Понедельник, 25.11.2024

Реформаның тарихи маңызы

Мемлекеттің басты құндылығы мен негізгі тірегі – халық. Конституциямызда халық – биліктің қайнар көзі деп нақты жазылған. Дана халқымызда «Халық – Құдайдың бір аты» деген тәмсіл сөз бар. Сондықтан, халықтың сеніміне ие болған саяси биліктің атқаратын міндеті – мемлекет азаматтарына қамқорлық көрсетіп, әл-ауқатын көтеріп, ұлттық құндылықтарды нығайту арқылы елдің рухани-мәдени дамуына қолдау жасау болмақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалардың басты мақсаты мен көзделіп отырған нәтижесі

– Қазақстан халқының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік теңдікті орнатуға бағытталған. Жалпы, соңғы үш жылда Мемлекет басшысы қолға алған өзгерістер мен конституциялық реформалар елімізде мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырды. Әсіресе, 2022 жылғы «Қаңтар қасіретінен» кейінгі «Әділетті, Жаңа Қазақстан» идеясы аясында халқымыздың көптен күткен арман-мақсаттары мен ұлттық қауіпсіздігімізді күшейту ісін жүзеге асыратын саяси реформалардың легі басталды. Өткен жылдың маусым айында Қазақстан халқы жаппай қатысқан референдумның қорытындысында Конституцияның 33-бабына 56 өзгеріс енгізіліп, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады. Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтып, саяси биік мәдениетке негізделген Әділетті Қазақстанның азаматтық қоғамының дамуына мүмкіндік беретін маңызды қадамдар болды.

Мемлекет басшысының 2022 жылдың 16 наурызындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталып, ерекше тың бастамалар мен саяси реформалардың басталуына жол ашты. Бұл Жолдауды еліміз айрықша назармен, үміт пен күдік араласқан алаңдаушылықпен күткені рас.

Қоғамдық санаға соны серпіліс жасап, мемлекет бағдарын жаңа арнаға бағыттаған Жолдау барша Қазақстан халқының көңілінде ел ертеңіне деген сенім ұялатты. Себебі, Қаңтар қасіретінен елдің жабырқап қалған көңіл күйіне сенім ұялатқан, жарқын болашаққа деген талпынысын арттырған жаңа қоғамдық-саяси ахуалды қалыптастыру бүгінгі биліктің басты ұстанымы еді. Обалы не керек тұтастай алғанда қоғамдық әділеттілік пен ашықтыққа және жаңару мен жариялылыққа негізделген тың Жолдауда «Жаңа Қазақстанның» құрылып, оның басты ұстыны әділеттілік пен әлеуметтік әділдіктің орнайтынына барша халқымыз риясыз сенді. Мемлекет басшысының Жолдауы шын мәнінде барша Қазақстан халқының көкейіндегі басты тағдыршешті сұрақтардың жауабын берді. Және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген күрделі сұрақтардың оңтайлы шешілуіне де ықпалын тигізді. Ерекше тегеурінді Жолдауда Президент: «Алдымызда Парламенттің ролін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастаманы ұсынамын» деп Қазақстан халқына 10 басым міндеттен тұратын нақты бастамаларын жария қылды.

Жолдаудағы бірінші бастама Президенттің өкілеттілігі туралы болды. Онда Мемлекет басшысы суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартып, ықпалды күшті Парламенті бар президенттік басқару үлгісіне ауысты. Президент: «Біз Қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жекеменшігі сияқты көре бастайды», – деп қадап тұрып айтты. Бұл нағыз мемлекет пен халықтың тағдырына бейжай қарамайтын басшының пікірі.

Жолдаудың үшінші бастамасында халықтың демократиялық билігі мен мәдениетінің өлшемі болып саналатын «Сайлау жүйесін жетілдіру» туралы болды. Онда сайлау енді аралас жүйе бойынша өтетінін жеткізген Мемлекет басшысы: «Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады», – деп зор жауапкершілікпен жариялады.

Биыл 2023 жылдың 19 наурызында «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауының» белгіленуі осы Жолдаудағы жоспарланған саяси реформаға байланысты жүргізіледі. Биылғы сайлауға елімізде тіркелеген 7 саяси партияның қатысып отырғанына бәріміз куәміз. Партиялық тізіммен Парламент Мәжілісі депутатының 69 мандаты үшін 7 саяси партиядан барлығы 281 адам үміткер болып, саяси додаға түсті. Ал мажоритарлы үлгі бойынша 29 мандатқа барлығы 609 адам үміткер болып отыр. Ал мәслихат депутаттарына келсек елімізде аудан бойынша 2 130 мәслихат депутатының орны, қалалар бойынша 617 мәслихат депутатының орны, облыстар мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 334 мәслихат депутатының орны бар. Сонда мәслихат депутаты болуға құқық беретін барлығы – 3 081 мандат бар екен. Бүгінгі күнде Қазақстан бойынша осы 10 мыңнан астам үміткер мәслихат депутаттығына сайлану үшін ұлы додаға араласып кетті. Сөз жоқ бұл еліміздегі жариялылық пен әділеттілік тұрғысындағы ірі саяси реформаның іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанының айқын көрінісі. Ел таныған, ұлт мүддесі жолында қызмет атқарады деген азаматтардың барлығы бұл сайлаудан тыс қалған жоқ десе де болады.

Президент Жолдауындағы саяси маңызы мен стратегиялық мақсаттары жағынан қорғасындай салмақты бастамаларының ішіндегі «Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру» атты сегізінші тапсырмасына келгенде барша қазақ халқының жүрегі селт етіп, көңіл күйлерінің толқынысында шек болмады десем артық айтқанымыз емес. Анығын айтсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени-рухани жүйесін кемелдендіру орайында жаңа әкімшілік-аумақтық өңірлерді құра отырып, одан әрі дамытуды ұсынды. «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымым әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды», – дей келе Мемлекет басшысы халықтың қалауын мұқият зерделегендігін жеткізе келіп: «Ең алдымен Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады… Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы мәз емес. Біз тарихи әділеттілікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз», – деп биік мінберден салтанатты түрде жариялағанда бөркін аспанға атып қуанбаған Алаш баласы қалмады. Қай заманда болмасын Семей өңірі Алаштың мерейін үстем еткен қасиетті мекен болды. 1917 жылы Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ ұлттық демократиялық зиялы қауым Орынборда Алаштың туын көтеріп, мемлекетін құрғанда астана байтағымызды қайда орнатамыз дегенде бірауыздан – Семей қаласы Алашорда халық Кеңесі үкіметінің орталығы болады деп шешім қабылдауында зор тарихи мән жатыр. Тарихи әділеттілік пен мінсіз қоғам идеясымен Жаңа Қазақстан жағдайында бой түзеп құрылған жаңа аймақ – Абай облысында жаңадан инфрақұрылымдар бой түзейтіні айдан анық. Өндірісі дамып, шұрайлы өлкеде мыңдаған жұмыс орындары ашылып, қыз-қыз қайнаған тіршілік жүріп жатыр. Халық қайта қоныстанған киелі өлкеде демографиялық ахуал жақсарып, халық санының өсу динамикасы басталды. Абай мен Шәкәрімнің рухы асқақтап, қазақ халқының данышпан перзенті Мұхтар Әуезовтің аруағы риза болды. Алаш арыстарының басы қосылған Абай облысы Жаңа Қазақстанның жасампаздығының, ұлттық бірегейлігінің символы айналды. Президенттің тегеурінді бастамасымен елдің көкейкесті тілегі болған тағдыршешті тарихи жағдайды былайша жеткізіп: «Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен», – деді.

Исі қазақтың тәу етер қасиетті мекені – қарт Ұлытау. Қара жер жаралғалы адам баласының – атамекені, атақонысы болған аймақта ең көне кәсіпшіліктер – мал шаруашылығы, егіншілік, металлургия ғасырдан-ғасырға жалғасып, үздіксіз дамыған. Киелі Ұлытау – қазақ баласының ұлы өркениетіне олжа салған қасиетті аймағы. Қазақ халқының тарихи жадысы мен дүниетанымында – Ұлытау – ерекше киелі тарихи-географиялық кеңістік саналады. Мемлекет пен ұлыстың тағдыры талқыға түскенде қазақ баласы түп көтеріліп келіп Ұлытауда келесі кеңес ашқан. Мұнда елдің геосаяси мүддесін айқындайтын ұлы Құрылтайлар өткен.

Бұл тарихи-географиялық территориялық белдеуде – ұлттың біртұтастығы мен бірлігінің ұстыны саналатын қасиетті мәдени-тарихи нысандар, археологиялық және сәулет ескерткіштері мыңдап орналасқан. Атап айтсақ, Алашахан, Жошыхан, Домбауыл, Болған ана кесенелерімен бірге тарихи тамыры есте жоқ ерте замандарға кететін Милыбұлақ қоныстары мен Басқамыр, Аяққамыр қалаларын айтсақ, төрткүл дүние елең етеді. Алтын Орданың саяси кіндігі болған осынау қасиетті мекенге шар тараптан туристер ағылып келіп жатыр. Ұлытау облысының ашылуы – Қазақстанның орталық аймағындағы тағы бір қуатты индустриалдық орталықтың дамуына әкелді. Сөз жоқ Президенттің «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымы іс жүзінде жүзеге асып жатыр.

Жер жәннаты – Жетісу аймағында орналасқан Алматы облысын екіге бөлу де өте орынды – халықтың талабынан шыққан шешім болды. Бұрынғы ұлан-ғайыр Алматы облысының аумағында Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Белгілі, белгісіз себептермен аты ұлықталмай қалған қазақ халқының біртуар тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың аты – Қапшағай қаласына беріліп, Алматы облысының орталығы – Д.Қонаев қаласы болып, барша жұрттың басын қосып отыр.

Ал 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы елімізде алдағы кезеңдерде жүргізілетін қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени реформалардың нақты бағыт-бағдары мен оны іске асыратын жұмыс жоспары берілді.

Жолдаудағы кезек күттірілмей іске асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған жаңа үлгідегі мектептер салынады. Бір артықшылығы «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын білім ошақтарының бір артықшылығы жаңадан салынатын барлық мектептерде толық жабдықталған пән кабинеттері мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндігі бар зертханалармен толықтай жабдықталады. Оның бір дәлелі ретінде 2021 жылы Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен ашылған Қарағанды қаласындағы әмбебап шеберханалар мен студиялармен жабдықталған Абай атындағы мектеп-гимназиясын айтсақ та болады.

Президенттің реформалары барысында іске асырылып жатқан тағы бір маңызды ұлттық жоба «Ауылдық жердегі денсаулық саласын жаңғырту» атты жобасы деп аталады. Онда Қазақстанның барлық ауылдық елді мекендерінде заманауи медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және көпбейінді ауданаралық орталықтар желісін ұйымдастыру міндеті күн тәртібінде тұр. Бұл ұлттық жобаның нақты нәтижесі – ауыл халқының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан, маңызы зор ұлттық жобадан ел халқы үлкен үміт күтіп отырғаны бәрімізге белгілі.

Референдумда қабылданған конституциялық өзгерістердің тағы да аса маңызды бабында «жер мен табиғат халықтың меншігі» деп танылды. Енді Әділетті Қазақстанда әрбір қазақстандық отбасы ұлттық байлықтың игілігін көреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық қор – балаларға» атты стратегиялық бағдарлама қабылдады. Енді Ұлттық қордағы табиғи қазба байлықтарды сатудан түсетін инвестициялық табыстың 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Кәмелет жасына жеткен үлкен өмірге қадам басқан болашақ қазақстандық жастар бұл қаржыны оқуға немесе баспана алуға жұмсай алады. Биыл жаңадан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттары бағдарламаны іске асырудың барлық тетіктерін талқылап, арнайы заң қабылдайды. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әр баланың есепшотына белгілі бір мөлшерде қаржы аударылатын болады.

2022 жылдың 20 қарашасында бүкілхалықтық Президент сайлауында мемлекет басшысы 7 жылдық мерзімге ел Президенті болып сайланды. Бір ерекшелігі қабылданған саяси реформаның нәтижесінде Президент бір ғана мерзімге 7 жылға сайланады. Бұл мерзім кең ауқымда реформа жасауға әбден жеткілікті уақыт болып саналады. Алдағы 2023 жылдың 19 наурызында Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлануы күн тәртібінде тұр. Бұдан кейін іле-шала жаңадан Үкімет құрамы жасақталмақ. Алда зор жауапкершілік пен сындарлы кезеңдер де болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары ендігі кезекте енді Әділетті Қазақстан қоғамында толықтай жүзеге асырылып, халқымыз дамудың жаңа белесіне жол тартты.

Қазақстан халқы аз ғана уақыттың ішінде Президент реформаларының тарихи маңызы мен халық үшін жасалып жатқан игілікті істерінің оң нәтижелерін көріп отыр. Әділеттілік принциптеріне негізделген «Жаңа Қазақстанды» құру оңай емес. Бұған Махамбетше жырласақ «Кәтепті қара нардай ерлердің» ісі керек екені белгілі. Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі мен мемлекеттіліктің басты мызғымас ұстыны болуға тиіс екенін атап өткен болатын. Осы орайда мінсіз қоғам мен әділетті мемлекет құру ісі – бүгінгі күнде «Жаңа Қазақстанда» іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан ұлттық идеяға айналды. Ел бірлігін нығайтып, әртүрлі пікірдегі қоғамдық ойды біріктіретін қуатты идеялық бастамаларды бір арнаға бағыттай отырып, ұлттық идеологияның ұстыны ретінде азаматтардың мемлекетшілдік қасиетін қалыптастыру – Әділетті Қазақстанды құрудың нақты нәтижесі болмақ. Мемлекет басшысы саяси реформалардың тұтас кешенді бағдарламаларын жариялай отырып, ұлттық мүдде мен мемлекетшілдік қасиетке адал екенін көрсетті. Жаңа Қазақстанның идеологиялық іргетасы – демократиялық құндылықтар мен ашықтыққа негізделген мінсіз әділетті қоғам екеніне барлығымыздың көзіміз жетіп отыр.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының аға оқытушысы.

Реформаның тарихи маңызы

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Мнение о необходимости строительства АЭС

Уважаемые друзья/читатели! Я бы хотел высказать свое мнение по поводу необходимости строительства АЭС в Республике …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *