15 мамыр – тау-кен өндірісінің тарланы Ғазиз Омаровтың туғанына 100 жыл толады. Ол кісінің еңбек жолы мен өмірі еліміздің индустриялық дамуына қосқан зор үлесімен ерекшеленеді. Ғазиз Омаров – Қазақстанның тау-кен саласындағы инженерлік шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ел дамуына зор үлес қосқан тұлға. Оның 100 жылдық мерейтойы – еңбек адамына деген құрметтің көрінісі.
Ғазиз Омаров 1925 жылы 15 мамырда Қарағанды облысының Жыланды ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын шахтада нормалаушы болып бастап, кейіннен Қазақ тау-кен-металлургия институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. Инженер ретінде Жезқазған кен басқармасынан бастап, шахта бастығы, бас инженер, шахтопроходкалау тресінің бастығына дейін көтерілді. Оның басқарушылық қабілеті мен техникалық жаңашылдығы нәтижесінде Жезқазған кеніштері одақ көлеміндегі үздіктердің қатарына енді. 1970 жылы кен өндіру ісіне жаңа техникалар мен технологияларды енгізіп, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Омаровтың бастамасымен енгізілген кешенді механикаландыру жүйесі өндіріс тиімділігін едәуір арттырды.
Ғазиз Омаров екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және Октябрь Революциясы ордендерімен марапатталды. 1981 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сонымен қатар, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, қоғамдық қызметпен де айналысты.
Зейнетке шыққаннан кейін де «Қазақмыс» корпорациясында кеңесші ретінде еңбек етті. 2002 жылы дүниеден өтті. Қазіргі таңда оның атымен Жезқазған қаласындағы көше, шахтопроходкалау тресі және білім беру мекемелеріндегі кафедралар аталады.
Ғазиз Омаровтың өмірі – елге адал қызмет етудің, даналық пен еңбекқорлықтың айқын үлгісі. Оның 100 жылдық мерейтойы – ұлт тарихындағы зор тұлғаны ұлықтау ғана емес, сонымен қатар, жастарға ұлағат болар өнеге.