Пятница, 22.11.2024

«ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА» бағдарламасының ұтымды тұстары

САЯСИ РЕФОРМАЛАР: әділдік, ашықтық, жариялылық

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті қоғам, Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ел болашағы –балаларға мем­лекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды екеніне ерекше тоқталды. Осы мақсатта «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қабылданатынын да айтты.

«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аудары­лып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп­шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», деді Президент өз сөзінде.

Мұны халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. Бұл бір жағынан әлеуметтік желілерде жиі көтерілетін белсенді азаматтардың «Қазақ жерінің байлығын ұрпақтарымыздың еншісіне неге бермейміз?» деген сауалдарына жауап та болған сыңайлы. Яғни, бала туған күннен бастап оның атына есепшот ашылып, Ұлттық қордан белгілі мөлшерде қаржы құйылып отырады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді екен. Сол, өмірге келген әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналатын көрінеді. Бұл сома доллардың бүгінгі бағамымен есептегенде шамамен 1 млн. 400 мың теңгеге тең. Әрине, қазіргі баға бұғаудан кеткен заманда бұл онша көп қаржы емес екені де рас. Бірақ, экономистер бұл жинақтың инвестициялық табыс есебінен арта түсуі мүмкін екенін де айтып жатыр.

Дүние есігін ашқан әр баланың өскенінше есепшотына қаржы аудару туралы бағдарламаның сәтті іске қосылуы үшін 2024 жылға дейін уақыт берілді. Осы уақыт аралы­ғында бастаманы жүзеге асыру тетік­тері жан-жақты зерделенеді.

Бағдарламаның ұтымды тұстары қандай. Енді соны қысқаша қаузап көрейік. Мамандардың айтуынша осыған ұқсас жоба Ресей Федера­циясы мен Беларусь Республи­касында бар екен. Олар «Ана капиталы» деп аталады. Бірақ бұл мемлекеттерде бірден шамамен 10 мың доллар бөлінеді, оны бала 18 жасқа толғанға дейін қолдануға болмайды. Бұл қаржыны да тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады. Біздің елімізде де Ұлттық қор­­дың ин­вес­­тициялық кірісінің 50 пайызын әр­бір балаға бөлетін болды. Бұл жылы­на шамамен 250 доллар. Бұл қаржы бала 18 жасқа толған соң жоғары оқу орындарында оқуына, тұрғын үй са­тып алуларына жұмсалмақ.

Мемлекет басшы­сының Жолдауында көрініс тап­қан адам капиталын дамыту бағытындағы бастамалары еліміздің демографиялық дамуына әсер етеді. Әлеуметтік сала мәселелерін шешуге зор ықпалын тигізеді. Жалпы, қоғамның орнықты дамуы­на арқау болады. Ең бастысы, ел табысының шарапатын әр ша­ңы­рақ сезінеді. «Ұлттық қор – балаларға» бағ­дарламасы елдің өз болашағына деген үмі­тін арттырып, сенімін нығай­та түседі.

Ізтай Белгібайұлы.

Интернет желісіндегі фотосуреттер

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Подростковые суициды: причины и способы профилактики

По республиканской статистике суицидов среди несовершеннолетних, область Улытау далеко не в лидерах. В 2022 году …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *