Қазіргі уақытта ғаламтор желісінде алаяқтыққа баратын жандар қатары жеткілікті. Алаяқтық іс-әрекетке оқталатын адамның қулығына құрық бойламайды. Негізінен, интернет алаяқтыққа заманауи технологияны пайдаланып жасалатын қылмыстық іс-әрекеттің бірі жатқызылады. Жалпы, интернет алаяқтық барысында қылмыс жасаушы ақпараттық жүйенің көмегімен бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау, сенімін теріс пайдалану жолымен біреудің мүлкін құқықсыз иемденеді. Бүгінде интернет алаяқтарымен күрес жүргізу құқық қорғау органдарының негізігі қызметі саналады. Әккі алаяқтар ұрлық пиғылдарын заманауи технология, яғни смартфон, компьютер арқылы интернет желісін қолданушының қаражатын ұрлау бойынша жүзеге асырады. Осы күні көпшілік жекелеген қызмет түрлерін ғаламтор желісінен алуға бейім. Соның салдарынан алаяқтық қылмысының саны арта түсуде. Алаяқтыққа барған жандар әлеуметтік желі қолданушысының жеке ақпаратын алып, басқа тұлғалардың есеп-шотына қаражат аудару үшін әрекеттенеді. Ауданымызда алаяқтық қылмысты болдырмау және алдын алу мақсатында жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Сонымен бірге халық көп шоғырланатын жерлерге арнайы баннерлер ілінген. Жұртшылыққа интернет алаяқтығының нақты факторын көрсететін жадынама таратылуда. Жерігілікті «Жаңаарқа» газетінде алаяқтық қылмысты болдырмау жөнінде апта сайын арнайы мақала жариялануда. Жаңаарқа ауданы ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында жастар ресурстық орталығы арнайы бейнероликтер әзірлеп, аталмыш бейнероликтер ауданға қарасты кент және ауылдық округ әкімдіктерінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына шығарылуда.
Жаңаарқа ауданының ішкі саясат бөлімі