Пятница, 22.11.2024

Ұлытау облысында жеті заманауи мектеп салынады

Қазақстанда үш жылда 400-ден астам жаңа мектеп салынады. Мектептерді салу  2023-2025 жылдары ел Президентінің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске асады.

Аталмыш мектептердің жетеуі Ұлытау облысында салынбақ. Жобаның іске асырылуын талқылау мақсатында өткен аптада облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовпен кездесу өткізді. Кездесу барысында жер учаскелерін бөлу, инженерлік коммуникацияларды жүргізу, сондай-ақ құрылыс материалдары мен жабдықтарын жергілікті өндірушілердің ұлттық жобасына қатысу мәселелерін қарады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа форматтағы білім беру мекемелерінің салынуы бұл оқушы орындарының тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге, апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға, балаларды оқыту үшін жақсы жағдайлар жасауға, сондай-ақ ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықтарды айтарлықтай азайтуға септігін тигізбек.

«Ұлттық жоба аясында Ұлытау облысында жеті мектеп салынады. Оның алғашқысының құрылысы биыл басталмақ. Ол Жезқазған қаласына қарасты Қабанбай елді мекенінде (Геологический поселок). Жайлы мектептің үшеуі ауылдарда бой көтереді. Яғни Ұлытау селосы, Жаңаарқа кенті, Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылдарында, ал қалған төрт мектеп Жезқазған, Сәтбаев қалаларында салынады. Негізгі приоритет апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің салдарын жою, алайда бізде бұл санаттағы мектептер жоқ. Дегенменде бізде бірінші кезекте өңірдің дамуына байланысты, территорияның ұлғайуына байланысты жаңадан құрылып жатқан елді мекендер жоспарланып тұр. Сондай-ақ Қабанбай елді мекеніндегі оқушылар қала орталығындағы 13 мектепке тасымалдау арқылы оқып жатыр. Жайлы мектептің өзіндік ерекшелігі де бар, яғни мектептің құрылысы ғана салынып қоймайды. Онда жоба аясында мектептің барлық мүліктері, оқуға қажетті жабдықтары бірге жоспарланады. Сонымен қатар тағы бір ерекшелік оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай блоктары әртүрлі болады. Бұл дегеніміз бастауыш сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларымен қатар жүрмейді деген сөз. Кіріп шығу блоктары, асханаларының бөлек болуы да қарастырылған. Блоктардың жеке болуы бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оқу ағарту министрлігінің жайлы мектепті іске асырудағы тағы бір жобасы жаңа мектептерді басқаратын директорлар корпусы жасақталып жатыр. Құрылыс басталғаннан бастап, құрылыс аяқталғанға дейін оларды дайындау мәселесі яғни басқарушылардың резерві дайындалып, құрылыспен қатар менеджменті оқыту мәселесі қолға алынады. Кадр мәселесі де қазірден бастап қолға алынып жатыр. Жалпы Ұлытау облысында 88 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде бейімделген ғимаратта орналасқаны бар, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерде бар. Қазіргі таңда біз 1 маусымға дейін барлық мектептерде техникалық жағдайын яғни тозған, тозбағандығын анықтау бағытында сараптама жүргізетін боламыз. Материалдық жарақтандыру бойынша «Білімді ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде көптеген мектептер жаңа мотификацияланған кабинеттермен толығып жатыр. Биылдың өзінде біз 39 пәндік кабинеттерді сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек үнемделген қаражаттар болып жатса олардың санын көбейтуге мүмкіндік бар«-дейді Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сафура ТӨЛЕКОВА.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Ұлытау облысында 2023-2025 жылдары аралығында 4 500 оқушы орнын қамтитын 7 мектеп (қалада – 4, ауылда — 3) салынады деп жоспарлануда. Олардың қатарында Сәтбаев қаласының  8 — шағын ауданынан орын тебетін 5,6 млрд. теңгеге 900 орындық мектеп құрылысы да бар. Жалпы есеппен 7 мектептің құрылысына республикалық бюджеттен 31,2 млрд теңге қарастырылады. Аталмыш білім ордаларының құрылыс жұмыстарына тікелей жауапты оператор ретінде Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқармасы тағайындалған.  Акционерлік қоғам өз кезегінде электронды түрде конкурс өткізіп, 5 пайыздан жеңілдік қарастырылып жергілікті құрылыс компанияларына қатысуға мүмкіндік берілмек. Бұл дегеніміз сырттан келетін құрылыс компанияларына жол жабық деген сөз. Төрағаның айтуынша сол жайлы мектепке қажетті құрылыс материалдар мен жиһаздары да жоспарлау негізде отандық компаниялардан, яғни жергілікті шағын бизнес өкілдерінің тауарларын пайдалану көзделіп отыр. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының сөзінше құрылыс жұмыстары толықтай цифрлық техникалық қадағалаудан өтеді.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру арқасында республикада 840 мыңнан астам студенттік орын (екі ауысымда) ашылатыны хабарланды. 2023 жылы жоспарланған 400-ден астам жайлы мектептің ішінде әкімдіктер Білім министрлігімен және ұлттық жобаның бірыңғай операторы «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ-мен бірлесіп, 467 800 орындық 221 мектептің құрылысын бастауы қажет.Кездесу соңында өңір басшысы бейінді басқармалардың басшыларына ұлттық жобаны іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.2023 жылы жеті мектептің алғашқысының құрылыс жұмысы басталып, 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА, суреттер автордікі

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Бұл жолдаудан күтеріміз көп

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *