Суббота, 17.05.2025
oplus_0

Дін мен дәстүрді үйлестірген

Қаламызда жастарды ұлттық құндылықтарға баулу, салт-дәстүрлерге құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында «Қазақ халқының ұмытылған ұлттық дәстүрлері» атты танымдық байқау ұйымдастырылды. Шараның басты ұйымдастырушысы — қалалық дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы.

Байқаудың басты мақсаты — сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының рухани және мәдени мұраларын жаңғырту, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді қайта тірілтіп, жастар арасында насихаттау. Сонымен қатар, ұлттық бірегейлікті сақтау, дәстүр мен дінді шатастырмауға бағытталған дұрыс түсінік қалыптастыру да байқаудың маңызды міндеттерінің бірі болды.

Іс-шараға мектеп оқушылары қатысып, қазақ халқының ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері жайлы зерттеу жасап, оны түрлі форматта: бейнеролик, шығарма, сахналық көрініс, сурет немесе қолөнер туындысы түрінде таныстырды.

Байқау барысында жастар «бесікке салу», «қалжа беру», «байғазы», «бастаңғы», «тоқымқағар», «жылу жинау», «ертегі айту дәстүрі», «емдік салттар», «жар-жар» мен «сыңсу» сияқты сирек айтылатын дәстүрлерді жаңғыртып, оларды бүгінгі күнмен байланыстырып көрсетті. .

Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық ұстанымына, тарихи дәлдігіне, жаңаша ұсыну тәсіліне, көркемдік және танымдық құндылығына ерекше мән берді. Әсіресе, сахналық қойылымдар мен деректі форматта дайындалған бейнематериалдар көрермендердің де, сарапшылардың да жоғары бағасына ие болды.

Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушысы Жұлдыз Әлмен «Үздік мақала», №16 мектептің оқушысы Ақбаян Балтабай «Үздік бейнеролик», №7 мектеп оқушысы Нұрперзент Сағидоллаұлы «Үздік презентация», №3 мектеп оқушысы Айзере Серік «Үздік қолөнер туындысы» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйақы табыс етілді. №9 орта мектеп командасы «Жеңіске деген жігерлілігі үшін» аталымын еншіледі. Үздік жұмыстар алдағы уақытта қала көлемінде өтетін басқа да мәдени іс-шараларда таныстырылатын болады.

Шара соңында орталық директоры Манат  Айтбаев бұл байқаудың жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының өкілдері алдағы уақытта осындай форматтағы танымдық, мәдени, әрі тәрбиелік іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Осындай байқаулар ұлттық кодты сақтауға, дін мен дәстүрді үйлесімді ұғынуға, жастарды туған елінің рухани байлығын қадірлеуге баулиды. Бұл — өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір.

 

О Редактор Шарайна

Проверьте Также

Ұлытау ұлы рухпен алға озды: «Ұлы дала жорығы-2025» мәресіне жетті

14 мамыр күні халықаралық «Ұлы дала жорығы-2025» марафон-бәйгесі мәресіне жетті. Алматы облысы Іле ауданы Ақши …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *