Среда, 27.11.2024

ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА, ҰЛАР ЕТІН ЖЕДІҢ БЕ?

«Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет»

 ҚР Президенті Қ.Ж.ТОҚАЕВ.

Аяқ астынан сапарға шықтым..

Биылғы жоспар Талдықорған шаһары болатын. Бірақ, жақында шетелге саяхатым бар еді. Сондықтан, оны әлі де ойласып жатқан едім. Жазира Жанкина ханымнан Ұлытау облысына сапар туралы хабар жетті. Бұл өңірдің туризмге жауапты органының тапсырысы болатын. Әрине, бұрын да жазғанымдай Жезқазған қаласында уақытында екі ай тұрдым. Қарағанды жағынан да және Арқалық тарабынан да Ұлытау облысына талай рет жол түскен еді. Соңғы рет былтыр Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған экспедиция құрамына болған едім. Дегенмен, әлі де аяғым тимеген нысандар болған соң саяхатқа бірден келістім. Көп ақпарат алдым, бастысы әріптестермен бірге негізгі деген барлық нысандарға жеттік. Әрине, өңірдің туризм бойынша өз проблемалары бар. Бірақ, алдағы уақытта аймақта туризм қатты дамитынына сенімдімін. Сөйтіп, екі күн жолымыз, үш күн сапарымыз сәтті өтті. 3 күнде 600 шақырым жүріп, Ұлытау облысын аралауға арналған саяхатымыз аяқталды. Әрине, Жезқазған, Сәтбаев, Жезді, Ұлытауға бұрыннан келіп жүрмін ғой. Дегенмен осы жолы Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Әулиетау, Хан Ордасынан бастап тарихи кешендері мен музейлерін араладық. Ерекше сапар болды.

Ұлытау өңіріне қалай жетеміз?

Қазақстанның орталығындағы Ұлытау облысының Ұлытау ауданы еліміздің алты облысының аумағынан үлкен. Әрбірінің әрине, дегенмен, осы жайттың өзінен Ұлытау облысының қандай екенін білуге болады. География­лық орталық болғанына қарамастан, облыс орталығы  Жезқазған қаласына көлікпен тек 3 бағыттан жетуге болады. Бірі Қарағанды арқылы Астана тарабы, екіншісі, Ұлытау кенті арқылы Арқалық жағы және үшіншісі Қызылорда тарабынан. Соңғысы нашар, Арқалық жолы да онша емес. Дегенмен, Үкімет бұл жолдарға көңіл бөліп отыр. Ал, Жезқазғанға ұшақтар тек мына қалалардан жетеді: Астана, Қарағанды, Шымкент, Алматы. Темір жол көлігі Жарық, одан әрі Қарағанды арқылы солтүстікке не Жарықтан оңтүстікке немесе Балқашқа шығуға болады. Арқалық жағындағы жүк тасымалы поезын жолау­шылар тасымалына айналдыру керек деп санаймын. Айтқандай, таңертең Қызылорда-Павлодар бағытында жүретін поездан түстім, аталған поезд Қызылордадан шығып, Жезқазғанға жеткен соң Қарағанды мен Астананы басып өтіп Павлодарға жетеді. Керемет емес пе?!Дегенмен, Ұлытау облысының туристік әлеуетін дамытамыз десек, Жезқазғанды Қазақстанның басқа қалаларымен жалғайтын тіке әуе байланыстарын орнату қажет. Мәселен, батыс өңірлерден, мысалы, Ақтау шаһарынан тікелей рейс ұйымдастырып қойса нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, Астанадан шыққан поезд Жезқазғанға дейін 12-13 сағат жүреді. Бұл туристер үшін қолайсыз деп ойлаймын. Ұлытау облысына келсеңіз аумағын, дұрысы негізгі локацияларын аралау үшін кем дегенде үш күн керек. Енді, үш күнде бару қажет нысандардың тізімін айтайын. Олар Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Ұлытау, Жезді, Қарсақбай кенттері, үлгеріп жатсаңыз, Қаражал қаласы мен Атасу кентіне (Жаңарқа ауданы) де барыңыз. Табиғи нысандары – Ұлытау, Ақжар таулары, Ақмешіт, Едіге шыңы. Айт­қандай, облыс аумағында емдік табиғи көздер де баршылық екен. Тарихи көрікті нысандар – Жошы хан, Домбауыл, Алаша хан кесенесі, Мақат сағанасы, Дулығалы мешіті, Қойлыбай бақсы моласы, Кейкі батыр үңгірі, Байқоңырдағы жартасты суреттері. Ортағасырлық сәулет ескерткіштері — Хан Ордасы қалашығы, Басқамыр қалашығы, Жұбан ана кесенесі және т.б.

Облыс туралы бірер сөз

Ұлытау сапарында бірнеше елді мекендерде болдық. Ол Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Жезді, Қарсақбай, Талдысай. Жалпы, Ұлытау облысы Қазақстандағы аумағы бойынша бесінші орын алатын өңір, ал, халқы бойынша рес­публикадағы ең кіші аймақ деп саналады. Мысалы, 2023 жылғы дерек бойынша халқының саны 231 774 адамды құраған. Облыс үш қаладан Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, екі ауданнан Ұлытау және Жаңарқа ауданынан тұрады. Халқы негізінен қалаларда тұрады. Мысалы, Жезқазанның халқы қала маңына бағынышты аумағымен қоса алғанда 2021 жылы 91 942 адамды құраған. Ал, 1991 жылы Жезқазған қаласында 111 000 адам тұрған еді. Сол сияқты, Сәтбаев қаласы тұрғындары саны 2021 жылы 70 100 адамды құраған. Ал, Қаражал қаласы тұрғындары саны Жәйрем кентімен қоса алғанда 2019 жылы 18 435 адамды құраған. Жалпы, менің байқағаным өңір бай болғанмен, Қарағанды облысы құрамы кезінде инфрақұрылымға қаражат салынбағаны көрініп тұр. Мысалы, ескі құрылыс нысандары көп, жаңадан салынған құрылыс­тар жоққа тән. Жаңылмасам соңғы рет Жезқазғанда құрылыс 1997 жылы жүргізілді. Қайта облыс болуының арқасында облыс орталығының екі артықшылығы бар. Бірінші, теміржол тұйығынан құтылуы, екінші, әуежайдың жұмыс істеп тұруы. Өнеркәсіппен қоса болашақта туризм өңір дамуының басты серпініне айналады деп сенгім келеді. Облыс орталығына айналған сәттен бастап Жезқазғандағы пәтер бағасы екі есе өсті деседі, анығын білмедім. Жалпы, болашақта Жезқазған қаласын Түркістан шаһары кейпінде көремін.

Үш жүздің басын қосқан

Ұлытау таулары Қазақстанның дәл ортасында орналасқан. Сарысу, Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері осы жерден бастау алады. Аталған өзен бойларын адамдар атам заманнан бері қоныстанған. Ежелгі грек тарихшысы Геродот Ұлытауды сақтардың тауы деп атаса, Қаныш Сәтбаев өзі жазып алған аңыздарға сәйкес топан судан кейін үш жер қыртысы шыққан, оның бірі Ұлытау шыңдары дейді. Дәл осы Ұлытауда қазақ билеушілерін ақ киізге көтеріп хан сайлайтын дәстүрі болған. Меніңше, ол дәстүр жұртымыздың оған дейінгі бабаларынан қалған болар. Маған ол ой әсіресе Алаша хан кесенесіне барған кезде туындады. Өйткені, аталған кешен қарапайым адамға салынбағаны көрініп тұр. Монументальдық десем болар, екіншіден, терезелері жаудан қорғану үшін салынған секілді. Екіншіден, Алтын Орданың бастауында тұрған Жошы хан Ұлытау жерінде жерленген ғой. Ал, Ұлытаудың ең биік нүктесі Ақмешіт әулие тауы деп аталады. Ауызекі тілде Әулие тау не Жеті әулие делінеді. Ал, негізінде бұл жерде 7 әулие жерленген қорымдар (тастар үйілген) бар. Басында мешіт болған деп те айтылады, оны байқамадым. Есесіне алыста үңгірді байқадық. Біз оған жете алмадық әрі уақытымыз аз болды. Және, қазақтың басқа өңірлері сияқты Ұлытау өңірінде де Асан Қайғыға қатысты аңыз-әфсаналар жетерлік. Кейбіреулер Ақмешіт тауының басында 15 ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы жерленген деседі. Біз шың басына, яғни, Ұлытаудың ең биік нүктесіне, Ақмешіт әулие тауына шықтық. Оның биіктігі 1133 метр. Биікке шығу үшін ыңғайлы аяқ киім, жауын-шашыннан қорғанатын киім және 0,5 литр су мен тіске басатын шоколад жетеді. Биікке шығу үшін Ұлытау кентінің шетіндегі Сапар орталығынан жаяу жүресіз, одан әрі Ұлытау қорығы аумағы басталады. Онда келушілерге тоқтап, тынығып алып, әрі жүру үшін демалыс орындықтары (төбесі жабық, бірінің құрылысы аяқталған, екіншісін енді бастап жатыр) қойылған. Негізі ыңғайлы (треккинг) таяқ болса құба-құб. Тауға шығу үшін аздаған дайындық керек, ауру-сырқау адамдарға қиындау, қанша дегенмен таудың аты тау. Тауға жетер жерлерде қайың шоқ тоғайлары бар. Қайыңның суы таза жерлерде өсетіні белгілі. Ал, менің ойыма «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген жолдар орала берді. Заманында Ұлытау­да арқар да өмір сүріпті, оның мүйізін Жезқазған қаласындағы музейден көрдік. Жалпы, Ұлытаудың өзіндік аурасы ұнады. Өзгелер оны мистицизммен байланыстырады.

Торғай мен Ұлытау

Шәміл Мұхамеджанов ағамыз былай депті:

«Сен көрсең ғой…

Көрсең егер Торғайдың кең даласын,

Ашылмаған өзің бір кен боласың.

Көкірегің сайрайды бұлбұл болып,

Қыран болып биікке сен қонасың.

Ел алады аялап құшағына,

Кездескендей боласың нұр шағыңа,

Бір көрген жан өзіңнің ұлың болып,

Разы болар еді туса мұнда».

Расында алып қосарым жоқ. Ал, баяғыда ағылшын алпауыттары В.Лениннен Кеңес Одағы национализациялап алған төрт зауытын қайтарып алуға тырысып: «Сіздер бәрібір 99 жыл ол жерлерде ештеңе істемейсіздер, бізге беріңіздер?» депті. Дегенмен, заман бәрін басқаша көрсетті. Оны неге айтып отыр­мын. Осы сапарымда Сағадат деген бауырым: «Біз сіздердің Ақжар сияқты жерлеріңізді (Қостанау облысы аумағында) жарнамалаймыз, кісілер барады. Сіздер бәрібір онымен айналыспайсыздар ғой» дегені бар. Расында, Қос­танай өз туризмін дамыта алмай отырғанда (дұрысы, дамытуға не құлқы жоқ не білімдері жетпейді) Торғай туризмін қайтсін? Сондықтан, Торғайдың Ұлытау облысымен іргелес жерлеріндегі Қостанай облысының осындай көрікті жерлерін танымалды қылуын өз басым қолдаймын. Ал, былай қарасаңыз, Ұлытау мен Торғайдың іргелес жерлерінде қаншама табиғи нысандар да әсем сәулет ескерткіштері де жетерлік. Мысалы, Ақжардан өзге, Байқоңыр петрогифтері, Құлмұхамед ишан, Дулығалы ишан мешіті, Алтыншоқы, Мақат сағанасы, Дәбей Бегенұлы мазары, Арғанаты таулары, Қорғасын руднигі, атақты Сарлық ауылы, Барақкөл, Тамдыдағы тас суреттер, Жәкуда ишан мешіті, Кейкі батыр үңгірі, Қойлыбай әулие кесенесі. Айта берсе әлі де жалғастыруға болар. Дегенмен, бұл нысандардың бәрінің Ұлытау тарихына ғана емес, Торғай тарихына да және жалпы алғанда, қазақ тарихына қатысты екенін айтқым келген. Ал, жалпы, екі жұрттың әуелден ауылы аралас, қойы қоралас. Бала кезден басын Ұлытаудан алатын Торғай және Ұлы Жыланшық өзендерінің бойында өстік, суын іштік. Жеріміз де бірдей, табиғаты да ұқсайды, адамдарының мінездері мен тұрмыс-салты да бірдей. Жалпы алғанда, Ұлытауды ұлт ұясы десек, Торғайды Алаштың ордасының бірі, Ахаң мен Жахаң (Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы) елі деп мақтанамыз. Басты айтпақ ойым, Торғай жерінің туризмінің ауылы алыс сияқты. Ал, үш жүздің басын қосқан Ұлытау ел назарында. Бір жағынан ол билік басындағыларға да қатысты деп ойлаймын. Ұлытау облысын басқаруға келген Дастан Адайұлы Рыспековті туризм саласында жұмыс істеген кәсіби маман деп білемін. Өңірдің ішкі туризмі бойынша таяу уақытта бір нәтиже шығады деп үміттенемін.

Бағзы замандағы Басқамыр қалашығы

Ұлытау облысына саяхатымыз барысында Басқамыр қалашығына жеткен едік. Тик-токқа видеосын салған едім. Дегенмен тағы қайталауды жөн көрдім. «Ұлытау» туристік жол көрсеткішінің деректеріне сәйкес Басқамыр қалашығы Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғалымдар қалашықты араб географы Мұхаммед әл-Идрисидің жазбалары арқылы біледі. 8-9 ғасыр­лардағы Қиян қаласына жатқызады. Оғыздың Қиян және Жадшан қалалары туралы деректерде «екеуі де бекінісі өте берік шағын қалалар» делінген. Ежелгі шаһардың қалдықтары шеңбер қалпында сақталған. Оның ортасына трапеция түріндегі цитадель қайта қалпына келтіріліп, тұрғызылған. Цитадель аумағында жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде 7 бөлме, ошақтар мен пештер табылған. Бұрыштардың бірінде екі метрден сәл-пәл биік мұнара, ішкі солтүстік бұрышта суға арналған шұңқыр болғаны анықталды. Таза су қамалға арық арқылы жеткізілген. Қалашықтың сыртқы сипатына назар салса, дуал деңгейінде сақталып қалған 2 қорғаныс шебін анық байқауға болады (менің байқағаным бірі топырақ, екіншісі тас). Сырт­қы дуалдың кеңдігі орта есеппен 6 метр, биіктігі 1,5 метр. Ғалымдардың пайымдауынша қала-бекіністі сумен қамтамасыз еткен су айдыны болған. Қалашық бекінісінен бөлек Басқамыр­дың маңында қорым, күзет мұнарасы, үңгір-шахта сияқты бірегей нысандар бар. Басқамыр қорымы бекіністен оңтүстікке қарай, күзет мұнарасының қирандылары қалашықтан бір шақырым жерде, Керегетас төбесінде орналасқан. Тас пен балшықтан қаланған мұнараның бүгінгі жұрнағының биіктігі 3 метрді құрайды. Жанында ескі қорымдар бар. Біз найман тайпасының ескі зираттарын (бәлкім қазақтың басқа руларының қорымдары бар болар, анықтап қарап, зерттеуге уақытымыз болмады) байқадық. Жалпы, қалашық пен оның жанындағы Талдысай ауылы арасында бұрыннан байланыс бар болар. Яғни, бұл жер жұрты әуелден осындай ыңғайлы аймақты мекендеген болар деп ойлаймын. Басқамыр қалашығы Ұлытау облысы орталығы Жезқазған қаласынан 83 шақырым қашықтықтағы Талдысай ауылынан солтүстікке қарай 300 шақырымдағы Жезді өзенінің бойында орналасқан.

Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Ұлытау десе әдетте «қазақтың үш жүзінің басы қосылған жер» немесе «Ұлытауда болдың ба, ұлар етін жедің бе?» деген тәмсіл есімізге түседі. Дегемен, мен бұл тезис­терді одан сайын тереңдеткім келеді. Бірінші, жалпы, Ұлытау өлкесі есте жоқ ескі заманнан кен орталығы болған. Ол жөнінде Әлкей Хақанұлы Марғұлан былай дейді: «Ұлытау қола дәуірінің ірі металлургия орталығы болған». Екіншіден, Алтын Орданың құрылуы һәм пайда болуы Ұлытау өңірімен байланысты. Ұлы Жошы ханның Ұлытауда жатуы бекер емес болар. Айтқандай, Алаша хан мазарын кейбіреулер Шыңғыс хан кесенесі десе, өзгелері Хақназар ханмен байланыс­тырады. Өз басым мұндай еңселі кешеннің жай адамға салынбағанын түсіндім. Ұлытау жеріміздің ортасы ғана емес, табиғаты да өзгеше. Мысалы, Сарыарқамыз жазықты дала болатын болса, Ұлытау тау-қыратты, шоқ тоғайлы болып келеді. Және оның флорасы мен фаунасын сақтау да маңыз­ды. Әрине, тарихи ескерткіштерінің жөні бір бөлек. Десе де Ұлытау таулы-далалы аймағының экожүйлері мен табиғи кешендерін сақтау, сонымен бірге, өңірдің туристік әлеу­етін дамыту мақсатында 2021 жылғы 7 желтоқсанда «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылған болатын. Өңірдің сәулет нысандары мен тарихи ескерткіштерімен қатар қорықтың флорасы мен фаунасына тоқтала кетуді жөн көрдім. Сонымен, әуелі көзге түсетіні қыналар. Ал, тау беткейлерінің төменгі бөліктеріндегі тау шатқалдарында қызыл қаулы дала шөптесіндері кездеседі. Терең шатқалдардың кей беткейлерінде қайың, қайыңды-көктерек ормандары, кей жерлерде мойыл мен долана және қалың бұталар кезеседі. Аршаны да көзіміз шалып қалды. Бірақ, арша жатаған екен. Таудың шеткі аласа бөліктерін шөлейтті жусанды-бетегелі және тобылғы мен садақбоз қау өскен далалар алып жатыр. Бұл бөлікте тек Ұлытау облысында кездесетін ерекше қорғауға алынған мынадай өсімдіктер өседі: қылшықты мыңжапырақ, ұсақ гүлді күреңот, ұлытаулық түймешетен, олармен қатар сирек кездесетін шегіргүл селькирка, қазақ күреңі, жалтыршөп, қала шыршайы, қияқөлең, жоңғар талы. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қызыл қайың, сартүтік, шренк қызғалдағы, да кездеседі. Кеңес дәуірінде Ұлытау шөптерінен дәрілік заттар даярланған деп естідік. Маған әсіресе қатты ұнағаны қайың шоқ тоғайлары болды. Ұлытау қорығының фау­насына қатысты айтатын болсақ қорықта арқар мен елік бар деседі. Бірақ, арқардың Жезқазған музейінде тек түйізін кездестірдік, соған қарағанда жойылуға айналған. Құстардан – құр мен шіл түрлері, жыртқыштардан – түлкі, қасқыр, ақкіс, аққалақ, қарсақ, күзен және т.б. жануарлар кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген фауна түрлері: қара дегелек, бүркіт, ителгі, Қазақстан арқары, қарақұйрық, қылқұйрық бұлдырық, үкі, сабаншы. Жалпы, Ұлытау қорығы фаунасы әлсіз зерттелген. Қысқаша айтқанда, көп естігеннен бір көрген артық.

Ұлытау және Қаныш!

Ұлытау өңіріне қатысты екі тұлға туралы айтпасам болмас. Біріншісі, Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Ол Ұлытау өңірі қола дәуірінің ірі металлургия ошағы болған дейді. Оның айғағы Арғанатыдан, Алтынқазғаннан, Жартастан, Қарашоқыдан табылған ертедегі тұрақтар. Және бір айта кетер Ұлытау тарихындағы ерекшелік – Кіші Жібек жолы бойымен Орталық Азияны Сібірмен жалғастырған үлкен керуен жолының өтуі. Орталық Қазақстандағы жаңа зерттеулердің нәтижесінде Ұлытау төңірегінде мыңдаған жылдар бұрын мәдениеттің дамуы мен алмасуында күрделі өсу кезеңінің болғаны анықталды. Қаныш Имантайұлының мұрасымен, дұрысы оның балалық шағы өскен Баянауыл өңірімен таныстығым 1991 жылғы археологиялық экспедиция кезінде басталды. Ұлы тұлға тыныстаған ауамен тыныстау, оның отырған шоқысын көру, оның жүріп өткен жолдарымен жүрудің өзі бір ғанибет. Алғаш рет оның Баянауылдағы музейін де көрдім. Қаншама құнды дүниелер бар. Қаныш Имантайұлы туралы мектеп кезінен білемін, бірақ тұтынған заттарын қолмен ұстап көру басқаша. Тиісінше, былтырғы, биылғы жылғы сапарларымда Үлкен Жезқазған (қазіргі Ұлытау облысы) мен Қаныш Сәтбаев тұлғасы тығыз байланыста екенін түсіндім. Тіпті өңірдің дамуын Қаныш Имантайұлысыз елестетудің өзі мүмкін емес. Тұлғаларымыз туралы айтқанда әрине Алаш арыстары еске түседі. Сол уақыттағы Қаныш Имантайұлына ниеттес тұлғалар нағыз ұлтқа қызмет етушілер. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың төл әліп¬би жасауды қолға алуы, Әлихан Бөкейхановтың «География», Xалел Досмұхамедовтің «Медицина», Мағжан Жұма¬баевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовың «Психология», Әлімхан Ермековтің «Математика», Мұхтар Әуезовтің «Құрылыс материалдары», Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» оқу¬лығын жазуға кірісуі көп жайттан хабар береді. Қаныш Имантайұлы аталған кітапты 1924 жылы араб қарпімен жазып, 1929 жылы латын қарпіне көшіреді. Ол жөнінде «Академиктің рухани әлемі» атты мақаласында Әлібек Әбдіраш ағамыз жазды. «Мысты өңір» газетіндегі мақаласында ағамыз: «Қаныш Имантайұлының Семейде Абай кешін ұйымдастыруға белсене қатысуы, А.Затаевичке қазақтың 25 әнін өзі айтып, нотаға түсіртуі, Баянауыл бөктерінде «Еңлік-Кебекті» қойып, спектакльде өзінің де ойнауы, Москвада «Ер Едіге» дастанын кітап етіп бастыруы, қазақтың тұңғыш театры туралы мазмұнды мақала жазуы – атақ-даңқ қуғаннан емес, халқына пайдасын тигізу ниетінен туған талпыныс еді» дейді. Расында, осы жайттардың өзі оның сан қырын аша түседі. Жезді кентіндегі, Қарсақбайдағы, Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музейді аралағаннан кейін Қаныш Имантайұлы тұлғасы тереңірек таныс бола түсті.  Сонымен, Қаныш тұлғасы несімен қызық? Қазақстан ғылымының кен саласындағы көшбасшылығы еліміздің тұтастай бір өңірінің дамуының алғышарты болды. Бірақ, оның «елім-жерім» дегенін зая еткісі келгендер де болған. Өзі басқарған ұлттық Академия басшылығынан алынуы, «ұлтшыл» деген жала жабылуы соның дәлелі. Әлібек Әбдіраш ағамыз мақаласында жазғандай: «1955 жылы ақталған Қ. Сәтбаев Академияның жұмысын жандандыру жолында тынымсыз тер төкті. Бірқатар салалық ғылыми-зерттеу институтын ашты. Физика-математика ғылымдарының, әсіресе, ядролық физиканың дамуына жете мән берді. Ядролық физика институтының кешенді құрылысын бастап кетті. Биология, медицина, зоология, паразитология, адам физиологиясы, микробиология, вирусология, ботаника, археология, этнография, тіл, әдебиет, өнер, экономика, құқық, философия саласында ғылыми-зерттеуді жетілдіру үшін ғылыми институттар ашуды ұйымдастыруға ұйтқы болды. Ғылымды өндіріспен байланыстыру мақсатында ірі өндірістік орталықтар – Өскемен, Қарағанды, Атырауда салалық ғылыми-зерттеу институтын ашты. Әсіресе, менің көкейімде мына екі жайт қатты қалып қойыпты. Бірінші, ашаршылық жылдары Баянауылдан тірі қалған 15-20 баланы көлікке тиеп алып келіп, құтқарып қалады. Оқытты, тоқытты, қарасты, кейін олардың арасынан талай академик шықты. Соның бірі белгілі археолог Кемал Ақышев еді, Кемал ағамыз «Алтын адамды» тапты. Қаныш болмаса Кемал болмас еді, Кемал болмаса тарихымыздың жауһары «Алтын адам» табылмас еді. Айтқандай Қаныш Имантайұлы «Амангелдінің батыр бабалары» атты мақаласында Амангелді Имановтың ата-бабасына тоқталып, оған арнайы мақала арнаған. Тағы бір қызығы Жездідегі музейде Амангелдінің ағасы Бектепбергеннің көрігін көрдік. Азаттықтың ақ туын көтерген Амангелдіні қолдаған жұрты қазіргі Ұлытау облысы жеріндегі Дулығалы мешітінде ақсарбас берген еді. Бұл енді, тарихтан тәбәрік дейміз. Екіншісі, Москваның тапсырмасымен Қазақстанның жерасты қазба байлығы картасын жасағанда Қаныш Имантайұлы 4-5 ірі кенішті жасырып қалады. «Бұл қалай?» дегендерге: «Қаржыны, теxниканы көп қажет етеді. Оларды картаға кіргізуге әлі ерте» дейді. Ал, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар…» депті. Расында, не деген зор тұлға, тіпті болашақты да болжап тұр ғой. Ал, біз Қаныш тұлғасын толық таныдық па? Иә, биыл Қаныш Имантайұлының 125 жылдық мерейтойы, аталған шара барысында оның қызмет еткен Ұлытау өңіріне аяғымыз тиіп, жақсының шарапаты қаншама жұртты асырап отырғанына куә болдық.

Дала мұнарасы

Қарсақбайдағы ағылшындардың мұрасы. Бұл көрініске мән беріп, Бұқара, Хиуа және Самарқандағы діни мұнаралармен салыстырдым.  Біздің даламыздағы мына құрылыс өндірістің ескерткіші ретінде ой салды. Айтқандай, әлі жұмыс істеп тұр. Ал, жалпы, әлемдегі кен өндірісінің алғашқы орталығы қазақ даласы. Ол бір бөлек тарих.

Ғарыш айлағы емес, петроглифтер ордасы

Қазақстандағы петроглифтердің ең үлкен коллекциясын Түркістан облысының Созақ ауданына саяхат барысында көрген едім. Ол петроглифтер Арпаөзен бойында орналасқан. Өте мол коллекция. Ал, Ұлытау облысы жерін алатын болсақ, олардың екі-үш аумағын білемін. Бәлкім одан да көп болар. Өйткені бұл өлке ежелгі өркениет ордаларының бірі. Байқоңыр петроглифтері, бұл таңбалы тастар Ұлытау ауданындағы Байқоңыр өзенінің қос жағалауын бойлай 25 шақырым жерді алып жатыр. Толық мағұлматты Жезқазған тарихи-археологиялық музейінен алдым. Екінші, Тамды аңғарындағы петроглифтер. Үшіншісі, Теректі Әулие. Әрине, қай-қайсының орны ерекше. Енді, Байқоңыр петрогифтері туралы archaeology.kz былай дейді. Петроглифтер биіктігі 10 м жекелеген жартастардан табылған. Олар негізгі жартастардан алшақ өзара телімдермен бөлініп орналасқан. Суреттер салынған тақталар жерден 2-4 метр биіктікке орналасқан. Оңтүстік-шығысқа, кейде солтүстікке бағытталған, тік немесе көлбеу, кейде көлденең экспозицияны құрайды.Байқоңыр петроглифтері жайлы алғашқы мәліметтер Н.С.Воронецтің жұмысында кездеседі. Зерттеулердің жалғасы ретінде В.А.Городцовтың 1926 жылғы шыққан мақаласын айтуға болады. Соғысқа дейінгі жылдары петроглифтерді Қ.И.Сәтбаев қарап шыққан. 1947 жылы мұнда Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Ә.Х.Марғұлан басшылығымен зерттеулер жүргізеді. 1983-1989 жылдар аралығында аралығында Байқоңыр петроглифтерін Қарағанды мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы В.А.Новоженовтің басшылығымен зерттейді. Сол кезде барлық сақталған суреттерді жүйелеу жүзеге асырылды. Петроглифтердің  негізгі жинақталған орны Байқоңыр ауылының маңы, Лақбай қыстағының жаны, Сарысай қыстауының маңынан табылған.

Байқоңыр ауылынан өзенді бойлай Балқымбай қыстағының маңында 9 тармақтан құралған петроглифтер жиынтығы орналасқан. Петроглифтер нүктелі тәсілмен орындалған. Өңделгендері сирек кездеседі. Петроглифтері бар жартастар қатты қирап, бетін қына басып кеткен. Адамдар мен жануарлардың жеке суреттері көптеп кездеседі. Ерлердің суреттері айқын бейнеленген. Жануарлар арасында жылқы, түйе, бұқа, киік суреттері көп кездеседі. Сонымен қоса ежелгі суреттердің үстінен басылып салынған жерлер де тіркелген. Байқоңыр жартасында «сүлде» және скиф-сақ аң стилінде салынған суреттер кездеседі.

Лақбай қыстағының маңындағы петроглифтер жиынтығы ерекше қызығушылық туғызады. Ол жерден көп бейнелі тас беті анықталды. Онда «құйрықты» және «күн басты» аңшы-садақшылардың бұқалар мен түйелерге аңшылық құру көрінісі, эротикалық сипаттағы көріністер,  жануарлардың қарсыластығы мен шайқасының көрінісі, азаптау көріністері берілген. Байқоңыр III жартасында екі, төрт дөңгелекті ат пен түйе жегілген арба бейнеленген. Ең танымал бейнелер жылқы мен түйе. Тау ешкілер, бұқалар, иттер, жылан, ал киік суреттері сирек кездеседі. Байқоңыр III, 16-шы жартаста жыртқыштардың бұқаға шабуылы бейнеленген. Бұл скиф-сақ аң стиліне тән көрініс. Сонымен қоса ол жерде көне дәуірге жататын түйе, жылқы суреттері өзге стиль мен тәсілде орындалған. Байқоңыр ауылынан оңтүстік-батысқа қарай, өзеннің оң жағалауында IV жартасы орналасқан. Ол қатты қираған және бетін қына басқан. Петроглифтер негізгі екі кезеңге бөлінеді. Қола дәуірі мен ерте көшпенділер дәуірі, сонымен қоса, әртүрлі хронологиялық кезеңдерге жататын бейнелеу стильдері де кездеседі. Олар Қазақстанның ежелгі тайпаларының материалдық және рухани мәдениеті бойынша құнды дерек болып табылады. Бұл жер аймақтың ежелгі тұрғындары ғұрыптық шаралар өткізген храм, ғибадатхана, киелі орын болуы мүмкін.

 

Домбауыл кешені және діңдер

Домбауыл кешенінің ішкі жағы, құрылысы 8-9 ғасырларға жатады деседі. Бірінші, діңдерге ұқсастықтарын байқадым. Торғай діңдері қарауыл ретінде болса, Домбауыл маңында қорымдар көп екен. Домбауылдың пішімі киіз үй тәріздес. Үйтас та осыған ұқсас деп санаймын. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесі де осы тектес деседі. Екінші, Торғайдағы Текенің діңі басқаша болса керек. Әңгіме Ұлытау діңдері болғандықтан Үйтас діңі туралы толықтыра кетсем. Үйтас діңі Бұланты мемориалдық кешені жанында Лақбай қыстауынан 3,1 шақырым, Байқоңыр ауылынан 16,2 шақырым қашықтықта орналаcқан. Бұл үйтастар түркі дәуірінен қалған болуы мүмкін (яғни, 5-8 ғасырлар). Өйткені Ә.Марғұлан Орхон жазбаларында діңдер туралы кездеседі деседі. Сонымен бірге, біздің Торғай-Ұлытау өңірі қатар қонған жұрт. Торғай, Ұлы Жыланшық өзендері бастауларын Ұлытаудан алады. Былайша айтқанда, бір(неше) өзеннің суын бірге ішіп отырмыз. Әуелден ауылымыз аралас, қойымыз қоралас елміз.

Бектепбергеннің көрігі

Жезді кентіндегі музейде Амангелді Имановтың ағасы Бектепберген Үдербайұлының көрігін көрдік. 1916 жылғы Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісін еске алған кезде, олардың қару-жарақтарды өздері құйғанын білеміз. Арнайы қару-жарақ соғатын ұсталары болған. Екінші жағынан аталған көтеріліске өзге өңірдің азаматтары да қатысқаны белгілі. Ал, кенді Қарсақбай, Жезді аймақтары көтерілісшілердің қару-жарақтарының бір бөлігін қамтамасыз еткен. Мұның ар жағында жұртымызың бағзы заманнан металл өңдеу, металл құю дәстүрі тұр.

Тілеулі батыр

Жезқазған көшелерімен жүріп келе жатып, бірінші шеткі базарына жеттім. Сосын, автобусқа отырып, «Кооператив» деп аталатын орталық жақтағы базарды араладым. Қала өзгеріп қалыпты. Арасында таксиге де отырдым, арзан көрінді. Бір қызығы «Яндекс»-тен гөрі «Индрайвер» танымал екен. Шаһар көшелерімен келе жатып, Тілеулі батыр көшесі дегенді оқып қалдым. Құлағым елең ете қалды. Себебі биыл Қараторғай-Сарыторғай сапары барысында 1916 жылғы Торғай қазақтары көтерілісі басшысының бірі (ханы) Әбдіғапар әмір Жанбосынұлының кесенесіне соғып, бұрынғы деректермді толықтыра түскен едім. Әбдіғапардың бабасы Нияз Тілеуліұлының зираты Астана іргесінде екенін де білемін. Аталған тұлғалар көпшілікке таныс деп ойлаймын. Нияз бидің Абылайдың бас билерінің бірі болғанын айтсақ жеткілікті. Айтқандай Ақмола атауы Нияз бидің кесенесімен байланысты. Әкелі-балалы Тілеулі батыр мен Нияз би Ресеймен байланыс туралы құжатқа қолдарын қойғанын көреміз. Тілеулі батыр атақты Тама Есет батыр мен Шақшақ Жәнібек батырдың жорықтас жолдасы. Өмір сүрген кезеңі шамамен 1695-1760 жылдар арасы. Орта жүздің Ұзын қыпшағы. Үш жүздің 1710 жылы Қарақұмдағы өткен халық құрылтайына, 1723 жылы Талас өзені бойында жоңғарлармен болған шайқасқа, Бұланты-Білеуті шайқастарына қатысып, қыпшақ қолын бастаған. Бұланты шайқасында жоңғар батырымен жекпе-жекке шығып, найзамен түйреп өлтіреді. Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Тілеулі батыр Әбдірахманұлы Ор өзенінің бойында жорықта жүргенінде қайтыс болады. Өсиеті бойынша сүйегі қандыкөйлек досы Тама Есет батырдың жанына жерленеді. Ол қазіргі Ақтөбе қаласынан 18 шақырым қашықтықтағы Бестамақ елді мекені маңында. Қазіргі күні Тілеулі батыр ұрпақтары 22 ру болып, 10 мың адамға жеткен. Келіншегім сол кісілердің ұрпағы. Сондықтан құлағым елең етіп, балаларымның ұлы нағашылары туралы білмекке ынтам артқан еді.

Кәдесыйлар қайда?

Ұлытау облысында туризмге қатысты мына жайтты байқадым. Жезқазғанда кәдесыйлар жоқ екен. Әлде мен байқамадым ба? Мысалы, Бурабайда ағаштан жасалған магниткалар бар. Бағасы арзан және жергілікті өнім. Ал, енді басқа өңірден келген кезде сол аймақты еске түсіретін бір нәрсе сатып алғың келеді. Жолсызба сияқты нәрсені көрмедім. Қонақ үйде бар екен әйтеуір. Сосын оны алып алдым. Басты айтпақ ойым, туризмнің табысты бір саласы кәдесыйларды да ескеру керек.

Амандық ӘМІРХАМЗИН. Тревел-блогер.

Астана-Ұлытау, Ұлытау-Астана.

         Суретті түсірген Чингис Лепсибаев.

10-12 қазан.

 

 

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Құқық бұзушылыққа жол жоқ!

Құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл үшін …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *