2000 жылдары еліміздегі сот жүйесінде едәуір өзгерістер болып, бұл саланы мемлекеттің басым міндеттеріне және қоғам қажеттіліктеріне сәйкестендірді. Соттардың мәртебесінің артуы, оларды мамандандыру, сот жүйесін атқарушы органдардың ықпалынан алып шығу мәселелері жаңару процесінің басты бағыттарына айналды. 2001 жылы – экономикалық, 2003 жылы – әкімшілік, 2005 жылы – аралық соттар құру процесі іске қосылды. Процеске қатысушы тараптардың теңқұқықтылығын, адвокаттар алқасын күшейтуді және алдын ала тергеу ісін сот бақылауында ұстауды бекіту мәселелерін қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Сот жүйесін жаңғырту бастамасы 2007 жылдан бастап сот процесін демократияландыруға, сот органдары қызметінің тиімділігін арттыруға, сот қаулы-қарарларының міндетті түрде орындалу режимін нығайтуға бағытталды. Осы жолдағы маңызды элементтің бірі – сот ісін еуропалық (құрлықтық) модель бойынша жүргізуге көшу болды. Сот реформасы әділет жүйесін азаматтардың сұраулары мен мүдделеріне жақындатты, қазақстандықтардың соттарға деген сенім деңгейін жоғарылатты. Қазақстандық әділет жүйесінің барлық құрылымдарының қызметі мейлінше ашық бола түсті. Тараптарды соттан тыс араағайынның көмегімен татуластыру процесі – медиация институты құрылды. Қоғам реформаланған сот жүйесін азаматтардың құқығын қорғайтын нақты механизм ретінде қабылдайтын болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алқабилер соты қарайтын істерді ұлғайту туралы ұсыныс жасаған болатын. Олар аса ауыр қылмыстарға байланысты да үкім шығара алады. Қарапайым тұрғындардың алқабилер құрамында сотқа қатысуын құқыққорғаушылар да құптап отыр. Мемлекет басшысы ұсынған реформалар қоғамды демократияландырып, сот жүйесіне деген ел сенімін арттыруға оң ықпал етеді. Еліміздің шығысындағы алқабилер соты 2020 жылдан бері небәрі жеті қылмыстық істі қарауға атсалысқан. Бұл статистика сот жүйесі үшін, әрине, тиімді емес. Сол себепті заңгерлер мен құқықтанушылар Президенттің алқабилер соты қарайтын істерді арттыру туралы ұсынысын әлемдік сот практикасының талаптарына сай жасалған бастама ретінде қабылдады. Медиатор, заң ғылымдарының магистрі Аксана Каленоватың пікірінше, еліміздің сот жүйесі қазір 90-жылдары жоғалып кеткен жұрт сеніміне қайта ие болуға талаптанып жатыр. Өйткені біздің қоғамға тамыр-таныстыққа, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге негізделген жүйе емес, заңның үстемдік құрғанын жете түсінетін әділ соттар қажет. Сот құрамында бір емес, бірнеше адам болса, бұра тартуға жол берілмейді. Сол арқылы әділ шешім шығаруға қол жеткіземіз. Әсіресе соттардың араласуымен болған келеңсіздіктердің көбі кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алуда кеңінен көрініс тапты. Сондықтан экономикалық дауларға алқабилер соты араласуы тиіс. Сонда әділ үкім шығады. Алқабилер соты барынша әділ үкім шығарады. Сотқа үміткерлерді мейлінше дұрыс таңдай білуіміз қажет. Олардың білімі мен біліктілігі, жиған тәжірибесіне де аса мән берген жөн. Алқабилер соты күллі әлемде қолданылады. Қоғам құқықтық нормаларды сол қалпында қабылдап үйренуге тиіс. Өкініштісі, бізде сот кінәлі деп тапқан адамға жұрт үрке қарайды. Сотталды, демек, оның кінәсі бар деп есептейді. Ал алқабилер сотының коллегиясына үміткер жеткіліксіз. Мұны қалай қабылдасаңыз да, әзірге біздің елдегі сот практикасының сиқы осындай. Сондықтан алқабилер соты араласатын істердің ауқымын барынша кеңейткен абзал. Бұл өз нәтижесін береді. Яғни Қазақстан Республикасы халқының сот билігіне деген және ел билігіне деген сенімін арттырады. Бүгінге дейін біздің елімізде халықтық сот атануға жергілікті әкімдік ұсынған адамдар қолжеткізіп келді. Ендігі жерде мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды.
«Сәтбаев қ. дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталыңы» КММ, басшының м.а. Жагипаров Еркебулан.