Суббота, 17.05.2025
oplus_0

«Еңбек адамы – ел мақтанышы»: Жыр додасы жас айтыскерлерді біріктірді

Апта басы рухани байлыққа, ұлттық өнерге толы болды. Жұмысшы мамандықтарының жылына орай қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Еңбек адамы – ел мақтанышы» екінші облыстық оқушылар арасындағы айтыс шымылдығын түрді.

Қазіргі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жұмысшы мамандықтарының маңызы артуда.  Осы ретте ақындар темір ұстасы, дәнекерлеуші, құрылысшы, жүргізуші, кенші сынды түрлі жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын дәріптеді. Жырларынан еңбектің қасиеті, адалдық пен төзімділікке негізделген жұмысшы өмірінің шынайы бейнесі көрініс тапты. Қадір-қасиеті ұлықталып, еңбектің еш кетпейтіні, маңдай тердің әр тамшысы құрметке лайық екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Қазақтың рухани өмірінде айтыс — ұлттың үнін, елдің мұңын, халықтың арман-тілегін жеткізетін ұлы өнер. Осы өнердің аясында жас ақындар жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың өмірі мен еңбек жолын ұлықтады. Шынкең — қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі ғана емес, еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастаған, өмірінің әр кезеңінде ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен тұлға. Ол шахтада тер төгіп, кейіннен ақын ретінде сөз майданында шеберлігімен танылды. Оның шығармашылығында еңбек адамының бейнесі, жұмысшы тіршілігінің тынысы кеңінен көрініс тапты. Жас ақындар Шынкеңнің өмір жолын жырға қосып, оның еңбекке деген құрметін, туған еліне адалдығын өлеңмен өрнектеді. Әрбір ақынның сөзінде жұмысшы мамандығына деген мақтаныш пен оның бейнесіне деген құрмет анық байқалды. Бұл — жастардың ұлттық құндылықтарға, еңбек адамына бас иетінін білдіреді. Олар қарапайым еңбек адамын батырлармен теңестіріп, әрбір маңдай термен келген табыстың артында үлкен жауапкершілік пен кәсібилік жатқанын поэтикалық тілмен жеткізді. Айтыскерлер көрерменді жүрекке жетер сөздің отымен жылытты. Тақырыпқа терең бойлап, өз ойларын ұтқыр, тапқыр сөзбен жеткізе білді. Осылайша ұлттық өнердің өшпес рухын тағы бір дәлелдеді.

Облысымыздың әр түкпірінен келген дарынды оқушылардың сөз сайысына тыңғылықты дайындықпен келгені байқалды. Айтыс алаңында қоскөлдік ақындар шеберлік танытып, нағыз сөз тартысын көрсетті. Айтыстың шымылдығын Қоскөлдің адуынды ақыны Сезім Жұман мен жезқазғандық Жұбан Камалбек ашты. Жұбан Камалбек өткір уәждерімен тарихтан тереңнен тартып, ел мен жер тақырыбын қозғай отырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның салмақты сөздері жүрекке жетіп, көпшілікті ерекше рухтандырды. Ал, қоскөлдік Ибрахим Шүкір болса, салмақты ой мен сатираға құрылған шабуылымен дараланды. Тапқырлығымен танылған бала ақын әлеуметтік мәселелерді ұтымды өлеңмен өрді. Оның сөз саптауы, тілге жеңіл, ұғымға терең шумақтары тәнті етті. Қара баланың суырыпсалмалық шеберлігі мен тапқырлығы таңғалдырды. Терең ойы, ұлттық рухты ұлықтауы нағыз болашақ жыр жүйрігінің қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Қарсыласын қадірлей отырып, өткір әзілмен жауап қатуы, айтыс өнерінің шынайы болмысын жеткізе білді. Алдағы уақытта қара баладан үлкен сахналарда жарқыраған жырлар күтеміз.

Тағы бір қоскөлдік ақын Гүлзат Шүкірдің нәзік жүрекпен тербеліп шыққан өткір шумақтары көрерменге жаңа леп сыйлады. Гүлзат ана тілі, ұлт рухы мен ұрпақ тәрбиесі сынды мәңгілік тақырыптарды қозғап, қарсыласына лайықты тойтарыс берді.

Қазылар алқасы қатысушылардың суырыпсалмалық қабілетін, тіл байлығын, тақырыпты ашудағы шеберлігін жоғары бағалады. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ардагер-журналист Майра Смағұлқызы,  облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта білім беру және тәрбие бөлімінің бас маманы Қарлығаш Мүшенова, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медет Мұқажанов кіл жүйріктің ішінен оза шапқандарды анықтап, әділ бағасын берді.

Қос айналымда шашасына шаң жақтырмай, өзінің өткірлігімен мәреге жеткен қоскөлдік Ибраһим Шүкір «Көрермендер көзайымы» номинациясын еншілеп (30 мың теңге), Майра Смағұлқызы өз атынан он мың теңге ұстатып жас ақынның мерейін одан әрі тасытты. Сәтбаевтық Ерсай Серік пен жаңаарқалық Айбат Қапбас үшінші (45 мың теңге), сәтбаевтық Мақпал Көшербай екінші (70 мың теңге), жезқазғандық Жұбан Камалбек бірінші (100 мың теңге) орынды иеленді. Бас жүлдені қоскөлдік Гүлзат Шүкір (150 мың теңге) жеңіп алды. Қалған қатысушыларға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы (20 мың теңге) табыс етілді.

Сөз додасы жас ақындардың шығармашылық әлеуетін танытты, көрерменнің рухын көтеріп, елдік мүддені жырға арқау еткен салмақты сахналық өнермен өрілді.

 

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Ұлытау ұлы рухпен алға озды: «Ұлы дала жорығы-2025» мәресіне жетті

14 мамыр күні халықаралық «Ұлы дала жорығы-2025» марафон-бәйгесі мәресіне жетті. Алматы облысы Іле ауданы Ақши …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *