Алматыда «Жас Қанат. Балалар-2024» атты екінші республикалық балалар шығармашылығы байқауы өтті. «Азия Дауысы» халықаралық фестивалінің Қоғамдық қоры ұжымы қала әкімдігіне балалар байқауын оңтүстік астанада өткізу идеясына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Айта кетейік, бұл байқау – әлеуметтік жоба. Көрермендерге арналған билеттер де, қатысушылар үшін де байқауға қатысу тегін болды. Биыл конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балалардан 130 өтінім келіп түскен. Солардың ішінен 17 үміткер финалға өтті. Ал көрермендерге финалистер өнерін тамашалар алдында олармен алдын ала Instagram желісіндегі @zhas.qanat.official және @voice_of_asia_official парақшалары арқылы танысу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар, осы платформаларда көрермендер арасында дауыс беру ұйымдастырылды. Биылғы байқауға қатысушылар деңгейі өте жоғары болғандықтан кәсіби қазылар алқасы жеңімпазды анықтау барысында біраз қиналды. «Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының қазылар құрамында еліміздің атақты өнер жұлдыздары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Абдуллин, Айгүл Бабаева және Жәмилә Серкебаева, композитор Артық Тоқсанбай, әнші, продюсер, «Жас Қанат» байқауының 2000 жылғы лауреаты Нұргүл Нұғыманова, эстрада жұлдызы Парвиз Назаров және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Медеу Арынбаев бар. Залдағы атмосфера ерекше сезілді. Қатысушыларды қолдауға олардың достары, туыстары мен арнайы қолдау топтары келді. Сонымен байқаудың нәтижесі бойынша үшінші орынға Қарағанды қаласынан келген 13 жастағы Ансар Абдурахман ие болды. Ал екінші орынды 13 жасар алматылық София Балғазина жеңіп алды. Бірінші орын Талдықорған қаласынан келген 12 жастағы Інжу Есімжанға бұйырды. Оны мамандар қазірдің өзінде болашақ Бибігүл Төлегенова деп атап отыр. Ал «Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының Бас жүлдесін Алматы қаласының тұрғыны, 13 жастағы Азат Сүндетбек жеңіп алды. Сондайақ байқау аясында бірнеше арнайы номинациялардың жеңімпаздары мен дипломанттары анықталды. «Үміт» арнайы жүлдесі алматылық Қуаныш Баймұхамбетовке табысталды. Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін «Азия Дауысы» қорының арнайы сыйлығын Алматы тұрғыны Ханшайым Пышан иеленді. Дарынды шығармашылығы мен авторлық әнді үздік орындағаны үшін Давид Чарлин де марапатталды. Ол байқау барысында өз туындысын орындады. Instagram арқылы дауыс беру нәтижесінде Қарағандыдан келген Ансар Абдурахман «Көрермендер көзайымы» жүлдесін алды. Алматы қаласының әкімі атынан арнайы сыйлық қарағандылық Ажар Әбдішеваға берілді. Бұл сыйлыққа 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы қосылды. Ерекше дипломдармен Ажар Әбдішева (Қарағанды), Мәді Нұрботалы (Алматы) және Қаусар Бекбосын (Шымкент) марапатталды. Ерекше атақтарға ие болған барлық дипломанттарға 50 мың теңгеден сыйақы берілді. Қазылар алқасы мүшелері де назардан тыс қалған жоқ. Медеу Арынбаевқа отандық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Мұрат Ирғалиев пен Александр Пономарев атындағы арнайы жүлде табысталды.
«Жас Қанат. Балалар-2024» тек ән байқауы ғана емес, балалар шығармашылығының мерекесі! Байқау аясында жас мобилографтардың конкурсы өтті. Олардың жұмыстарын @zhas.qanat.official ресми парақшасынан көруге болады. Байқау жеңімпаздары TECNO mobile компаниясының сыйлықтарын – жаңа смартфондар мен фирмалық мерчтерді алды. Жеңімпаздар: 1 орын – Нұрай Бекен (Талдықорған), 2 орын – Абзал Бейсембаев (Қарағанды), 3 орын – Кербез Тоқтарбай (Жаркент). Сонымен қатар, «Жас Қанат. Балалар-2024» аясында дәстүрлі «Балалар «Жас Қанат» пен «Азия Дауысы» суреттерін салады» конкурсы ұйымдастырылды. Бұл байқаудың жеңімпаздарын дизайнерлер, суретшілер, иллюстраторлар мен аниматорлардан құралған кәсіби қазылар алқасы анықтады. Қазылар алқасының тұрақты төрайымы – «By ArT» студиясының негізін қалаушы және Алматыдағы балаларды дамыту орталығының жетекшісі Ажар Төлеубаева. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 206 жұмыс қатысып, оның 126-сы финалға өтті. Нәтижесінде 3 лауреат және 11 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Жұмыстар шығармашылық ойлау, өзіндік ерекшелік, түс қанықтығы, орындалу шеберлігі мен ұлттық колоритті бейнелеу сияқты критерийлер бойынша бағаланды. 1 дәрежелі лауреат – павлодарлық Таисия Черевко, 2 дәрежелі лауреат – Оралдан келген Аружан Бисенова, 3 дәрежелі лауреат – алматылық Аниса Фаррах. Барлық дипломанттар мен жүлдегерлер демеушілердің сыйлықтары мен дипломдарын иеленді. Үздік жұмыстарды Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының фойесінде жылдың соңына дейін көруге болады. Ерекше атап өтерлігі, биылғы сурет байқауына алғаш рет демеуші табылды. D&D beauty and Cosmetology студиясының негізін қалаушы Дәурен Аяпов лауреаттардың Алматыға және кері бағыттағы жол шығындарын толықтай өтеп, байқауға қаржылай қолдау көрсетті. Толық ақпарат @zhas.qanat.official парақшасында. «Жас Қанат» жас орындаушылардың 30 жылдық мерейтойлық байқауы туралы ақпарат кейінірек беріледі. Қоғамдық қордың президенті, «Азия Дауысы» Халықаралық фестивалінің жетекшісі Ирина Ковыряконың айтуынша, бұл байқау міндетті түрде өтпек.