«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» ҚБ кеншілер мен байытушылардың кәсіби мерекесіне орай «Ханзада» мейрамханасында ұлықтау салтанатын ұйымдастырды.
Корпорацияның құрылымдық бөлімшелерінің қаламыздағы екі мыңға жуық еңбек ардагерлері мен зейнеткерлерінің өміріне шаһар басшылығының да бей-жай қарай алмайтындығын жеткізген қала әкімі Мұрат Бөрібаев олардың үнемі игілікті істердің басы-қасында жүретіндігін атап айтты.
– Ардагерлер кеңесінің жұмыс жоспары ауқымды. Облысымыздың қоғамдық өміріне белсене араласатын аға буын түрлі шаралардан қалыс қалмауға тырысады. Кеншілер мерекесін айшықтай түсу үшін де өндірістің өркендеуіне зор үлес қосып, өлкенің дамуына септігін тигізген ардагерлерді ардақтауы осының айқын дәлелі, – деді.
«Адал азаматқа» тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал, жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек», – деген еді ел Президенті. Бұл ретте еңбек қаһармандарын ұлықтау біздің азаматтық борышымыз дегенге саятын жылы лебіздер қатарын «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов, «AMANAT»партиясы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов, корпорация еңбеккерлерінің «Жастар-Болашақ» ҚБ төрайымы Луиза Мыңбаева жалғастырып, Алғыс хат, Құрмет грамотасымен марапаттап, сыйақы табыстады.
Салтанатты кеште ұзақ жылдар өндірісте тер төккен ардагерлерді «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров құттықтап, қоғамдық бірлестіктің келер күнге жоспарлаған көшелі істерінің көптеп саналатындығын жеткізді. Белсенді ардагерлердің байыпты бастамалары әрдайым қолдау табуда. Ұлытау облысын дамыту мақсатындағы алдағы арқалы істерді жүзеге асыру үшін де Ардагерлер кеңесінің аянып қалмасы анық.
– Атаулы күндерді ешкімді ескерусіз қалдырмаймыз. Қарттар күнін, кеншілер мерекесінде спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырамыз. Кен саласына сан жылын арнаған ардақты аналар да назарымызда. Әрине, мұндай игі істі қаржылай қолдаудың арқасында жасап отырмыз. «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басшылығына шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді бірлестіктің Сәтбаев филиалының басшысы Абулаис Мулаков.