?» дейтін қарсы жаққа ұсынатын дәйегіміз де жоқ. Бірақ, жүрегі құрғұр әлденені сезеді. Сондай сырттан араласу болмаса, ешкім біле қоймайтын, өзі барып елмен бір кездесу өткізбеген адам қалай депутат болып сайланады? «Апам да аң -таң, мен де аң -таңмын» дегеннің кері.
Бұл сайлауды Мәжіліске бөлек, мәслихаттарға бөлек өткізген дұрыс еді. Бір қолға бес бюллетень ұстау да адамды кәдімгідей абдыратып тастайды екен. Қай бюллетеньнің қандай маңызы барын біле қоймаған сайлаушылар да болмай қалған жоқ.
Басқа өңірлерді білмеймін, біздің Жезқазған — Ұлытау өңіріндегі бір мандатты округтен Мәжіліске түскен үміткерлердің арасында ең лайықтысы, халықтың шынайы дауысын иеленген азамат сайланды деп толық негізде айтуға болады. Өйткені, мұны «сайлау әділ өтпеді» деген азаматтың өзі де мойындаған болатын. Нық айтып отырғаным да сондықтан. Осы ретте, үгіт -насихаттың тиісті деңгейінде өтпегені соншалық, сол сайлаудың белортасында жүрген менің өзім де Мәжіліске бір округтен сегіз үміткер бар екенін қолға бюллетень алғанда бір -ақ білдім.
Сайлаудан соң әлеужеліде мұғалімдердің аттарына ауыр -ауыр сөздер айтылды. Бұл дұрыс емес. Олар біріншіден, мұғалімдер емес, сайлау комиссияларының мүшелері. Екіншіден, жоғары жақтан түскен нұсқауды орындамауға болмайтынын бойымызға әбден сіңіріп тастаған отыз жылғы «тәжірибеден» бір күнде арыла қою оңай ма? Кейде біздің жоғарының нұсқауын заңнан артық көретініміз бар ғой. Мұны да ескерген ләзім. Сол жерде өзіміз болсақ, не істер едік?! Сондықтан, ұстаздардың атына ауыр сөз айтудан аулақ болған абзал -ау..
Сонымен, сайлау да өтті… Жеңілгендер риза болмайтыны бесенеден белгілі. Жеңгендердің міндеті -берген уәдесін бұлжытпай орындауға ұмтылу. Осы Парламент Үкіметтің жұмысына да жауап беретін болады. Өйткені, Премьер -Министр Мәжілістегі басым дауысқа ие болған партияның өкілінен ұсынылады. Өзгеріс пе? Әрине. Демек, біртіндеп -біртіндеп алға басып келеміз -ау.. Бірақ, сол өзгерістердің неғұрлым жылдам әрі қоғамның сан-саласын қамтып жүргізілгенін қалайтынымызды жасырғымыз келмейді. Билігі барларға сайлаудан соңғы бір базынамыз -осындай!
Абдолла Дастанов

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Дөңгелек үстелде бастамалар талқыланды

Ұлытау облысында «Наурызнама» онкүндігі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» халыққа …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *